Главная / Математика / "Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі" тәрбие сағаты

"Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі" тәрбие сағаты

Н.Е.Ибатова

Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі

Құзіреттілікке жеткізетін сабақтың мақсат-міндеттері:

ақпараттық – қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық т.б жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білу;

коммуникативтік – оқушылардың ойлау, есте сақтау, танымдық қасиеттерін дамыту;

проблеманы шешу – қазақ халқының әдет-ғұрпы арқылы қыз бала тәрбиесіне тән қасиеттерді бойына сіңіру.

Көрнекілігі: «Қыз елдің көркі» газеті, суреттер көрмесі, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер.Проектор

Барысы.

Топ жетекшісі: Қазақ халқы «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындарымыз қызға көптеген керемет суреттемелер берген.Сондай-ақ қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін, сүйкімділігін, жанының нәзіктігін, өнер, білімге бейім тұратынын жоғары бағалап, оның ол қасиеттерін бейнелі сөздер арқылы ерекше көрсеткен. Мысалы: «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей», «Қыз –елдің көркі, гүл жердің көркі», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Қызы бар үйдің қызығы бар» т.б.

1-жүргізуші: Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер туған айдай жүзі жарқын.

Үлкеннің алдын кесіп сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білген ізгі салтын.

2-жүргізуші: Қыз бала –бойжеткен, келін, ана,

Бәрі де дер кезінде дара тұлға.

Ұрпағыңның ойласаң болашағын,

Қызды сыйла, жамағат, қызды сыйла.

1-жүргізуші: Біз қыз баланың бойынан нені көргіміз келеді: нәзіктік пен сұлулықты, ұяңдық пен инабаттылықты, сыпайылықты, әдемілік пен ұялшақтықты, өнерлік пен іскерлікті, шеберлік пен ақ ниеттілікті, ақкөңіл қасиеттерді.

2-жүргізуші: Қазақ халқында «Қыз – елдің көркі, гүл жердің көркі» деген мақал бар. Мақалдың мәні қыз баланың нәзіктігін, сүйкімділігін, салтқа беріктігін көрсетеді.

1-жүргізуші: Қазақта ұл балаға ауыр жұмыстарды, яғни сырттағы жұмыстарды жүктеген.

2-жүргізуші: Ал қыз балаға төсек жинау, үй жинау, ас әзірлеу, шай құю – жалпы үйдің ішіндегі жұмыстарды жүктеген.

1-жүргізуші: Осы істердің барлығын қыз балаға ерте жастан үйретіп отырған. Олай болса қыздардың өнерін тамашалайық.( Слайд)

Ас әзірлеу, шай құю, тоқыма тоқу, ою-өрнек, төсек жинау.

Ән: «Қазақ қызы».

2-жүргізуші: Қазақ отбасында қыз баланы қалай тәрбиелеген екен, соған тоқталайық.

1-оқушы: Қазақ отбасының маңызды қызметтерінің бірі –тәрбие. Ата-ананың міндеті –жас ұрпаққа аға ұрпақтың әдет-ғұрпын, адамшылық, адамгершілік, инабаттылық, сыйлау қасиеттерін сіңіру. Әсіресе қазақ отбасында басқа ұлттарға қарағанда қыз бала тәрбиесі ерекше орын алады. Қазақ халқы қыз баланы ардақтап ұстаған, оның көңілін қалдырмаған, оған қарсы сөйлемеген, оны мәпелеп өсірген және де қатал ұстап, оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп қараған.

2-оқушы: Қыз бала тәрбиесінде ананың орны ерекше. Ана қыз бала тәрбиесінде әкеге қарағанда ерекше қызмет етеді. Қыз бала анаға бір табан жақын ғой. Басқа ұлтқа қарағанда біздің қазақ келіншектерінің бойында ізеттілік, ар – ұят, ұялшақтық, үлкенге қызмет көрсету, үлкеннің алдын кесе – көлденең кесіп өтпеу, жаны ашу қасиеттері басымырақ сияқты. Осындай қыз балаға тән қасиеттерді қызының бойына сіңіретін ең бірінші – ол анасы. Қыз баланы жастайынан үй сыпыруды, яғни үйді таза ұстауға, төсек жинауға, ас пісіру, шай құю, кесте тігу, т.б. жанұяның үй жұмысын үйретуді анасы мен әжесі өз міндеттеріне алған.

1- жүргізуші: Қыз баланы келешек ана, бала тәрбиешісі, жанұя ұйтқысы деп түсінген халқымыз оның еңбексүйгіш, өнерлі болып өсуімен қатар көрікті болып өсуіне де ерекше көңіл бөлген.

3-оқушы: Әсіресе қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөліп, «Аттың көркі – жалы, қыздың көркі - шашы» деп қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Ол үшін оның шашын айранмен, қынамен жудырған. Шаштарын «қос бұрым» немесе «бестемше» етіп өру бойжеткен қыздың көркі болған. Қазақ халқының жырларында қазақ қыздарының шаштарын керемет суреттеген: «Шашының ұзындығы ізін басқан», «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты», «Қаз омырау кеудеге, құлап түссе қос бұрым». Ал ақын Абай атамыз қазақ қыздарының сұлулығын былай суреттепті:

Білектей арқасында өрген бұрым

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін.

Халық арасында бойжеткен қызды ажарына қарай жетіге бөлген:

Әдемі қыз баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы – жаманның жөнін біліп тұратын

Көрікті қыз істі үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, бірден көзге түсе қоймайтын

Шырайлы қыз көз жанары өткір, бет - әлпеті бал – бұл жанған, тәні шымыр.

Сұлу қыз сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп – күймейтін, келбетті.

Ару қыз бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы

Ажарлы қыз дене бітімі жинақы, тығыршық, сөзі салмақты, ісі тиянақты

Әсем қыз жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік

1-жүргізуші: Шашбау, жолпы, белбеу, бұрым дегеніміз не? Мен осыны ойлап түп мағынасына жете алар емеспін.Маған көмектесе аласың ба?

2-жүргізуші:Көмектесейін, екеуміз қазір Атай мен Әжейдің үйіндегі көріністі тамашалайық.

Көрініс.

Ата: Қыздар, «Қазақта қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар.

Түске дейін ұйықтауға тыйым.

Бұраңдап қылымсуға тыйым

Тамақты обырлана асауға тыйым

Ұрлық – қарлыққа тыйым

Салт – дәстүрден аттауға тыйым.

Ұрыс – керіске тыйым.

Қыздар осы тыйым сөздерді әр уақытта естен шығармаңдар.

Әже: Әй, қыздарым, қазақ халқы бойжеткен қыздың киім киісіне де ерекше көңіл бөлген. Мысалы: «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі - жапырақ» деп қыз балаларға қынама қамзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрік, қос етек көйлек кигізген. Халқымыз қыз баланың көркіне оның ақыл – ойы мен мінез – құлқы сай болуын қалаған. «Қызым үйде, қылығы түзде», «Қыз ақылы шешеден» т.б. мақал – мәтелдер соған арналған.

4-оқушы:Қыз сұлу көрінеді қылығымен

Жарыса төгілген қос бұрымымен

Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы –

Қыз сұлу көрінеді білімімен

Қыз сұлу көрінеді шашыменен,

Ай қабақ, қиғаш қара қасымен

Қыз сұлу көрінеді толған айдай

Он бес пен он сегізде жасыменен

5-оқушы:Қыз сұлу көрінеді өрнегімен

Тізілтіп сөз маржанын тергенімен

Майысып бұратылып, майда басып,

Жаныңа наз қылықпен келгенімен

Дарытқан бар асылды өз елінен

Қыз сұлу көрінеді өрнегімен

Құлпырып қазағымның арулары

Өткендей сұлулықтың елегінен

1-жүргізуші: Ал қазір отбасында қыз бала тәрбиесі қандай?

2-жүргізуші: Ия, кейбір отбасында бұл тәрбие өз мәнін жоғалтқан. Қазіргі қыздардың бойынан қазақ ұлтына жат қылықтар көптеп кездеседі. Мысалға айтатын болсақ: темекі тарту, жеңіл жүрістері, көпшілік ортада өзін - өзі ұстау этикасын білмеу. Міне осындай жан түршігерлік қылықтардың біздің қазақтың қыздарының бойынан табылуы өте өкінішті – ақ.

1- жүргізуші: Қыз баланың жақсы болып өсуіне оның өскен ортасының, бірге жүрген құрбы – құрдастарының, дос – жарандарының да әсері күшті. Қазақтың «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздері сол өмір тәжірибесінен алынған. Сонымен қазіргі заманғы қыздардың бойынан ақылдылық, инабаттылық, сымбаттылық, көріктілік және де іскерлік қасиеттері де табылуға тиіс. Халық «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген. Ұлы Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата – ананың қызынан қапы қалма» деген екен.

2- жүргізуші: Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу қазіргі отбасындағы үлкен міндет. Сонымен қазақ отбасында тәрбиенің негізі – ұлттық салт – дәстүрлер.

Топ жетекшісі: Тәрбие отбасынан басталады. Қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесі оң жолға қойылуы керек. Келешекте ұлттық салт – дәстүрлермен тәрбиеленген қыздар ел қорғайтын ұлтжанды жас ұрпақты тәрбиелей алатынына біз сенімдіміз.

"Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі" тәрбие сағаты
  • Математика
Описание:

Қазақ халқы «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындарымыз қызға көптеген керемет суреттемелер берген.Сондай-ақ қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін, сүйкімділігін, жанының нәзіктігін, өнер, білімге бейім тұратынын жоғары бағалап, оның ол қасиеттерін бейнелі сөздер арқылы ерекше көрсеткен. Мысалы: «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей», «Қыз –елдің көркі, гүл жердің көркі», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Қызы бар үйдің қызығы бар» т.б.

Автор Ибатова Насипканым Ермековна
Дата добавления 12.01.2015
Раздел Математика
Подраздел Другое
Просмотров 8051
Номер материала 53845
Скачать свидетельство о публикации

Оставьте свой комментарий:

Введите символы, которые изображены на картинке:

Получить новый код
* Обязательные для заполнения.


Комментарии:

↓ Показать еще коментарии ↓