Главная / Классному руководителю / "Ар -намысым, қасіретім, қуанышым - Желтоқсан!" тақырыбына кеш

"Ар -намысым, қасіретім, қуанышым - Желтоқсан!" тақырыбына кеш

Тәрбие сағаты

АР-НАМЫСЫМ, ҚАСІРЕТІМ, ҚУАНЫШЫМ – ЖЕЛТОҚСАН!

Мақсаты:

Білімділік: оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептерін және Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіндіру;

Тәрбиелік: Отан-Ананы құрметтеуге, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету.

Дамытушылық: оқушының ойын жеткізе білуі мен тіл байлығын дамыту, өлеңді мәнерлеп оқу, әр сөздің айтылуына көңіл бөлу, дикциясы мен интонациясын дамыту.

Көрнекілік: Желтоқсан қаһармандарының суреттері (Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол), интерактивті тақта, тақырып желісі бойынша слайдтар, шарлар, нақыл сөздер.

Түрі: кеш

Кештің жүру барысы:

1-жүргізуші: Ассалаумағалейкүм, халқым менің,

Ардақта дәстүріңді, салтыңды елім.

Мереке басы болсын берекенің,

Игі еңбек жемісінің бәрін жегін.

2-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар және Тәуелсіз еліміздің ұлағатты ұрпағы! Бүгін Отанымыз Қазақстанның,

1-жүргізуші: халқымыздың тарихында ерекше орны бар қасіреті мен ар-намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған – бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы айтпақпыз.


Әр дәуірдің еркіне сай

Нарқы өзгерген алтынның.

Айналайын, алтын әнім,

Жас өркені халқымның.

Желтоқсанда шындық жырын

Шырқаймын деп шарқ ұрдың,

Желтоқсанда егеменді

Ел болсақ деп талпындың.


2-жүргізуші: 1986 жылы 17-желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылығын білдіріп, шеруге шықты. Олар «Қазақ елінің өз көсемі сайлансын» деген тілек білдірді.

1-жүргізуші: Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға желтоқсанның ызғарлы күнінде зәбір көрсетілді. Өз елінің құқын талап етіп шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген кінә тағылды.

Ақ көйлек, бастарына қазақ жігіттері тартатындай етіп ақ орамал байлаған бес ер бала шығады. Бастарын иіп, тізерлеп отырады. «Желтоқсан желі» әнінің музыкасы естіледі.

1-оқушы:


Нашақор деп, ұлтшыл деп,

Қазаққа күйе жаққан күн

Базары кетіп бір күнде

Қайғыға халық батқан күн.

Әділдік пен шындыққа

Өтірік жала жапқан күн.

Надан жасаған сұмдықтан

Адамдар азап тартқан күн.

Қасқалдақ ұшып көлінен

Шүрегей келіп қонған күн.

Қырандар кетіп көгінен

Қарғалар билік алған күн.


2-оқушы:


Шектеліп ана тіліміз,

Оқылмай өлең-жырымыз

Жабылып жатса мектептер,

Жадырар қалай күніміз?

Тарылып жатса даламыз

Қалай біз тыныс аламыз?

Қақымыз жоқ айтуға

Әділет қайдан табамыз?


3-оқушы:


Бұрқ етті қазақ баласы,

Кеудеге өршіп наласы.

Алаңға қарай ағылды

Таусылып барлық шарасы.

Жанымыз жомарт қазақпыз,

Мәңгүрт боп кете жаздаппыз.

Қосайық басты, бауырлар,

Жанайық, жансақ, маздап біз.


Нұрлан: Желкеге тиді сілтеген күрек, қамшылар,

Соққыға мұндай, қасапқа қандай жан шыдар?!

Жастарға шашқан сол судан мұз шашырап,

Ауылда жатқан маған да тиді тамшылар.

4-оқушы:


Қақап күннің ызғары

Сүйектен өтіп кеткен күн.

Қаракөз қазақ қыздарын

ОМОН-дар бастан тепкен күн.

Қариялар итке таланып,

Ер басын күрек шапқан күн.

Аппақ қар қанға боялып,

Қып-қызыл мұз боп жатқан күн.


5-оқушы:


Жас арудың жанарында – Желтоқсан,

Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.

Қаралы өмір қайыстырған халқымның

Қара тұман қабағында – Желтоқсан.

Жауыздықты жасаған да – Желтоқсан,

Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.

Жазықсыздың көз жасына жуынып,

Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.


Желтоқсан туралы бейнефильм, слайдтар көрсетіледі.

«Желтоқсан желі» әні айтылады.

2-жүргізуші: Иә, бұл күнге жету үшін ата-бабамыз қан төкті, жанын берді, бүкіл жеріміздің тұтастығын сақтап ұрпақтан-ұрпаққа табыс етті.

1-жүргізуші: Бірақ қазақтың өр ұлдары мен ер қыздары көбеймесе азаймады. Оның айғағы 25 жыл бұрынғы ел намысы үшін жанын құрбандыққа қиған желтоқсандықтар болатын.

2-жүргізуші: Оның айғағы – дүниені дүр сілкіндіріп, әлемге қазақ деген атты паш еткен Желтоқсан оқиғасы.

6-оқушы: Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,

Ерттеп мініп ар-ождан сәйгүлігін.

Ерлерім елдік үшін атой салып,

Еншілерін қайтарған бәйгелі күн.

7-оқушы: Тарихым жатыр тасымда

Тіл қатып келер ғасырға.

Азаттық деген ұғымның

Желтоқсан тұрар басында!

1-жүргізуші:


Күңдік кешпей, мұз кешпей,

Ат артында мінгеспей,

Мұңлық болып мұңаймай, тәкәппар нағыз құдайдай

Қасқайып қарап тұратын,

Ағасы өлсе іні боп

Жауына қарсы шығатын,

Арыстандай алысып,

Жолбарыстай жұлысқан

Қыздары көп қазақтың.


Өзінің жас өмірін қиып кете берген Сәбира Мұхаметжанова өмір жолымен танысып өтейік.

8-оқушы: (Сәбираның өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады):

Сәбира Мұхаметжанова 1985 жылы сегізжылдық мектепті үздік бітіріп, бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын оқу орнына студент болып қабылданды. Ол Алматыдағы жастар шеруін жұдырықтай жүрегімен қолдап, Өскемен қаласының көңілі ашық, көкірегі ояу студенттерімен бірге Ушанов алаңына қарай өлең айтып шеру тартты. Өскемен жиналысында Сәбираны тәртіпсіз деп айыптап жазалаған. Сөйтіп, албырт жас жатақхананың өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіріп қаза тапты.

2-жүргізуші: Желтоқсанның қазаққа

Ызғары көп тастаған.

Намыстан өлген ұлтымның

Қыздары көп, қарағым.

Өр намыс иесі, қайсар жас қыз Ләззат Асанова жайлы айтып өтсек.

9-оқушы: (Ләззаттың өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады)

Ләззат Асанова Алматы облысының Панфилов ауданындағы Ақжазық аулында дүниеге келген. Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобызшы мамандығы бойынша оқып жүрген Ләззат Асанованың он алты жылдық қысқа ғұмыры кенеттен үзілді. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жауып, арулаған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бассүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қорлығынан қаза тапқан. Ләззәт әпкемізді мәңгі есімізде қалдырамыз. Аруағына бас иеміз.

1-жүргізуші: Еш алаңсыз бейбіт демонстрация күшпен басылып, қанмен тойтарылды, жас өмірлерді қиып кетті.

Тәртіп қорғау санаға екті нені,

Өз халқыңа ойпырмай кекті ме еді?

Азаматты сойылмен қанға бояп,

Шаштан сүйреп қыздарды тепкіледі.

Қанды Желтоқсан оқиғасының алғашқы құрбаны болған Ербол Сыпатаевқа тоқтала кетейік.

10-оқушы: (Ерболдың өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады)

Ербол Сыпатаев Алматы облысының Панфилов ауданының Ленин атындағы совхозының екінші бөлімшесінде туып өскен. Ол Энергетика институтының II курс студенті болатын. Ербол бір үйдің жалғыз баласы еді. 1986 жылдың 18-желтоқсанында кешкі сағат 8-де ауруханаға бассүйегі мен иығынан ауыр жарақаттанған Ерболды әкелді. Ол есін жимастан қайтыс болды. Біздер Ербол ағамыздың жастық жігері мен ерлігін мәңгі есімізде сақтап, аруағына бас иеміз.

2-жүргізуші: Тарихта «Құйын» операциясы деген атпен мәңгі қалатын жойқын шабуыл, демонстрацияны қуып тарату операциясы жоспардағыдай аяқталды. Қанға бөккен қала көшелері мен алаңдар қаңырап бос қалды. Қазақтың әр үйіне үрей кірді. Алаңға жиналған қазақтың, әрбір жас өркеннің артына шам алып түскен қуғындау, қудалау басталды.оның ішінде ату жазасынан бастап, жиырма жылдан бір жылға дейінгі бас бостандығынан айырған жазаларды ұлттық қаһармандарымыз арқалап кете барды.

Соның бірі Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков еді.

11-оқушы: (Қайраттың өмір жолы туралы слайдтар жүріп жатады)

Қайрат Рысқұлбеков Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Бірлік аулында дүниеге келген. 1982 жылы ол Алматы Сәулет құрылыс институтына түседі. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін оны «Савицкийді өлтірген қылмыскер» деп жала жауып, «аса қауіпті қылмыскерлер изоляторында» ұстады.

Көрініс: «Қайраттың тұтқындалуы».

1-жүргізуші: кәдімгі миллиондаған түндердің бірі, бірақ бұл түн өзгеше түн еді. Себебі бұл түнде қаланың кез-келген тұсынан ұсталған жастарды ұрып-соғып, өлімші халге жеткізді. Осындай қатыгездікті көрген, оларға араша түсем деп жүргендердің арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар еді.

Милиционер: Ұстаңдар бұзақыны! Әкетіңдер, жауып тастаңдар! Савицкийді өлтірген сен бе?

Қайрат: Жоқ, мен емес!

Милиционер: Сен өлтірген, мойныңа ал!

Қайрат: Жоқ!

Милиционер: Алып кетіңдер! Бәрібір құтылмайсың, бұзақы!

(Қайратты алып кетеді).

Ән орындалады.

2-жүргізуші: Қайрат ақынның түрмеде жазған өлеңдерінен үзінді (Музыка ақырын ойнап тұрады)

«Түрме жыры»


Тор темір жамбасыма тақылдайсың,

Өзіммен бірге туған жақындайсың.

Телміріп темір торға қаматқанша,

Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?!

Ауылдағы жақсы екен ғой салған әнім,

Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.

Қайдағы пәлеқорлар пәле жауып,

Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.

Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,

Ас берер ортасында жалғыз тесік.

Күніне ұстатады үш тілім нан,

Өлмейтін саған ішер осы нәсіп.


Көрініс: «Қайратты тергеу сәті».

1-жүргізуші: Тұрыңдар! Сот келеді!

Тергеуші: Сот процесін бастаймыз! 1-куәгерді шақырамыз. Сізге сұрақ: Сіз алаңда Қайрат Рысқұлбековтың Савицкийді өлтіргеніне куә бола аласыз ба?

1-куәгер: Боламын, өз көзіммен көрдім. Керек десеңіз менде қолында таяғымен түскен суреті бар. Ол ұлтшыл Қайрат, оңбаған!

Тергеуші: 2-куәгерді шақырамыз. Сіз Қайрат Рысқұлбековтың Савицкийді өлтіргенін бейнетаспаға түсіргеніңіз рас па?

2-куәгер: Рас, рас, ол Савицкийді аяғымен теуіп, таяқпен ұрды. Менің қолымда түсірген бейнетаспа бар.

Тергеуші: енді Қайрат Рысқұлбековке сөз беремін.

Қайрат: Мен ұлтшыл да, кінәлі де емеспін.

Сот: Барлық куәгерлерді тыңдай отырып, Қайрат Рысқұлбековты айыпты деп табамын.

Қайрат: Хақ, о халқым!

Өткен заманымызда бас кесер өлім алдында өлім жазасына кесілгендердің соңғы тілегін орындайды. Менің де соңғы ақтық сөзім бар.

(Қайғырған музыка жүріп тұрады).


Жалалы боп қатты батты жаныма,

Жазалаушы қағаз алдым қолыма.

Жігіттер-ай, айтып-айтпай не керек,

Жазған екен маңдайыма,сорыма.

Біріншіден, мен анамды сағындым,

Екіншіден бұл құдайға не қылдым?!

Бостандықта еркін жүрген жан едім,

Енді міне абақтыға жабылдым.

Әкетай-ау, Пайғамбардай жасың бар,

Туа бермес сіз секілді асылдар

Қартайғанда жүрегіңізді жаралап,

Кесір болды-ай біз секілді масылдар.

Айналайын, қарындасым, қарағым,

Қолда кісен, мен айдауға барамын.

Қайғы шегіп, азап тартқан ағаңды,

Айтшы жаным, қандай жанға баладың?!

Айналайын, інішегім, құлыным,

Сені ойласам үзіледі жұлыным.

Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,

Кетіп барам мен айдауға, құлыным!

Айналайын, ағалар мен жеңгелер,

Сіздерге кім бұл өмірде тең келер.

Сүмірейіп сот алдында отырған

Бауырыңды енді кімдер ескерер?!

Күнәдан таза басым бар,

21-де жасым бар.

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты - құрбандық»,

Атам десең атыңдар!

Мен не етермін, не етермін,

Мен келмеске кетермін.

Көрмеген хош бол, таңдарым,

Көре алмай мен өтермін.


Тергеуші: Сот процесі аяқталды.

2-жүргізуші: Осыдан кейін Қайрат ағамыз 21 жасында қаза тапты.

1-жүргізуші: Міне, осы Тәуелсіздіктің туын желбіреткен ұлтжанды азаматтарымыздың арқасында егеменді ел болуға қол жеткіздік.

Ән «Көк тудың желбірегені».

2-жүргізуші: Осымен Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Ар-намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!» атты кешімізді концертпен аяқтаймыз. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахмет!

Сау болыңыздар!







"Ар -намысым, қасіретім, қуанышым - Желтоқсан!" тақырыбына кеш
  • Классному руководителю
Описание:

Бұл Желтоқсан мейрамына арналған оқушылардың ұйымдастырған кешінің жоспары. интернеттен алынған мағлұматтарды өзгерте отырып пайдаланылған. Оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептерін және Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіндіру;

Отан-Ананы құрметтеуге, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету.

оқушының ойын жеткізе білуі мен тіл байлығын дамыту, өлеңді мәнерлеп оқу, әр сөздің айтылуына көңіл бөлу, дикциясы мен интонациясын дамыту.

Автор Алпысбаева Жазира Тулеубековна
Дата добавления 05.01.2015
Раздел Классному руководителю
Подраздел
Просмотров 372
Номер материала 35167
Скачать свидетельство о публикации

Оставьте свой комментарий:

Введите символы, которые изображены на картинке:

Получить новый код
* Обязательные для заполнения.


Комментарии:

↓ Показать еще коментарии ↓