Главная / Начальные классы / Тәрбие сағаты "Бастауышым -балбұлағым"

Тәрбие сағаты "Бастауышым -балбұлағым"

«Бастауышым - балбұлағым»


Жүргізуші : Қош келдіңіздер, құрметті ата – аналар, қымбатты ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз білімнің негізі болатын бастауышта оқып, білім алып, қанаттарын қатайтып бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
Жүргізуші :Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда.
Мал озбас біле білсең білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда – деп Міржақып ақын айтпақшы, тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған «Бастауышым - балбұлағым» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!
Жүргізуші :Бесіктегі баланың,
Күлгенін көрген - бір мұрат
Алдына түсіп ананың
Жүргенін көрген - бір мұрат – дегендей,
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық
4 - А сыныбын ортамызға!
Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері вальспен ортаға келеді

Мұғалім: Мен үшін бәрің бірдей қарақтарым,
Орындалсын арман-тілек, талаптарың.
Қабылдап алғанымда 21 едің,
21-іңді жекелеп парақтадым.

Түлектердің бақыт гүлі ашылсын,

Ақылына әлем халқы бас ұрсын.

Деген асыл ниетпенен, ағайын,

Ақ жолына той шашуы шашылсын!

Би «Шашу» шашу шашылады

1-оқушы:Бала шаққа болашақты жырлатып,

Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты .

Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,

Армысыздар , ұстаздарым қымбатты!

2-оқушы: Армысыздар әжелер мен аналар

Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.

Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,

Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар

3-оқушы: Армысыздар өр тұлғалы әкелер!

Қыран құстай балапанын мәпелер.

Бүгін міне бастауышпен қоштасады,

Азамат боп , кешегі сәби- еркелер!

4-оқушы: Армысың сен , алтын ұя мектебім

Саған айтар жыр- алғысым көп менің

Жүректерге жаққан білім шырағын ,

Мектебіме арналады бұл әнім!

Ән: Мектебім.

5-оқушы:

Мектебім – білім берер алтын ұям,

Ер жетіп сенде сөзім артты санам.

Баулыған 4 жыл бойы ата-анамдай,

Әрқашан қасиетті атың маған.

Арада өтсе дағы дүркіреп жыл ,

Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.

Өзіңе борыштармын өмір бойы

Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.


6-оқушы: Мектеп деген білім кені жыр кені

Мектеп деген ғылымның ең үлкені.

Мектеп деген тәрбиеші адамға,

Мектеп деген даналардың мекені.

7 оқушы:Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,

Алтын ұя, ақ босаға киелі.

Қанат қаққан білім алып өзіңнен,

Күллі шәкірт саған басын иеді.

 8 оқушы:Мектебім , алтын ұям , нұрың жарық,

Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.

Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,

Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.

  9 оқушы: Мектеп – үйім , ұстазым менің – ата- анам,

Сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам.

Саяң ыстық , сен мәуелі бәйтерек.

Тамырланып , сан тарапқа тараған.

 10 оқушы: Мектебім- сүйікті мектебім,

Бауырыңда түлеймін , көктеймін.

Сен – бұлақ, мен- қайың бүр ашқан,

Өзіңнен нәр алып көктедім.

Ән : «Үйретеді мектепте»

Жүргізуші: «Мектеп – білім»  кемесін

Басқарып бүгін  келесіз.

Ата-ана, ұстаз, балаға

Ақ  жарқын  сәлем  етесіз.

Шақырып едік, келдіңіз,

Сөз кезегін  береміз.- дей келе құттықтау сөз мектеп директоры Муратова Улмекен Сағынқызына беріледі.

Би «Барби»


11-оқушы:Бар кітапқа бас болған,

Әліппе біздің данамыз.

Әліппені құрметтеп,

Басқа орынға қоямыз.

12-оқушы:Ойлантып, есеп шығартып,

Төрт таңбаны білдірген.

Ғалымдардың патшасы,

Математика данамыз.

13-оқушы:Жер байлығы көп екен,

Меңгеруді қалайды.

Осының бәрін білдірген,

Дүниетану сабағы.

14-оқушы:Адамдыққа үйреткен,

Жамандықтан жиренткен,

Тілімізді ширатқан,

Ана тілі данамыз.


15-оқушы:Тез үйрендік әділ мен адалдықты,

Жирендік, ажыраттық жамандықты,

Жалғастырар ақ жолын сенің салған,

Бар деп ұққан әрқашан балаң мықты.

Ән: «Ұстазым».

Жүргізуші: Ажырамай мектептен бір елі сіз,
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз берелік құрметпен өзіңізге.
Шәкірттерге арналсын тілегіңіз – деп, келесі құттықтау сөз кезегі тәрбие ісінің меңгерушісі Сарсенғалиева Гүлшат Сембаевнаға беріледі.

Жүргізуші: Иә осыдан 4 жыл бұрын , 6 жастағы сәби -балалар сөмкелерін зорға көтеріп,мектеп табалдырығын жасқана аттаған еді.

Жүргізуші : Енді міне  сауаттарын ашып, білім негізін қалаған бастауыш мектеппен қоштасып, орта буын қатарына қосылғалы тұр.

Жүргізуші: Иә, міне сағымдай өте шыққан  4жыл ішінде сендерді ұстаз ана сауатты, тәрбиелі, өнегелі азамат етіп шығарды.

 Жүргізуші : Ендеше бастауыш сыныбы туралы неге айтпасқа !


Зарина:Білім деген қауыздан гүл ашылған
Оған керек таусылмайтын көп шыдам.
Бар білімнің, бар ілімнің атасы
Бастау алар бастауыш сатысынан
Альбина:Енді міне, сағымдай боп өте шықты,
4 жыл уақыт аз ба екен, кім біліпті.
Ұстаз – ана жасады мына бізден,
Ел таңғалар азамат бір-бір мықты.
Айлен:Білім бар білім десең баста піскен
Қолда оқулық бәрі де тасқа түскен.
4 жыл бойы саялы мекен еткен
Қоштасайық енді біз бастауышпен.
Шұғыла:Бастауыш бұнда өткен бала шағың,
Соқпай кетпес бұл жерге қаласа кім?
Еліміздің әу бастан–ақ дайындауда
Саналы азаматын, болашағын.

Рахат:Қағылды міне, әуенге бөлеп,
Қағылды соңғы қоңырау.
Қалайша 4жыл тез өтіп кеткен
Шындық па осы, япыр-ау !

Мирас: Шаттанамын мен бүгін шаттанамын,

Ғылым сырын түсіндім, мақтанамын.

Осы сырды үйреткен бастауышым,

Түстей болып, міне, бүгін артта қалдың.

Жазира: Қош бол, құтты Бастауыш!

Алғыстарым көп менің.

Ақыл білім тәрбиең,

Ой – санама еккенің.

Ән «Мектебім»

Жүргізуші: Тек жүректен арналар сөзіміз де,

Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.

Сөз берейік құрметпен өзіңізге

Шәкірттерге арналсын тілегіңіз. – дей келе оқу ісінің меңгерушісі Ислямгалиева Алия Аскаровнаға сөз беріледі.

Жүргізуші:- « Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға»,-деп Абай атамыз айтқандай , алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып , білім нәрімен сусындатқан, мектептегі анамыз- ұстаз екені бәрімізге мәлім. 

 Жүргізуші:- Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға , жазуға үйреткен  мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім – мектептің жүрегі» – деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған.

 Жүргізуші:- Ғылым иесі  ғалым да , ел қорғаған батыр да , тілінен бал тамған ақын да , тегеуріні темір балқытқан  жұмысшы да, көкті шарлаған ғарышкер де, бәрі- бәрі ұстаздан білім  мен тәрбие алған.

Жүргізуші:-Иә ,бұл туралы батыр Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді»деген екен. Олай болса келесі жырларымызды ұстаздарға арналады!

Әлбина:Мектепті ойлап өткен айы, жыл – күні,

Сондықтан да біздің мектеп үлгілі.

Ұлмекен Сағынқызы - басшымыз

Тәртіп пен мәдениеттің символы.

Айлен:Үйреткен сөз өнері қыр сырларын,

Гүлденткен үлес қосып бала бағын,

Гүлшат Сембайқызына арналар шексіз алғыс,

Жүріңіз шәкірттерге беріп дәріс.

Альбина:Өзінтануды үйреткен

Фариза Абатқызы ақылшым.

Рахмет ұстазыма дәріс берген

Үйреткен ғылымдарды өнермен.

Ақылбек:Музыка атты пәніміз,
Айтылар онда әніміз.
Нұрлы Жомартқызы ән үйретсе
Шырқатамыз бәріміз.
Мухамбет:Орыс тілі әр кезде керек ертең
Алия Асқарқызының көңілі өте көркем.
Ашық жарқын жанары қашан көрсең
Барлық жандар осындай болса екен.

Мерлан:Орыс тілін құрметтеп,

Сүйеміз шын жүректен.

Алтынай Базарбайқызы анамыздай,

Орыс тілін үйреткен .

Райымбек:Дене тәрбиесі сабақтың сабағы

Ашылса екен Дәулет Рапағатұлының қабағы.

Киініңдер! дегенін асыға күтеміз,

Арманымызға осылай жетеміз.

Еламан:Гүлбаршын Жанатқызы нағыз биші ұстазсыз,
Сондықтан да бір өзіңе ұқсадым
Шаршасаң да, сездірмей күлімдейсіз,
Шәкіртім би үйренсін, білсін дейсіз.
Аида:Жүрегімде Гүлбар Шамыратқызы берген сабағы,
Өн бойыма тамырланып тарады.
Ұмытпаймыз бізге үйреткен ағылшынын
Мәңгі бақи есімізде қалады.

Диас:Дәмді етіп дайындап

Ас мәзірін ұсынған

Қос Наташа, Сәуле, Толқын апайлар

Сіздерге алғыс жолданар.

Ләззат:Клара Орайқызы!

Түзеттіріп шалалықты,
Есейттіңіз балалықты.
Ойламайтын ертеңін
Ойсыз кейбір еркені
Түзеп жөнге салдыңыз
Ел алғысын алдыңыз.
Сабырыңыз құрыштай
Жөн айттыңыз ұрыспай.
Түзедіңіз тентекті
Тұрғызбай-ақ бұрышқа.
Сізден ізгі кішілікті,
Үйрендік біз кісілікті.
Бойлаттыңыз тереңіне ғылымның
Алғысымыз сізге біздің шексіз мың!


Әлбина:Есімде ұстаздың алғаш қарсы алғаны,

Айқара есік ашып тастағаны.

Бұл мереке думан болып осы маңда,

Жетелеп бір сыныпқа ап барғаны,

Енді міне, сағымдай өте шықты,

4 жыл уақыт аз ба екен кім біліпті.

Ұстаз ана жасады мына бізден

Ел танымас азамат бір-бір мықты.

Зарина:Ұстаздар сіздерді айтып мақтанамыз,
Бейнеңіз жүректерде сақталады.
Біз әлі биіктерден көрінеміз,
Үміт пен сеніміңіз ақталады.
Бәрі: Мың алғыс сізге біздей түлектерден,
Мың алғыс мына отты жүректерден
Оқушы: Ұсынғаны

Бәрі: адалдық,

Оқушы: Үйреткені

Бәрі: адамдық.

Оқушы: Бар ұстазға тілейміз,

Бәрі: Бақыт, табыс, амандық!

Ән. «Ұстазым, менің ұстазым» ( Ләззат пен Әлбина)

Жүргізуші: Сендердің жамандықтарыңды жасырып, жақсылықтарыңды асырып жүрген ата- аналарыңыз. Қатарларыңның теңі болып , тамақтарың тоқ, көйлектерің көк болып жүруі де  сол кісілердің арқасы.

 Алихан:Ыстық- ау кім- кімге де әке деген,

Суыққа шалындырмай, мәпелеген.

Өмірдің соқпағымен өрге тартып,

Алдымен адам бол деп жетелеген.

 Шұғыла:Әкешім тілеуімді тілеп жүрген,

Аумайсың жарығы мол ашық күннен.

Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін.

Ақылды балаларың оны білген.

 Қыздардың орындауында әке туралы ән

Жүргізуші: Әр ана өз баласын мейірімді болса екен, жақсы оқып,елге қалаулы азамат болса екен дейді. Халқымызда мынадай бір нақыл сөз бар: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да борышыңды өтей алмайсың» деген .Алайда ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!

  Жүргізуші: Иә, сендер болашақта саналы да, ақылды  бала болып өссеңдер ананың арманы орындалды деген осы емес пе?

Тыныштық :Дүниеге әкелген ,ол да сенің анашың,

Ақ сүт беріп өсірген , ол да сенің анашың.

Тіл алмасаң кешірген , ол да сенің анашың,

Мәпелеген баласын,аман болсын анашым!

 Ақылбек :Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,

Болармын күні ертең- ақ мақтанышың.

Білім алып, тер төгем , еңбек етем,

Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!

Айдос : Күн боп күліп балаға
Ой жіберген санаға.
Мың бір сәлем жолдаймыз,
Ардақты абзал анаға.
Ән: « Ақ мамам».

Мұғалім: Мектеп өміріне етене араласып, әрқашан да белсенділік танытқан ата - аналарымыз бар. Қоғамдық шараларда көрініп «Қамқор ата - ана» бола білген...

Үнемі баласының жағдайына хабардар боп жүрген, сабағын жіті қадағалап өзі де 4 «А» сыныбының оқушысындай боп кеткен ата - аналарымыз бар. Олардың да еңбегі зор. Баласының біліміне алаңдап. үнемі қолдау көрсетіп отырады.Әсіресе қазіргі қарқынды заманда осындай ата - аналар өте қажет - ақ
Бүгінгі озық заман талабына сай болып «Үлгілі ата - ана» атына сай ата-аналар да бар...

Ұлдар биі

Ләззат: Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым,
Азық болар, мәңгі талай жылдарға.
Батырхан:Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым – балбұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғадым.
Мерлан:Өзіңсің балауса көктемім,
Мен сенен нәр алдым, көктедім.
Өмірде алғашқы өткелім,

Рахмет саған, бастауыш мектебім.

Тыныштық:Ұмытпаймын жаныма,

Білім нәрін еккенің.

Қош қымбатты ұстазым,

Қош бастауыш мектебім!

Ән «Мектеп кеме, білім теңіз»

(оқушыларға диплом табыстау)

Жүргізуші: Болашағы бейне қызыл қыр гүлі,
Бүлдіршінді аяласын күн нұры.
Жаңа табыс жақсы күнге бастасын,
Бүгін соңғы қоңырау сыңғыры.
Бастауыш сатының соңғы қоңырауы соғылсын!

Ұстаз сөзі -: Қымбатты шәкірттерім, теңіздей терең білім ап болашаққа бет алған желкенді қайықтарыңыз ешқашан да тоқтамасын. Асау толқынды өмірдің небір қиындықтарын жеңе біліп, ұстаз берген білім мен тәрбиені қару етіп талмай жүзе берулеріңізге шын жүректен тілектеспін.
Өлкеміздің айналыңдар ертеңіне,

Сенімдердің айналыңдар серперіне.

Ұстаздық ақ жүректен  мен тілеймін,

Тек сәттілік – шәкірттерім ертеңіңе.

 Жүргізуші: Жақсы шәкірт азамат атанады,

Халқынан ата-анадан бата алады.

Ұрпағына айтсын деп ақ тілегін,

Ортаға шақырайық ата-ананы.

Сөз кезегі құрметті де қадірлі ата-аналарға беріледі.

Жүргізуші: Қоштасады бүгін бастауыш – мектебің,

Маңдайынан сүйіп өтер көктемің.

«Сәт сапар» -деп қол бұлғаймыз бәріміз,

Тілейміз біз армандарға жеткенін.

Жүргізуші: Осымен салтанатты бастауышпен қоштасу ертеңгілігі жабық деп жариялай отырып, жазғы демалысты жақсы өткізіп, келесі жаңа оқу жылында амандықпен жолыққанша сау болыңыздар.



Тәрбие сағаты "Бастауышым -балбұлағым"
  • Начальные классы
Описание:

Төртінші сынып оқушыларының бастауыш сатыны бітіріп, орта буынға көшулеріне байланысты ұйымдастырылып өткізілген тәрбие сағаты. Бұл тәрбие сағатында оқушылар төрт жыл бойы білім нәрімен сусындатқан алғашқы ұстаздарына және пән мұғалімдеріне алғыстарын білдіру мақсатында болды. Сонымен бірге оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Төрт жыл бой оқу озаты атанған және әртүрлі мектепшілік, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық сайыстарға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болған оқушылар марапатталды.

Автор Муратова Клара Ораевна
Дата добавления 19.11.2014
Раздел Начальные классы
Подраздел Конспекты
Просмотров 1197
Номер материала 3699
Скачать свидетельство о публикации

Оставьте свой комментарий:

Введите символы, которые изображены на картинке:

Получить новый код
* Обязательные для заполнения.


Комментарии:

↓ Показать еще коментарии ↓