Главная / Технология / Тарбие іс-шарасы

Тарбие іс-шарасы

Бабаңнан саған не қалған

Мақсаты:

1. Оқушыларды атадан қалған құнды мұраларды қастерлеуге, салт-дәстіріміз бен әдет-ғұрыпты үйренуге, ырым-тыйымдардың мән мағынасын түсіне білуге баулу.

2. Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әке өнегесімен, ата ақылымен берілетіндігін түсіндіру.

3. Бабаларымыздың асыл қасиеттерін меңгеруге, қонақжайлыққа,

инабаттылыққа, туған елінің жетістіктерін мақтан ете білуге тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар: интерактивті тақта, слайд, Қазақстан картасы, киіз үй, салынған суреттер, бүктемелер, қанатты сөздер: «Қазақтар - әдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас ұлт» (В.В.Радлов), «Ата мұраң – асыл қазынаң», «Салт-дәстүрін ел бұзбас, уәде-сертін ер бұзбас».

Жоспар

Кіріспе

  1. Қазақстанның көрікті жерлері.

  2. Ұлт мұрасы – ұрпақ қолында.

3. Қазақ халқы - өнерлі халық (сөз, саз, бейнелеу, қол өнері).

4. Слайд. «Кеншоқы – асылдар мекені»

5. Қазақтың әдет-ғұрыптары.

6. Ырым-тыйымдардың мәні.

  1. Қандай ұлттық ойындарды білесіңдер?

  2. Елбасы мұраты – ел бақыты.

Қорытынды

Барысы.

Кіріспе

Мұғалім: «Тылысым сыр тыңдадым, бір үнге елеңдей қалып,

Қазақтың даласы ежелден өнерге бай халық.

Алтын қазығым – Алашым, Отаным-Анамсың,

Алдыңа келдім, мен бүгін өлеңге айналып.

Жанарға тұнған мұңымды таңғы нұр жасырды,

Ой қылып жинап береді шалғы – жыр асылды.

Адамзат көші уақыт санап саусағыменен,

Шығарып сап тұр ғаламнан тағы бір ғасырды.» -деп, жерлес ақын Дәулет Ырысбайұлы жырлағандай сан ғасыр тарих көшіне кетті. Иә, балалар, сол көштен кейін бабадан бізге не қалды? Шұрайлы, байтақ, ұланғайыр жер қалды. Бір шетінен екінші шетіне дейін ұшса құс қанаты талатын киелі Атамекеніміз бар. Бабадан бізге не қалды? Кіндік қанымыз тамған қасиетті туған ел қалды. Ал, енді бір сәт шегініс жасап артқа көз жіберіп көрелік.

(Сынып екі топқа бөлінген. «Мұрагер» және «Болашақ». Күй ойнап тұрады)

1-оқушы: Ұлтарақтай болса да,

Ата-қоныс жер қымбат.

Туырлықтай болса да,

Туып, өскен ел қымбат.

Таңы атты шындықты қолдайтұғын,

Басымызға бақ дәулет орнайтұғын.

Қазақ деген елім бар құшақ жайған,

Өзгені өз ұлындай қорғайтұғын.

Көгінде күн күлімдеп күлетұғын,

Ата-баба дәстүрін білетұғын.

Жатсынбайтын халқым бар өзге ұлысты,

Құдасындай қалжыңдап жүретұғын.

Әндетіп тауы, тасы, орман, көлі,

Жайқалған кең жазира жасыл белі.

Сұлулықтың барлығын сыйға тартқан,

Қайсарлықтан жаралған қазақ елі.

Бұл елімде дарынды дара туған,

Бұл елімде ақыл айтар баба туған.

Шартарапта шарқ ұрған – Шаңырағым,

Баға жетпес мәрмәрдан жаратылған.

2-оқушы: Тезекбай Амандықұлы «Аюлым – асылдар мекені»

Туған өлке – алтын орда, үй осы,

Шырқалар ән, тартылатын күй осы.

Құрметтесек ел мен жердің тарихын-

Ұрпағыңа үрдіс болар сый осы.

Болған талай тұлғалының тұрағы,

Өзек алып Иманжүсіп бір әні.

Куәсіндей тылысым тарих сырының,

Қарт Аюлым қасқайып-ақ тұр әлі.

Өткен күннің бедерлері бұлдырап,

Уақыт судай сапырылған сылдырап.

Жағасында ат шалдырған бабалар

Нұра жатыр бірде күліп, бір жылап.

Аңыз болған асыл туған қыраны,

Қорғап жатқан әр шоқы, әр жыраны.

Жауға шапса Бесатаның баласы –

Қарқабаттай жалғыз ана ұраны.

Елді тартып тұтастыққа көсемдер,

Қас дұшпанға жібермесін есеңді ер.

Қол бастаса Жидебайдай батыры,

Сөз сомдаған Жанқұттыдай шешендер.

3-оқушы: Т.Әбдірахманова

Қазаққа Алла жазып дана берген,

Дананы үш-үштен ғып дара берген.

Білмедім мұнда қандай заңдылық бар,

Деген бе тақ тұрсыншы тәмам елден.

Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би,

Шағында бір-біріне ел назы көп.

Алдынан үшеуінің қайтады екен

Адамдар әділдікке дән разы боп.

Бұдан соң тұрады Шоқан, Ыбырай, Абай,

Ел көшіп бағдарлаған тыңға қарай.

Жүсіпбек, Ахаң, Жахаң-бұлар үшеу,

Қатерден қаймықпаған өңшең нар-ай!

Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, сонау Мағжан,

Тілеген қазағымның деп бағы жан.

Бәрінің қам-қайғысы туған халқы,

Болса деп өркенді ел бар жағынан.

Ендігі үш-Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер,

Заманнан бұлар да ерек көрді көп көр...

Қаныш пен Мұхтар, Әлкей ғұламалар

Елім деп ғұмыр кешті, төкті көп тер.

Уақыт өтер, халық, қоғам қалар,

Даналар туады әлі дараланар.

Соңғы үш-Сәбит, Ғабит, Ғабиден ғой,

Демеймін бұларменен де тәмамдалар.

4-оқушы: Ұлан Көкенұлы «Аңсар әнім ауылым»

Алыс кетсем Алмалымды сағынам,

Түйетасым артық ханның тағынан.

Қызылшоқым ханшайымның тәжіндей.

Нұрлы Нұрам толқыны – жыр, ағыны - ән.

Күнбезінен күннің нұры төгілген.

Туған ауыл түлеп ұштым төріңнен.

Ән арнадым сағынышқа шомыла

Кеншоқымның кеңдігіндей көңілмен.

Туған жерім ырыс тұнған кенді аймақ,

Нұра бойын жатыр елім ен жайлап.

Атамекен, аттанамыз өзіңнен

Армандардың асқарына бел байлап.

Арман қуып аттанса да қияға,

Туған жерін азаматтар қия ма?

Сағынышпен қанаттана жетеміз

Қарлығаштай қайта оралған ұяға.

Қазақстанның көрікті жерлері

1-оқушы: Қазақ елі – тәуелсіз мемлекет. Халқының саны 17 миллионнан асады. Қазақстанның 14 облысында 130 ұлттың өкілдері тұрады. Жер көлемі 2,7 миллион шаршы шақырымнан асады. Ол жер көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орында.

Осындай ұлан-байтақ жерді жаудан қазақ батырлары, хандары, билері қорғады. Оларды бүкіл қазақ халқы құрмет тұтады. Қазақстанның жері пайдалы қазбаларға, орман-тоғайларға, өзен-көлдерге, тауларға өте бай.

2-оқушы: 1991 жылы16 желтоқсан күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Қазақ елі үшін бұл өте қуанышты күн еді.

Қазақ елі өзінің тұңғыш Елбасын сайлады. Ғарышқа тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров көтерілді.

3-оқушы: Қазақстан Республикасы – ашық аспан астындағы мұражай. Республикамызда өте көп көрікті жерлер бар. Қазақстандағы ең аласа жер – бұл Қарақия ойпаты. Ол Маңғыстау облысында орналасқан.

4-оқушы: Қызылорда облысында атақты Байқоңыр ғарыш алаңы бар. Түркістан қаласы ежелгі ордаларымен, сарайлары, және кесенелерімен атақты. Есік қорғанынан табылған қазбалардың бірі – «Алтын адам».

5-оқушы: Алматының шығысына қарай Шарын шатқалы орналасқан. Қазақстанның Орталық Тянь-Шаньдағы ең биік нүктесі – Хан Тәңірі. Алакөл көлінің емдік қасиеті өте жоғары. Балқаш көлінің ерекшелігі сол, оның шығыс жағындағы суы тұзды, ал батыс бөлігі – тұщы. Сондықтан көлдің әр бөлігіндегі балықтар да әртүрлі.

6-оқушы:Қарағанды – Орталық Қазақстанның ірі өнеркәсіп орталығы, жер көлемі жағынан ең үлкен қалалардың бірі, 1833 жылы бұл жерден таскөмір табылып, кейінірек осы маңда қала бой көтерді. «Ертіс-Қарағанды» каналы – суының биіктігі 450 метрге дейін көтерілетін әлемдегі жалғыз гидроқұрылыс.

Бурабай көлі Қазақстандағы ең көрікті жер деп есептеледі. Бұл көлдің көгілдір шығанағында тасты арал – Жұмбақтас құзы орналасқан.

7-оқушы: Алматы - әсем қала. Ол – Қазақстанның ең ірі, ең әсем қаласы. Алматыда 2 миллиондай адам тұрады. Халқының саны жағынан Қазақстанның ең ірі шаһары. Алматы – мәдениет пен ғылымның, өнердің оралығы. Қала әсем Алатаудың баурайында орналасқан. Алматының символы - әлемде сирек кездесетін атақты апорт алмасы.

8-оқушы: Арқа төсінде бой көтеріп, тәуелсіздігіміздің тұғырын әрі асқақтатқан бас қаламыз – Астана, Елбасымыздың төл тумасы. Бүгінгі Астана – сәні мен салтанатына Шығыстың шырайы мен Батыстың бабын қонақтатқан жаңа ғасыр қаласы. Астана – Ұлы даладағы ежелгі өркениеттің заңды мұрагері, береке мен бірліктің, татулық пен тыныштықты ту еткен ата-баба дәстүрін жалғастырушы.

Ұлт мұрасы – ұрпақ қолында

Мұғалім. Балалар, жалпы киіз үй туралы не білеміз?

Киіз үй – «Атамыз – Алаш, керегеміз - ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» -деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы.

1-оқушы: Киіз үй көшіп қонғанда тез жинап, шапшаң тігуге ыңғайлы. Жазда киіз үйдің ауасы таза, салқын. Киіз үй біздің заманымыздың VII ғасырында кеңінен пайдаланылып, киіз басу – еңбек кәсібіне айналған.

Халқымыз сан ғасыр бұрын-ақ отырықшылыққа үйреніп, үй сала бастағанымен, киіз үй осы күнге дейін бірге жасасып келе жатыр. Қазақтың киіз үйі 4 қанат, 6 қанат, 8 қанат, 12 қанат болып келеді.

2-оқушы: Салтанатына қарай: «Ақ орда», «Ақ отау», «Алтын орда», «Хан орда», «Қараша үй», «Қара лашық», «Жолым үй» деп аталады. Киіз үйдің құрылысына: Киіз үй сүйектері, киіз үйдің киіздері, киіз үйдің баулары жатады. Киіз үй сүйектері: кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, бақан. Киіздеріне: туырлық, үзік, түндік, киіз есік. Киіз үйдің бауларына: құр, басқұр, уық бау, желбау, түндік бау т.б жатады.

Айман. Босағаға байланысты айтылатын сөздер:(«Босағаң берік болсын», «Босаға аттау», «Босағасын аттап көрмеу», «Босағасында жүру», «Босаға майлау». (Түсіндіру).

Заманбек. Шаңыраққа байланысты айтылатын сөздер: («Шаңырағың шайқалмасын», «Қара шаңырақ», «Шаңырақ көтерді», «Шаңырағы құлады».

Мақал: «Жақсы әйел – жаман еркекті адам қылады», «Қонақ келсе, құт келер». Қазақ қонақты қалай қарсы алады? (Аттан түсіріп, амандасады, төрге шақырып үйіндегі ең дәмдісін алдына тосады.)

Қазақ халқы - өнерлі халық

1-оқушы: Өмірде өнердің түрі көп. Солардың ішіндегі ең асылы – сөз өнері. Өйткені сөз өнері басқа бар өнердің қызметін атқара алады. Мәселен, сөзбен сурет салуға, әншінің, бишінің, сәулетшінің ойын жүрекке жеткізе жырлауға не айтып беруге болады. Сөз өнерінің інжу-маржандары ақын-жыраулардың, жазушылардың шығармаларында болады. Бұқар жырау, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Ілияс өлеңдері мен Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов шығармалары – Қазақ сөз өнерінің озық туындылары.

2-оқушы: Саз өнері. Халық өнерлі адамдарын айырықша құрметтеген. Қазақ даласында күміс көмей әншілер мен дәулескер күйшілер, мың бұралған бишілер өте көп болған. Біржан Сал, Ақан сеі, Мұқит, Әміре, Күләш сияқты керемет әншілері болған.Ал күйшілеріміз өзінше бір төбе. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Динаның күйлерін кім білмейді? Бұларды тыңдағанда кең байтақ қазақ даласы көз алдыңа келеді. Қазақтың би өнерінің көш басында Шара жиенқұлова тұр. Ол қазақтың бірінші кәсіби бишісі.

3-оқушы: Қазақ халқының ұлттық қолөнері ертеден бар. Шеберлер өздері тұратын киіз үйге қажетті сырмақ, алаша, кілем, басқұр сияқты жабдықтар мен ер-тұрмандар жасаған. Зергерлер әртүрлі зергерлік бұйымдар соққан. Қазақ қыздары, келіншектер, апа-әжелеріміз сақина мен білезіктің, сырға мен алқаның неше түрін таққан.

4-оқушы: Бейнелеу өнері. Ол қазақ даласына кейін келген. Әбілхан Қастеев, Қанапия Телжанов, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмайлова сияқты ондаған майталман суретшілеріміз бар. Олар – бейнелеу өнерінің әртүрлі жанырында өнімді еңбек еткен. Өздерінің үздік шығармаларымен Қазақстанды әлемге танытты.

Слайд: «Кеншоқы – асылдар мекені»

Қазақтың әдет-ғұрыптары

1-оқушы: Халқымыздың рухани байлықтарының бірі – салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары біздің ұлттық болашағымыздың, халықтық қасиетіміздің өзімізге де, өзгеге де жазбай танытатын асыл мұрасы. Оларға: ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, тоқым қағар, бет ашар жатады.

2-оқушы: Балаға ат қою. Бала дүниеге келгеннен кейін атасы мен әжесі немесе ауыл ақсақалы балаға ат қояды. Ат қоюшы адам баланың құлағына: «Сенің атың...» деп үш рет қайталайды. Ат қою өте жауапты іс. Одан кейін шілдехана тойы жасалады.

3-оқушы: Бесікке салу. Ағаштан жасалған бесікті баланың нағашылары немесе үлкен қадірлі аналардың бірі сыйға береді. Ең алдымен бесікке салушы отпен аластайды. Бесік жабдықтарын салып, бауларын тартып, тілек айта отырып бөлейді. Бала халықшыл болсын деп шапан жабады, ат жалын тартып мінсін деп қамшы іледі, көз тимесін деп тұмар тағады.

4-оқушы: Қырқынан шығару. Туғанына қырық күн толғанда шығарады. Қырқыныа шығаруға жиналған әйелдер баланы теңге, сақиналар салынған тегешке шомылдырады, баланың үстіне қырық қасық су құяды. Сақиналарды әйелдер бөліседі. Баланың шашын, тырнағын алады.

5-оқушы. Тұсау кесу - сәби қаз тұрғаннан кейін тез, жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін деп жасалатын дәстүр. Арнайы дайындалған ала жіппен баланың а яғын тұсап байлайды. Жіпті қадірлі, ісі алға басып тұрған, әрі жылдам, сүрінбей жүретін адам кеседі.

6-оқушы. Тоқым қағар. Өзінің бәсіре атына ашамайын ерттеп мінген бала алғаш үйінен алысқа жолаушылап шыққан кезде жасалады. Тойға жиналғандар домбыра тартып, ән салып, арты ойын-сауыққа айналады.

Ырым-тыйымдардың мәні

1-оқушы. Сүйінші. Қуанышты хабар жеткізуші адам «Сүйінші, сүйінші» деп келеді. Мұндайда қуанған үй иесі «қалағаныңды ал», - дейді немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл шын қуанудың, ризашылықтың белгісі.

2-оқушы. Қонақасы. Халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларындағы ерекше қымбат дәстүр – қонақжайлық. Үйіне келген қонақты құрметпен қарсы алып, мал сойып қонақасы беру – жомарттықтың елдіктің белгісі.

3-оқушы. Жеті ата. Жеті атасын білмеген – жетесіз (мәтел). Әр адам жеті атаға дейін жақын туыс саналады. Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұрынғы адамдар бір-бірімен танысқанда руын, тегін сұраған. Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады. Бала. Әке. Ата. Арғы ата. Баба. Түп ата. Тек ата. (Ата-тек деген сөз осыдан шыққан).

4-оқушы. Тыйым. «Қызға қырық үйден тыю, ұлға отыз үйден тыю» (мақал). Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің – бірі тыйым. Бұл балалар мен жастарды жаман әдеттен сақтандырып, жақсылыққа бейімдеуден шыққан педагогикалық ұғым. Осы арқылы олар әркімді теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай істерге қатаң тыйым салған.

5-оқушы. Аманат – бір адамның екінші біреуге сақтауға берген заттары. Аманатты сақтау, оны мезгілінде қайтару зор адамгершілікке жатады. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Ол өте ауыр күнә деп есептелінеді.

Мұғалім. Халқымыз жас ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған. Осындай әдет-ғұрып, ырым-тыйымдардың жас ұрпақты имандылыққа, қайырымдылыққа үйретуде алатын орны ерекше.

Ал, балалар,қандай ұлттық ойындарымызды білесіңдер? (Арқан тартыс, теңге алу, көкпар, аударыспақ, ақсүйек т.б.) Кім айтады «арқан тартыс» ойыны қалай ойналады? Қазір біз осы ойынды ойнаймыз. Ол үшін әр топ сандықтан асық алу арқылы сұраққа жауап береді. Қай топ дұрыс жауапты көп берсе, ойында солар жеңеді.

Сандықтағы сұрақтар:

  1. «Байғазы» және «Көрімдік» салт-дәстүрлерінің мазмұнын түсіндіріңіз, айырмашылығы неде?

  2. «Бастаңғы» және «Қызойнақ» салтының мағынасын түсіндіріңіз.

  3. «Жасау» және «Енші» салттарының мағынасын түсіндіріңіз.

  4. «Тәбәрік» және «Ерулік» ғұрып-салттарының мағынасы неде?

  5. «Үйде ысқырма!», «Нанды бір қолыңмен үзбе!» тыйым сөздерінің мағынасын түсіндіріңіз.

  6. «Жағыңды, беліңді таянба, тізеңді құшақтама», «Бас киімді лақтырма, теппе» мағынасын түсіндір.

  7. «Кемтар адамға күлме», «Өсек, өтірік айтпа, жағымпаз, мақтаншақ болма» түсіндір.

  8. «Арман деген не?», «Үйде кім қадірлі, елде кім қадірлі?»

(Арманына адаспаған жетеді. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді). (Үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі)

Балалар, біздің ханымыз кім, жақында қандай мереке болды?

1-топ. Президент күні туралы не айтасыңдар?

2-топ. Елбасы туралы не білеміз?

Мұғалім. Н.Ә.Назарбаев «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақ елінің нығайып көркеюі жолында жан-тәніңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа!» деген, осы сөз үнемі естеріңде болсын.

Ән: «Қазақтай ел қайда»

Қорытынды

Ал, қадірлі ұстаздар, қонақтар уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп-көп рахмет!

Балалар, ата-баба дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болыңдар.

«Сендерсіңдер – халқымның армандары,

Сендерсіңдер – шырақта салған әні.

Сендерсіңдер – иесі кең даланың,

Сендерсіз бұл тірліктің жалған бәрі» - деп, ақын М.Нәбиев жырлағанындай кең даламыздың иесі өздерің. Сондықтан, ел болашағы үшін ерен еңбек етуге дайын болыңдар!


Тарбие іс-шарасы
  • Технология
Описание:

Мақсаты:

1. Оқушыларды атадан қалған құнды мұраларды қастерлеуге, салт-дәстіріміз бен әдет-ғұрыпты үйренуге, ырым-тыйымдардың мән мағынасын түсіне білуге баулу.

2. Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әке өнегесімен, ата ақылымен берілетіндігін түсіндіру.

3. Бабаларымыздың асыл қасиеттерін меңгеруге, қонақжайлыққа,

инабаттылыққа, туған елінің жетістіктерін мақтан ете білуге тәрбиелеу.

Автор Кулай Астайкызы
Дата добавления 14.05.2015
Раздел Технология
Подраздел Другое
Просмотров 486
Номер материала 59362
Скачать свидетельство о публикации

Оставьте свой комментарий:

Введите символы, которые изображены на картинке:

Получить новый код
* Обязательные для заполнения.


Комментарии:

↓ Показать еще коментарии ↓