Білімдіден шыққан сӨЗ
Мақсаты: бабалардан қалған ұлағатты, ғибрат боларлық
сөздерді балаларға ұғындыру, сол сөздерден өнеге алуға баулу.
Көрнекілігі: тақтаға мақал-мәтелдер жазылған плакаттар ілу. Жоспары:
1. Ата тәлімі.
2. Сен білесің бе?
3. Шешендік сөздер.
Мұғалім.
Ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлық,
тамаша тәлім-тәрбие берерлік өсиет сөздер бар. Бүгінгі тандағы, жас
ұрпақ, сіздердің міндеттеріңіз осы қасиетті сөздермен танысып, оның
мән-мағынасын жете ұғынатын дәрежеге жету болып табылады. Тәрбие сағатымыз үш
бөлімнен тұрады.
I
бөлімді қарт ата мен жас жігіт арасында болған әңгіме түрінде
өткіземіз. Қарияның сауалына жігіттің жауап беруі және қарияның ол пікірді
толықтырып, өз ойын айтып беруін көрсетеміз.
1-оқушы.
- Арман деген не? - депті қария.
- Ата, арман дегеніміз — ақыл-ойдың шындығы.
Құс ұя салсам дейді, қыз көрікті болсам дейді, жігіттер бақытты болсам
дейді, қарт жүзге жетсем дейді, ұстаз шәкіртіне үлгі болсам дейді.
- Арманына адаспаған жетеді, адасқан жете алмайды.
Арманына ақылды жетеді, ақымақ бүл өмірден түңіліп өтеді, — депті
қарт.
2-оқушы.
- Бақытты болу оңай
ма?-депті қария.
- Ата, жары жақсы
болса, бақыты жанында, -депті жігіт.
-Жоқ, балам, ақыл басында болса, бақыт жанында болады.
Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын
бақытты болам десең, ақылдылықты үйрен, не ақылды қызға үйлен.
3-оқушы.
- Дос табу оңай
ма?- депті қария.
- Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа
қиын.
- Жоқ, балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай.
Ақылдының досы аз, қасы көп, жақсылығы жоқ. Есінде болсын, досың ақылды болса,
өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың.
4-оқушы.
- Өмірде не жетім? - депті
қария.
- Ата-анасы жоқ бала жетім,
- депті жігіт.
- Дұрыс, балам. Өмірде ата-анасы жоқ болса, бала тірі жітім. Өмірде 7 жетім
бар. Халқына сенімсіз болса—хан жетім, кеңесшісі ақылсыз болса — әкім жетім,
суы жоқ құдық—жетім, ұлы жоқ әке—жетім, қызы жетесіз болса—шеше жетім,
досы жоқ жігіт—жетім, шәкіртсіз ұстаз—жетім. Өмірде жетім болсаң есірме. Ақылды
жетім кеңесуге құмар, ақылсыз жетім егесуге құмар. Егескен ел болмайды.
5-оқушы.
- Үйде кім, елде кім
қадірлі?
- Ата, үйде ана, елде
бастық қадірлі, - депті жігіт.
- Жоқ, балам, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім,
ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала-үйдің патшасы, балалы
үй-базар, баласыз үй - мазар, - депті қария.
6-оқушы.
- Елді кім, үйді кім бүлдіреді?
- Ата, елді өсекші
бүлдіреді, үйді бала бүлдіреді,- депті жігіт.
- Жоқ, балам, елді өсекші бүлдіргенмен, үйді ақылсыз бала бүлдірмейді.
Есіңде болсын: ақылсыз басшы елді бүлдіреді, ақылсыз әйел үйді бүлдіреді.
7-оқушы.
- Үйдей алтын қазық
кім?
- Ата— үйдей алтын
қазық, - депті жігіт.
- Жоқ, үйдей алтын қазық—ана; Ана ақылды болса,_бала дана болады. Ана тәрбиесі —қызға, әке
тәрбиесі ұлға - үлгі. Ана ақылың, әке қамқоршың, ағаң қорғаушың, інің сүйенішің,
қарындасың қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені
сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы
сөзінде.
8-оқушы.
- Достықты нығайтатын
не? -депті қария.
- Ата, достық пең
жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады,-
депті жігіт.
- Дұрыс, балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты дамытады. Есіңде
болсын, шын достық ақылдыға тән. Өмірде дос болуды ойласаң "Сәлеметсіз бе!
Кешіріңіз, рахмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз, рұқсат па" деген сөзді
шын көңілмен айтуды үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі. Жөн сөз көңілді
өсіреді, жөнсіз сөз үмітіңді өшіреді.
Мұғалім.
- Міне, балалар, көрдіңдер ме, дос табу, елде кімнің қадірлі, шындықты
бұзатын, достықты нығайтатын не екенімен таныстық және осындай ғибрат алатын
сөздерді есте сақтау керегін ұмытпаңдар.
II бөлім. "Сен білесің
бе?"
Бұл бөлімде ненің жақсы, ненің жаман екендігімен, қасиетті
ұғымдармен танысуымыз керек. Бұл бөлім сайыс түрінде өтеді.
Мұғалім.
Жерден ауыр не бар? Оттан ыстық не бар? Судан терең не бар?
Көктен биік не бар?
Оқушы.
Жерден ауыр дегенім -
ақыл, білім.
Судан терең дегенім -
оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім - адамның өмірі.
Көктен биік дегенім - тәкәппардың көңілі.
Мұғалім.
Дүниеде не жетім?
Оқушы.
Жаңбыр жаумаса - жер жетім.
Мұғалім. Дүниеде ең жақының кім?
Оқушы. Тату болса - ағайын жақын.
Ақылды
болса - апайың жақын.
Бауырмал
болса- інің жақын.
Инабатты болса - келінің жақын.
Мұғалім. Дүниеде не қымбат?
Оқушы. Алтын ұяң - Отан қымбат,
Құт-береке
атаң қымбат.
Мейірімді
апаң қымбат,
Асқар
тауың әкең қымбат.
Бәрінен де ұят пенен ар қымбат.
Мұғалім. Сайысымызды мақал-мәтел айту түрінде
жалғастырамыз. Мақалды мен бастайын, сендер жалғастырып аяқтайсындар.
1. Таппасаң сөздің жүйесін... (Отына өзің күйесің)
2. Ақылдының сөзі қысқа... (Көпке болар нұсқа)
3. Шешен сөз бастар... (Батыр қол бастар)
4. Қылыш жарасы бітеді... (Сөз жарасы бітпейді)
5. Көп сөз—күміс... (Аз сөз-алтын)
6. Жақсы жігіт аспандағы жұлдыз...
7. Әке көрген оқ жонар...
(Шеше көрген тон пішер)
8. Тіл тас жарады...
(Tac жармаса бас жарады)
9. Көп сөйлеген езбе болады... (Көп қыдырған кезбе болады)
10. Жақсы байқап сөйлейді... (Жаман шайқап сөйлейді)
11. Жақсы сөйлеген ас жер... (Жаман сөйлеген тас жер)
Осыдан соң сайыстың қорытындысы шығарылады. Міне, балалар, сендер
тәлім-тәрбие аларлық "Атадан қалған асыл сөздер" өте көп екен.
Сондықтан да үлкендердің әр сөзіне зер сала қарап, әр сөзінің астарына үңіле
білу керек. Әсіресе үйдегі ата-ананың, қария адамдардың ақылын, өсиетін есте
сақтаңдар.
III бөлім.
Қазақта "Сөздің көркі - мақал" деген ұғым бар. Мақал-мәтелдердің
қай-қайсысын алсақ та, замана қиындықтарын танытарлық құдірет бар. Мақал-мәтел,
ақыл-нақыл аталы сөздердің пайда болу тарихын, қай кезде тұңғыш рет кім айтқанын
білу қиын. Дегенмен кейбір мақал-мәтелдердің шығу тарихы жайлы аңыздар аз емес.
Демек мақал-мәтел, ақыл-нақыл, аталы сөздердің адам баласы өміріне араласпайтын саласы
жоқ дегеніміз дұрыс -ау.
Мұғалім. Аталар сөзімен өсіп өнген,
Бабалар
бұлағынан нәр алған,
Даналар
өсиетінен тәрбие алған,
Ұлылар
тәрбиесіне тағзым еткен
Дана халықтың ұрпағымыз біз!
Бүгінгі тәрбие сағатымызда "Ер батамен көгерер" дегендей
ақсақалдың ақ батасын алайық. (Бата беріледі)
Ата сөзі дарып мол,
Ақ уызға жарып бол.
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол.
Абайға ұқсап дана бол,
Құрманғазыдай күйлі бол.
Мұхтарға ұқсап терең бол,
Қанышқа ұқсап кемел бол.
Бағың жанып әрдайым,
Жақсыларға жақын бол.
Бәрінен де, балалар,
Аман бол, дәйім, аман бол!
Әумин!
Оставьте свой комментарий
Авторизуйтесь, чтобы задавать вопросы.