Главная / Другое / Бала тәрбиесі – бесіктен Әдістемелік құрал

Бала тәрбиесі – бесіктен Әдістемелік құрал

Қарағанды қаласының білім бөлімі

ҚМКҚ №1465 «Балапан» балабақшасы



Құрастырғандар: Сакенова А.Н. Жакулова С.С. Саябаева А.Н.

Акедилова М.К.













Бала тәрбиесі – бесіктен


Әдістемелік құрал


















Қарағанды 2012

Алғы сөз



Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағлымдарын оқып үйреніп,өнеге тұтпай тұрып,балаларды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес.Қазіргі заман талабына тура келмейтін, мән-мағынасы өзгерген,ескірген салт-дәстүрлердің кейбіреулеріне сын көзімен қарай отырып,тәлімдік мәнін жоймаған әдет-ғұрыптарды бүгінгі пікірі мен талғамы жоғары жастардың кәдесіне жаратуды да ескерген жөн. Сондықтан да жеткіншек ұрпақтың дәстүрге құрметпен, әрі ықтияттылықпен қарауы, яғни оны түсінуі, дәстүрді бұзып алып, адамдардың көңіліне қаяу салудан қатты сақтануы айрықша мәнді қастерлі қасиет саналады. Осы мәселелерді қарастыра отырып, балаларда адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруда салт-дәстүрлер үлкен рөл атқарады демекпін.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат міндеттерінің ең бастысы - өзінің ісін өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам қамын ойлау болып табылады. Ал ұрпақты жан-жақты, қабілетті етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім тәрбиелік, білім танымдылық ролі орасан зор. Өзге халықтар сияқты қазақ елінің ұрпақ тәрбиесі жөнінде атам заманнан бері жиып-терген мол тәжірибесі бар. Аға буын өз бойындағы ізеттілікті, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін-жерін, Отанын сүюшілік ең асыл қасиеттерін жас ұрпаққа күнделікті тұрмыста үнемі үйретіп, қаны мен жанына сіңіріп келеді.

Адамның жарық дүниеге келген күнінен бастап оның есейіп, о дүниеге аттанып кеткенге дейінгі өмірі мен іс-әрекеті, басқалармен қарым-қатынас атаулының барлығы салт-дәстүрден өзекті орын алып, баланың дүниеге көзқарасын қалыптастыратын тәрбие мектебі.

Дәстүрсіз халық жоқ. Ол тарих негізінде қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрып жалпыға бірдей әдеп, инабат нормасы болып табылады. Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру.

Тұрақтылық болмаса даму да болмайды. Соның нәтижесінде әрбір жаңа ұрпақ өткен ғасырлар мұрасының әсеріне ұшырап, оған бойсұнуға әзір. Белгілі француз социологі Э.Дюркгейм “Дәстүр – адамдардың қоғамнан дайын күйінде табатын, өздерінің тәртіптерін жөнге түсіріп және әрекетке келтіріп отыратын тетік. Дәстүрді бұзғаны үшін берілген жаза тайпалардың бірлігін сақтауға көмектесетін қорғаушы құрал болып табылады” – дейді. Бұл жерде әңгіме Бірлестіктің берік өмір сүруі үшін, оған кіретін адамдарға дәстүр талаптарын орындаудың міндеттілігі жайында болып отыр.

Сондықтан да жеткіншек ұрпақтың дәстүрге құрметпен, әрі ықтияттылықпен қарауы, яғни оны түсінуі, дәстүрді бұзып алып, адамдардың көңіліне қаяу салудан қатты сақтануы айрықша мәнді қастерлі қасиет болып саналады. Осы мәселелерді екшелей отырып, тұлға тәрбиесінде халықтың салт-дәстүрлері үлкен рөл атқарады демекпіз. Бұл біздің бала тәрбиесіндегі «Ұлттық салт – дәстүрлер арқылы балаларға адамгершілік тәрбиесін беру» деп алуымызға негіз болды. Қазақ халқының салт-дәстүрлері негізінен, ұлттық мәдениетті дамытудың игі құралы болып қалыптасқан.

Зерттеудің мақсаты: Балалардың адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруда қазақ халқының салт-дәстүрлерін қолданған тәрбиелік шаралар жүйесін әзірлеу және пайдалану жөнінде практикалық ұсыныстар қатарын әзірлеу.

Зерттеудің міндеттері:

  • Балаларда адамгершілік тәрбиесін қалыптастырудың ғылыми-теориялық негіздерін ашу

  • Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің балаларды тәрбиелеу мүмкіндіктерін қарастыру;

  • Балалардың адамгершілік асыл қасиеттерін қалыптастыруда қазақ халқының салт-дәстүрлерінің педагогикалық тиімділігін анықтау.

Зерттеудің нысаны: Балаларды адамгершілікке тәрбиелеу процесі.

Зерттеудің пәні: Балалардың адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруда тәрбиешінің атқаратын жұмысы.

Зерттеудің әдістері: зерттеу тақырыбы бойынша философиялық, тарихи-этнографиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерге теориялық талдау жасау; оқу-әдістемелік құжаттарды талдау; балалардың іс-әрекет нәтижелерін зерттеу;

Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер балалардың адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруда қазақ халқының салт – дәстүрлерін тиімді қолданса, онда балалардың адамгершілігі мол, қайырымды, еңбекқор сияқты асыл қасиеттері дамып, мол жетістіктерге жетер еді, өйткені қазақ халқының ұлттық салт – дәстүрлерінің берері өте мол.



Қазақ салт – дәстүрлері мен әдет – ғұрыптарының негіздері



Қазақ – дәстүрі бай және оны қатаң сақтайтын халық. Туған халқының мінез-құлқы, наным-сенімін жете зерделеген ғұлама Ахмет Байтұрсынов қазақтың құдайдан кейінгі қорқатыны дәстүр бұзушылық екенін айтады. Қазақ дәстүрді білмегенді, сыйламағанды надан дейді. Бұл - өте ауыр сөз, ауыр кінә, бірақ әбден орынды баға.

Қазақтың туыстық, құда – жекжаттық, той-томалақ өткізу, өлім жөнелту, аруақ сыйлау, үлкенді, ата-ананы құрметтеу, қыз ұзатып, келін түсіру, жүйелі сөзге жығылу, тоқтау, обал-сауап, дастархан, шаңырақ, қонақ сыйлау т.б салт-дәстүрлерінде қаншалық адамгершілік, ізгілік, көргендік жатыр. Осындай дәстүрлерімізді ардақтап, қадір тұтуға ақыл-парасаты, мәдениеті, білім-білігі жетпеген жетесіз надан, көргенсіз болмағанда не болады? Рас, кешегі кеңес заманында халықты ұлттық жадынан, тілінен, төлтума мәдениеті мен діни нанымынан қол үздіруге бағытталған зымиян саясат жүргізілді. Соның салдарынан қазақтың бірнеше ұрпағы, осы күнгі егде, қарт кісілеріміздің көпшілігі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізден бейхабар болып қалады.

Оқу-тәрбие орындары болмаса, қазіргі отбасы, ата-аналар салт-дәстүр жөнінен ұл-қыздарына толымды тәрбие беруде білімдері, тілі жағынан қиындық көруде. Қазақты қазақ етіп, ұлтымызды ұлт етіп келген және солай болып қалуға тиісті ата салт, асыл дәстүрімізді, шала, шалағай ортада кездесіп жүргендей, қолжаулық етіп, сөз алдарға ғана қолданып, құнсыздандыруға немесе өңін айналдырып, рухына жат “жаңа замандық” жамаулар жамап боямалауға, әрине болмайды.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері негізінен, ұлттық мәдениетті дамытудың игі құралы болып қалыптасқан: Игі әдет-мәдени бастаулық іс-әрекет, ол мәдени дағдыға айналған (мысалы, кісі күту); әдет-ғұрып-этностық игі іс-әрекеттің өмір қолданысына айналуы, халықтық мәдени тіршілік; әдеп-ізгілік пен имандылықтың іс-әрекеттегі мәдени көрініс (әдептілік); дәстүр-әдепке айналған игі іс-әрекеттің әлеуметтік көрінісі, ұлттың ізгі қасиетін көрсететін мәдени құбылыс; салт (заң)-ұлттық дәстүрдің берік қалыптасып, өмір заңдылығына айналуы, этностық тіршіліктің заңды, мәдени көрінісі. Салт-сана-әдет-ғұрып пен әдеттің, дәстүр мен салттың халық санасына сіңіп, өмірлік заң болып қалыптасуының көрінісі.

Дәстүрлер мен салт-сананың өмірдегі, тұрмыс-тіршіліктегі іс-әрекеттік үрдістері: жөн-жоралғы, рәсім, рәміз, ырым, тыйым, сенім, обал, сауап, ысырап, ар-намыс деп аталады.

Жөн-жоралғы-ұлттық сый-сияпат белгілері.

Рәсім-салт-дәстүрлердің игі іс-әрекеттегі бір көрінісі.

Рәміз-этностық белгілер мен жоралғылар.

Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ұлттық рәсімдері көп, соның ішінде ырым, тыйым, сенім, обал, сауап, ұлттық намыс рәсімдері-ұлттық ерекшеліктерді білдіретін этнопедагогикалық құбылыстар болып табылады.

Қазақ халқы жас баланы дүниеге келісімен тұзды сумен жуындырып, денесін маймен сылап, қол-аяғын созып «өс-өс»әрекетерін жасайды, сонымен қатар бала ауырса халық медицинасына жүгінген.

Баланың денесін шынықтыру үшін қолданылатын әдістер: иық қағыстыру, маңдай сүзістіру, білек күшін сынау, бел күшін сынау, мықын итерісу, күресу, жаяу жарыс, қоржын байлап жарысу, еңбектетіп жарыстырту, аударыспақ т.б. қолданған.

Әсіресе, балаға дене тәрбиесін беруде ұлттық ойындар теңге ату, соқыр теке т.б. түрлері маңызды рөл атқарады.

Қазақ халқы ақыл-ой тәрбиесін беруде өзіндік дүнитанымға сүйенген. Бұл ұғымдар: Әлем, әлемнің төрт негізі: жер, ана, көк, тәңірі; қазақ халқының астрономиялық білімдері: Күн,Ай, жұлдыздар туралы, жеті ғалам, жеті қат көк, жеті күн туралы түсініктері; ауа райы туралы білімдері ерекше болған.

Балаға ақыл-ой тәрбиесін берудің басты құралдары қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер, шешендік сөздер, термелердегі ақыл-нақыл өсиеттер, жұмбақтар, жаңылтпаштар үлкен рөл атқарады. Осылар арқылы баланы өнер-білімге, тапқырлыққа, ойлауға тәрбиелеу халықтық дәстүрге айналған. Халық шежіресі-халық тарихы, ол тәрбие мен білім негізі.

Сонымен қатар дәстүрден, ғұрып-салттан адамдар өзінің жеке басын таниды. Мұнда адамдардың айналадағы заттар – нәрселер мен табиғат құбылыстарына қатынасындағы жеке ұлттың және кәсіби өзгешеліктер көрініс табады. Мысалы, Үндістанда сиыр мен маймылды ерекше құрметтеуі, қытайлардың, жапондардың жыланның етін, италяндықтардың есектің етін аса сый тағамға санауы, қазақта қойдың басын сыйлы қонақ ретінде ер адамға, қырғызда әйелге ұсынуы тағы басқа сияқтылар сондай салт-ғұрыптар өзгешеліктеріне жатады да, соларға байланысты әр елдің салт – дәстүрінің әр түрлі екені белгілі болады.

Ел мен ел, ұлыс пен ұлыс шекаралас, аралас-құраласта өмір сүреді. Сондықтан олардың ғұрып- салт ырымдарында ұқсастық та бар. Мысалы Иранда жылдың ақырғы сәрсенбісін киелі күнге балап, ол күнгі барлық тілек қабыл болып, ойлаған ой іске асады деп ырымдайды екен. Ирандықтар бұл сәрсенбіні «қызыл сәрсенбі» деп атайды. Әсіресе ол күнді бойжеткен қыздар асыға күтеді. Олар соңғы сәрсенбіге байланысты шартты орындап, түрлі жоралғы –кәделер жақсы жасалса, тұрмысқа шығуымыздың сәті түседі деп сенеді. Біздің халқымызда бар:

Сәрсенбі сәтті күні той жасапсыз,

Тойыңыз құтты болсын, қыз атасы! – деп «Тойбастар» жырында айтысатын, сол күнгі бастаған ісі сәтті болады деп ұғынылатын «Сәрсенбінің сәттісі» ырымының да иранның «қызыл сәрсенбісімен» бір негізден шығуы да ғажап емес.

Мұның бәрі әр түрлі халықтардың салт-дәстүрлерінде кейде әріден жалғасатын сабақтастық та, діни наным бірлігінен бастау алған ұқсастық та, тарихи аралас құраластық. Ұзақ уақыт іргелес шекаралас өмір кешуден болған ауыс-түйістер де кездесетіні сондай-ақ өздеріне ғана тән, былайғы жұртқа өрескел, ерсі көрінетіндері де болатыны дәлел.

Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз ата-бабаларының жинақтаған өмір тәжірибесін, бай рухани қазынасын жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдаланған, бала тәрбиесіне ерекше мән бере, үміт арта сергек қараған.

Жас ұрпақтың алдына асқарлы мақсат қойып келелі міндеттер жүктеп, баланы болашақ ел қамқоры, отан қорғаушысы, шаңырақ иесі, өмір гүлі деп бар жақсысын балаған арнаған. Халық дүниеге келген жас нәрестенің болашағын ойлап, бар жақсылықты соған арнап, көркем сөзге, әнге, күйге қосып, түрлі қызықты ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әңгімелер шығарып оларды ұрпақ тәрбиесіне пайдаланып келген.

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, педагог, ақын әрі жазушысы Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқан екен “Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады. Себебі ата-анасын сыйламаған бала жолдасын да сыйламайды, қоғамға да пайда келтіре алмайды” – дейді. Сондықтан да қазақ халқы өз ұрпағын бесікте жатқан кезінде ақ тәрбиелей бастаған.

Отбасы – мемлекеттің ірге тасы қоғамдағы әр шаңырақтың босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекетте де мықты болуы мүмкін емес. Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы жемісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрі де бар. Бұл әдет-ғұрыптар нәсілінің болашағын ескеруден туындаған. Қазіргі заманда ел егемендігін алып, тәуелсіздіктің байрағын көтерген рухани осы мұратымызға бір рет болса да ден қою заңды құбылыс. Ғасырлар бойы қалыптастырған інжу-маржан дәстүріміздің біразын жоғалтып алсақ та, біразын қайтадан көмескілендіріп алдық. Сондықтан да балабақшада балаларға тәрбие беруде ұлттық тәрбие дәстүрлерін басшылыққа алу басты талап.

Салт-дәстүр ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіру үшін баланың жас дара ерекшеліктеріне сай ұғымына байланысты ертегі, мақал-мәтел және алуан түрлі салт-дәстүрлерді педагогикалық тұрғыдан іріктеп алу керек. Балаға ұлттық тәрбиені дер кезінде меңгерту тәрбиешінің басты міндеті. Балабақшадағы балаларға ізеттілікті, кішіпейілділікті, қайырымдылықты үйрету тәрбиелеу. Оның бастамасы қазақ халқына тән үлкен бір ерекшелік “сәлемдесу” дәстүрі. Сондықтанда қазақ халқында “Сәлем - сөздің атасы”- деген мақал бар.

Ендеше баланың үлкендермен қарым-қатынас жасауының басты әліппесі сәлемдесуден басталады.

Бұл дегеніміз – қазақ ауылында кіндігі кесіліп, туған халқының әдет-ғұрпын тасындай қалап, дәстүрін жадына жылудай жинап, асыл тілін аманаттай ардақтап, дінін дініне тұмардай тағып, салтын санасына сыбағадай сақтап және олардың бәрін құрандай қастерлеп өскен ұрпақ екенін білдіру. Оның мақсаты ата салтымыздың асыл мұрасы мен алтын қазынасын көпшілікке, кейінгі жас ұрпаққа ұсынып, оны оқып үйренуді өмірге еңгізуді аманат деп тапсыру.



Бала тәрбиесі бесіктен



«Отан отбасынан басталады» дейді халық. Отбасының екі тірегі - әлпештеген әке мен аялаған ана. Әке – шеше арқылы өрбіген тұқымның туыстық – адамгершілік қатынастары жүйеленіп, әлеуметтік, қоғамдық құрылысқы байланысты қалыптасқан.

Әрбір отбасында әкеге байланысты: баба, кейуана, ана, әже, әке, аға, іні, қарындас; ал шешеге байланысты: түп нағашы, нағашы ата, нағашы әже, нағашы ағағ нағыш әпке, нағашы іні, нағашы қарындас деген туыстық ұғымдар бар.

Отбасындағы туыстық қатынастар әкенің жақындығына байланысты қалыптасқан. Отбасындағы әрбір адамның туыстық қатынасқа байланысты міндеттері, парыздары, борыштары бар. Міндет – күнделікті іс-әрекет арқылы имандылық пен қайырымдылық рәсімдерін орындау әрекетін іске асыру жолы.

Парыз – міндетті іске асырудың қалыптасқан әрекеттері. Борыш – ата-анаға, үлкен адамдарға қызмет етіп, әкенің еңбегін, ананың ақ сүтін өтеу үшін жүргізілетін салтқа айналған қайырым іс-әрекеттер және ол «қарыз» деген сөздің де баламасы. Яғни бала өзін әлпештеп өсірген ата-ана алдында олардың жан аямай жасаған еңбектерін өтеуге қарыздар. Егер ол нағыз адам болса, ең әуелі ата-ана алдындағы борышын өтеуді өмір жолына мақсат етіп қойып, сол мақсаттарды орындауға жан-тәнімен әрекет жасап, еңбек етеді.

Отбасының қос шынары – ала таудай атасы және аналардың анасы - әже. Ата – береке, мейірім, өнеге даналықтың қайнар көзі, ата салтын алға апарушыларға үлгі беретін, қсиетті ісімен сый – құрметке бөленген қадірлі қария. Атаны сыйлау – ата-бабаны, елді сыйлау, ал әжені құрметтеу өмірді құрметтеу болып табылады.

Әкенің негізгі мақсат-баланы өмірге баулу,тәлім беріп тәрбиелеу. «Мен балам үшін өмір сүремін» дейді әзіз әке.Әкенің үлгі-өнегесі арқылы, нұсқауы, талап етуі – бала үшін бұлжытпай орындайтын заң іспетті.

Ақ сүт берген ана баласы үшін жанына да аямайды. Қазақта «Әкемді алсаң ал, құдай, шешемді қой, шекпен тоқып берсе де, өлмеймін ғой» деген мақал бар. «Түн ұйқысын төрт бөліп, суық бесік таянған, түнде шошып оянған» ананың ақ мейірімі, оның қызметі, еңбегі бағаланбаса, ол – қорлық. Бірақ ана бәрін де кешіреді, аналық міндеттерін айнытпай орындай береді.

«Әпке» деген сөз «апа » деген түбірге «еке» деген сыйласым қосымшанының жалғануымен қалыптасқан. Әпке – екінші ана. Ол - әрі анаға көмекші, әрі өзінен кіші ұрпақты тәрбиелеуші. «Ағасы бардың жағасы бар» дейді халық. Аға - әкеден кейінгі отбасының иесі. Ол - әрі әкеге көмекші, әрі отбасындағы бар тірліктің басқарушысы, тәрбиеші, тәлімгер. Аға ініге, қарындасқа үлгі - өнеге көрсетіп, оларға қамқоршы болуға міндетті.

«Інісі бардың тынысы бар» деп, халық інінің ағаға көмек көрсетіп, оған сүйеніш болатынын уағыздайды. «Аға – бордан, іні зордан» деген мақал ағаның кешірімділігін іні пайдалана бермей, іні одан да зор болып, яғни асып түсуге тиіс деген ұғымды білдіреді. Іні ағаны ардақтап, ақылына тәнті болуға, кеңесіп отыруға міндетті.

Інісі мен қарындасы ағасын әкесіндей сыйлауы керек.

Қазақта «қарындасын сыйламағанның қары сынсын» деген мақал бар. Ұлттық дәстүр бойынша қыз баланы, әсіресе, ең кіші қызды әлпештеп аялау - әрбір отбасының міндеті. Қыз баланы сыйлай білу, оның көңіліне қаяу салмау, бар жақсылықты әуелі қызға жасау – ұлттық дәстүрдің салтқа айналған үрдісі. Ал қарындас ағасына қызмет етуді, әпкесіне көмек көрсетуді өзінің негізгі міндетім деп, инабаттылық қарым қатынаста болуы керек.

Отбасында ағасының жұбайы – жеңгесі болса, ол да ананың міндетін атқарады. «Жеңге» деген – қастерлі де сыйлы ұғым. «Жеңгесі бардың теңгесі бар», «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дейді халық. Жеңгені анадай сыйлау қажет.

«Бір үйде қанша болсаң, бір-біріңе меймансың», «Бір-біріңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп, халық отбасындағы сыйласымды жоғары бағалайды. Әке, жәке, көке, апа, апатайым, ағатайым, айым, күнім, панам, алтыным т.б. ізетті сөздермен сыйласым рәсімдерін іске асырып отыру – отбасындағы әрбір адамның парызы. Отбасындағы сыйласым – қуаныш, бақыт, қызықты өмір!

Қазақта «Жеті атасын білмеген - жетесіз» деген мақал бар. «Жылқы жеті тегіне тартып туады» деп, халық адамның арғы тегіне тартып туатындығын айқындап, «Біреу әкеге тартып туады, біреу әкеден артып туады» дейді де, ұрпағының мейілінше «артып туғанын» тілейді.

Жеті атаға дейін жақсы білудің әдептілікке әсері мол, яғни шөпшек бабасына дейінгі туыстық тегін жақсы біліп, халықтық салт-сана бойынша, туыстық қатынаста қалыптасқан парыздарын орындап, борыштарын өтеуге міндетті.

Ата текті білуге туыстық, жақындыққа байланысты: баба, ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, туажат, жүрекжат деген ұғымдар бар. Атаның баба алдындағы зор міндеттері баланың, немеренің, шөберенің, туажаттың, жүрекжатты алдында жалғасады, ол әдептілік қарым-қатынас ру, ел, ұлт, ұлтаралық, бүкіладамзаттық мәнде дами қалыптасып адамгершілік парызды өтеуге міндеттейді.

Адам баласының адамгершілік қарым-қатынасындағы атаға, руға, ұлтқа бөліп, адамдық асыл сезімдерге жол бермей, күндестік, бақталастық, дүние таластық тудыруға, әдепті бұзып, адамгершілікке қиянат көрсетіп, қылмыс жасау текті сыйламаудан, адамдық қасиеттерді қастерлемеуден туындайды. Тегіміз – адам. Біз адамдық қасиетке иеміз.

«У ішсең руыңмен» дегенде, халық тек руыңды сыйла деп тұрған жоқ, әуелі руыңнан бөлектеніп кетпей, сыйласымды отбасыңнан, жақыныңнан баста деп, отан сүйгіштікке шақырып, отанды сүю отбаснан басталатынын уағыздап тұр. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп, халық сыйласымның бастауын айқын көрсетеді.

Абай атамыз: «Атаның ғана баласы болма, адамның баласы бол» деп, адамгершілік қарым қатынас руға бөлінуге байланысты болмау керектігін басып айтқан болатын. Әкеңді сыйласаң, атаңды құрметтей білесің, бабаңды қастерлеп, бабаның өнегесін орындайсың да, еліңе елеулі, халқыңа қалаулы, бүкіл адам баласына лайықты әрекеті мен әдептілігі бар жан екендігіңді танытасың.

«Қарындасына бұрмағанның қары сынсын» деп, халық жан бауырына әділетті, адал болып, оған жақындық көрсетпегенді қатаң қарғайды. Өйткені бүкіл адам баласын сыйлау ең әуелі отбасынан, аталасты, руласты, ұлттық сыйлаудан басталады. Руыңды сыйла, бірақ басқа руға қарсы болу – қылмыс, онымен де жақындас, ұлтыңды ардақта, бүкіл адам баласын құрметтей біл. Міне біздің халқымыздың имандылық дәстүрлерінің түпкі мақсаты осындай.

«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп. Халық жас ұрпақты бірлікке шақырады. «Ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен ауылдас бол, Қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен ауылдас бол.» деп ұлы мен қызының тәрбиесіне бесікте жатқан кезінен бастап көңіл бөлген. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп, аталарымыз «бөлінуді» бәрінен де жек көріп, қатты қарғайды. Өйткені адамгершілік асыл қатынастарды іріту, бірлікті бұзу – ең ауыр қылмыс, ондай қылмыс бүкіл адамзаттық асыл қасиеттерге кесірін тигізді.

Текті білу дәстүрі ата текке байлынсты туыстық қатынастарды әдептілікпен, имандылықпен орындау отырып, одан әрі дамып, жекжат – жұрағатымен, отандастарымен, жалпы адам баласымен халық қалыптастырған адамгершілік қатынастардың болуын уағыздайды.

Жас баланың жаны мен тәнін тәрбиелеген халық оның түрінде ақылды да жігерлі, көкірек және саналы, өз жерін қорғай алатын оның болашағын ойлайтын адамды көргісі келді. Сондықтан өсіп келе жатқан жас буынды тәрбиелеу үшін халық педагогикасы тәрбиелеудің көптеген әдіс-тәсілдерін, түрлерін және құралдарын пайдаланды; тәрбие берудің алуан түрін: дене, еңбек, эстетикалык, интеллектуалды, рухани- өнегелілік, ерлік-отансүйгіштікті қолданады.

Тәрбиенің басы отбасынан басталады. Бала дүниеге келгеннен 5-6 жасқа дейін ата-ана немесе ата, әже қарамағында болады.

Қазақ отбасындағы тәрбие ісі ғалым Ш. Ахметовтың 8 түрлі мәселені зерттеулер негізінде қамтыған.

  1. Тәрбие басы алдымен әдептілікті үйретуді көздеген.

  2. Баланы қайырымды, иманды, мейірімді болуға тәрбиелеген.

  3. Тіл алғыш елгезек болуға баулыған.

  4. Адал сыншыл болу.

  5. Өнегелі ұстаз бен көпті көрген қария сөзін тыңдап “ақпа құлақ болмай, құйма құлақ бол” дегенді бойға сіңірген.

  6. Үлкенді, ата-ананы сыйлауды үлкен және ең басты міндет етіп қойған.

  7. Кісі айыбын бетіне баспайтын, біреуге орынсыз тіл тигізбейтін азамат бол, қаріп-қасірлердің табиғи кемдігін бетіне баспа деген.

  8. Ел қорғаған батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса деген

Сан ғасырдан бері жинақталған ойшылдардың, даналардың, шешендердің, ұстаздардың педагогикалық идеялары халықтың өмір тіршілігімен, кәсібімен, ұлттық тәрбие дәстүрімен қоғамнан қоғамға жалғасып, дамып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған.

Бұлардың бәрі тәрбиені жетілдіру талабынан туған еді.



Салт-дәстүрлердің бала тәрбиесіндегі тәрбиелік мәні




Салт-дәстүр дегеніміз – халықтардың кәсібіне сенім нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыс. Ол отбасылық тәрбиеден қалыптасады. Жеке адам жаңа салтты ойлап шығара алмайды. Бүкіл халық ел жұрт уақыт озған сайын салт-дәстүрге жаңалық енгізіп, оны қоғамдық болмыс көріністеріне бейімдеп өзгертіп отырады. Ал жаңа қоғамдық қатынастарға қайшы келетіндері жойылып өмірге қажеттілері жаңа жағдайда ілгері дамиды.

Ұлттық салт пен дәстүрдің тууы ұлттың ұлт болып қалыптасуына байланысты. Қазіргі ғылыми дәлелдеулер бойынша қазақ ұлтының алғаш пайда болуы ХІІІ-ХІV ғасырлардан басталады деп жүрміз. Олай болса сол дәуірден бері қарай қазақтың көптеген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қалыптасып дамыды.

Ұлттық салт дәстүрлер – тарихи процесс. Көптеген дәстүрлер ұлттың ұлт болып қалыптасуынан бұрын пайда болған. Сондықтан ол кейде бір талай ұлттарға ортақ мәнді дәстүр болып келеді. Мысалы: асар-қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түркмен халықтарына ортақ өте ертеден пайда болған. Ал қазақ халқында кейбір дәстүрлеріміз ұмыт болған.

Мәселен қазақтың жаугершілік заманында құрдас батыр жігіттердің ұлы жорыққа аттанар алдында ақ қой сойып, қанына найзаларын малып “Өлсек бірге өлеміз, опасызды ант атсын” деп тас түйістіріп анттау немесе әке-шешенің асырап алған баласы мен туған балаларының саусақтарын ақ қойдың бауыздау қанына малғызып “қаны бір бауырлық” деп ант ішкізеді екен. Ал қазіргі уақытта бұрын болмаған ақ шашты қариялардың алтын, күміс неке тойларын жасау бүгінгі салт-дәстүрден тұрақты орын алған.

Халық “Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар”, “Әдет - әдет емес, жөн - әдет”- деп заман талабына сай дәстүрлерді дәріптеп тәлім тәрбиенің пәрменді құрылысы ретінде пайдаланылып келген. Мысалы: көп жылдары бойы “діни мейрам” деген жаңсақ көзқараспен Наурыз мейрамын еліміз мүлде атаусыз қалдырып, қазіргі демократия кезінде ол қайта жанғыртылып жалпы халық мейрамына айналды.

Әрбір ұрпақтың өмір тәжірибесінде екшеленген идеяларының, сұрыпталған моральдық ережелері мен нормаларының жыл озған сайын үстемеленіп дамып отыруында.

Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ерекшелігі мен қасиеті тәрбиелік әсер ықпасында өміршеңдігінде, жаңа дәстүрдің туып, дамып, қалыптасып тәрбие құралы ретінде кейінгі ұрпаққа мұра болып қала беруінде.

Қазақ халқының салт санасында ата-ананың арман тілегі ерекше көрініс тапқан, бірақ бұл асыл қазыналар тоқырау кезінде нағыз тәрбие құралы бола алған жоқ, қайта жыл озған сайын тәрбиеден шеттеп шығып қалып отырды.

Қазақ дәстүрінде баланы әлдилеу, жұбату, ойнату, тәрбиелеу үстінде оның алдына неше алуан тілек - мақсат қою өлеңмен жырмен, әнмен көркем сөз айшықтарымен айтылған.

Қазақ халқы жас ұрпақты ерлікке, отаншылдыққа, адамгершілікке, өткір тілді шешендікке, еңбекке, өнерлі шебер болуға, өнерліні құрмет тұтуға, туған жер табиғатын, ерлік дәстүрін сүюге тәрбиелеген.

Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай. Салт-дәстүр халықтың белгілі бір әдет-ғұрыптарына байланысты туған.халық өз ұрпағының “Сегіз қырлы, бір сырлы”, өнегелі өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата-бабадан қалған бар асыл қасиеттерін әлденеше ғасырлар бойы өлең жырмен насихаттады. Әсіресе “Өнер алды – қызыл тіл”, “Жер астында жатқанды қазбай тіл табар”- деп саналы сөзді сары алтыннан артық бағалаған халқымыз тілді тәрбиенің пәрменді құралы, ақыл ойдың асыл қоймасы деп таныды.

Қазақтың айтыс өлеңдерінде, терме толғауларында, бесік жырларында, ертегі, аңыз-әңгімелерде, мақал-мәтел, нақыл сөздерінде ел тағдыры, келер ұрпақ қамы, бас бостандығы, адамгершілік ар-ождан мәселелері жан-жақты сөз болып, дидактикалық ақыл өсиет, насихат түрінде айтылып, ол халықтың қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, баланы бесікке салу, өлікті жөнелту сияқты дәстүрлері жиындарында марапатталып келді. Сол арқылы көпшілік қауымға әсіресе жастарға өнеге айту, тәлім-тәрбие беру, салт-дәстүрді оқыту көзделді.


Кесте 1.Салт-дәстүрлердің түрлері

hello_html_m232787f8.gif























  1. Баланың дүниеге келуі ат жалын тартып мініп, отау тігіп азамат болуына дейінгі салт-дәстүрлер: шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет тойы т.б. және қыз бала мен ұл баланы келешек отбасы – жанұя құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған азаматтық жөн-жорғылар кіреді.

  2. Тұрмыс салт-дәстүрлері – қазақтың киіз үйі, үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа қатысып, кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді.

  3. Әлеуметтік мәдени салт-дәстүрлерге қазақ ауылы, ауыл адамдарының туыстық қарым-қатынастары, шешендік сөз өнері, қазақтың ұлттық музыка аспаптары, үйлену, үй болуға байланысты салт-дәстүрлер, қонақ күту, халықтың ұлттық мерекелерді өткізу, өлікті жөнелту рәсімдері, әдет ғұрыптары жатады.(кесте 1)

  4. Қазақ халқының қол өнері деп біздің халықтың байырғы заманнан бергі қолданып келе жатқан өру, тігу, тоқу,мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты творчествалық өнер жиынтығын айтамыз. Шын мәнінде қол өнер түрлерінің әрқайсысының өзіндік тарихы бар.

Қазақ халқының өзінің күн көрісіне қажетті үй жай салуда үйге қажетті тұрмыс жағдайының барінеде өзінің қолдан жасалған бұйымдарын пайдаланғаны бізге мәлім. Әрбір бұйымдарды күнбе-күнгі тіршілік барысында пайдаланса,әсем бұйымдар жасап өмірде де сән салтанат құра білген! Қазақтың өрнекті әшекейімен істелетін қолөнерінің түрлері де , атаулары да өте көп. Солардың ішінде ерекше ою-өрнекке тоқталып өтсем.

Нақтылай келсек ою мен өрнек сөзінің мағынасы бір. Бұл екі сөздің ұғымында бір нәрсені кесу немесе ойып алу деген мағыныны білдіріді.

Қазақ халқының осы салт дәстүрлерінің ерекшелігі мен қасиеті, тәрбиелік әсер, қимылы да дәстүрдің дамып, қалыптасып тәрбие құралы ретінде кейінгі ұрпаққа мұра болып қала беруінде.

Құрсақ шашу. Жүкті болған келіннің енесі ауыл әйелдерін шақырып қонақ етеді. Олар өз үйлерінен бір-бір дәм пісіріп әкеледі. Оның себебі – келеннің жерік болып жүрген асын тауып беру.

Жарыс қазан. Толғата бастаған келіннің енесі қыстай сақтаған жылы-жұмсағын қазанға салып «жарыс қазан» асу қамына кіріседі. Бұл келін тез босансын деген ниеттен туған ырым.

Баланың тууы. Қазақ халқының көпшілік дәстүрлері баланың дүниеге келуімен байланысты туған. Перзенттің шыр етіп дүниеге келуі ата-ананың ғана емес бүкіл ауылдың қуанышы. Міне осы күндері “Шілдехана” немесе “Шілде күзеті” өткізіледі.

Шілдехана. Жаңа туған нәрестені әртүрлі «жын-шайтан», «перілердің» салқынынан, қорғап, күзету үшін өткізіледі.

Сүйінші. Немерелері болған әже сүйінші сұратып жас балалар мен келіндерін жан-жаққа жібереді.

Балаға ат кою. Нәрестеге үш күннен қалмай ат қойылады.

Бесікке салу. Кіндігі түскен баланы бес күннен кейін бесікке салады. Бесік – нағыз халық мұрасы бабаларымыздың ғасырлар бойы тұтынып келген ата мүлкі. Бесікті Орта Азия мен Кавказ, Үнді мен Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі пайдаланған, әлі де пайдаланып келеді. Қазақ бесігі талдан, қайыңнан иіліп жасалады. Бесікті дүниеге әкелген “аттың жалы, түйенің қомында” өткен көшпелі тұрмыс тіршілік.

«Ел болу үшін, бесігіңді түзе» (М.Әуезов)-деген сөздің мән-мағынасына ой салсақ, ол-тәрбие ұрпақты дүниеге келтіруден басталады; сол-тәрбиенің дәстүрлік, салт-саналық бастаулары мен бағдарларын жан-жақты пайдаланып, даналықпен дамыта білу керек деген өсиеттің мәнін ұғамыз

Баланы бесікке бөлеген әже баланы тербете отырып ақырын ыңылдап бесік жырын айтады:

Әлди-әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем,

Астына терік салайын,

Үстіңе тоқым жабайын,

Ауылдан кеткен апаңды,

Қайдан іздеп табайын.

Баланы қырқынан шығару. Қырық күн толғаннан соң нәрестенің «сүт тырнағы» мен «қарын шашын» алып, теңгелер салған ыдысқа кырық қасық су құйып, шомылдырады.

Тұсау кесер – сәби тәй-тәйлап жүре бастаған кезде ата-анасы баланы тез жүріп кетсін деген оймен “тұсау кесер” тойын жасайды. Алдымен тұсау кесер күні белгіленіп арнайы қонақтар шақырылады. Жиналған көпшілік арасынан көбінесе жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті қасиеттері мен көзге түсетін қағылкез пысық адам таңдалып алынып нәрестенің тұсау кесерін соған тапсырады.

Әдетте қазақтар бала тұсауын ала жіппен, қылдан ескен шыжыммен немесе ішекпен кескен. Тұсау кесер сәті алдында тәтті дәмді тағам салынған дастархан жойылады. Дастархан жанына қазық қағып тұсаулы баланы арқандап қояды. Бұдан соң “жүйрік бол”, “шауып кет” деп таңдалып алынған адам, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң сәбиді екі адам ортаға алып асығып тез-тез жүгіреді. Осы кезде “тұсау кесер” жырын айтады.

Қаз-қаз балам, қаз балам

Қадам бассаң мәз болам.

Қаз-қаз балам қаз балам

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін

Тұсауыңды кесейін.

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық.

Қаз-қаз балам жүре ғой!

Тілашар тойы. Бүлдірішінің, тілі жеке-жеке сөздерді айтуға икемделе бастаған кезде, тілі тез шығуы үшін дәстүрлі «тілашар» тойы ырымын жасайды.

Атқа мінгізу тойы. Баланың буыны бекіп, ат үстінде өзін-өзі ұстап отыра алатындай жағдайға жеткенде ашамай ерге мінгізіп үйретеді.

Сүндет тойы. Ер балаларды 5, 7 не 9 жасында сүндетке отырғызады.

Тоқым қағар. Бала бірінші рет үйінен алысқа жолаушылағанда өткізіледі.

Халық балаға табиғат тамашаларын танытып, еңбекке баулыған. Қазақ баласы табиғат аясында малын бағып жүріп айнала қоршаған дүниені танып төрт түліктің дыбысын ажыратып, табиғаттың сан қилы құбылыстарын, дала мекендеушілерінің қимыл-әрекетін, тіршілігін бақылап, олардың өмір сүруін танып білген. Халық оларға арнап әндер, тақпақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаш, жұмбақ және өтірік өлеңдер, қанатты сөздер ертегілер, музыкалық ойындар шығарып күнделікті бала тәрбиесіне қолданылып, осы құралдар арқылы баланың сезімін оятып, рухани дүниесін байытып еңбекке баулыған.

Сонымен қоса қазақ халқы жас ұрпақты әдепті, сыпайы, үлгі өнеге тұтқан азамат болуды көздеген. Сол себепті жасы үлкенді сыйлап атын атамай, ата, әже, апа, аға, тәте, жеңге, көке, әпке десе, жас кішіні інімен, қарындасы т.б. деп құрметпен тәрбиелеген.

Қазақтың ұлттық ойындары ертеден келе жатқан дәстүрдің бірі.

Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Солардың қай –қайсысы да адамға, оның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлт ойындары.

Халық өзінің қоршаған дүниенің қыры мен сырын егжей – тегжелі білуді баланың санасына ойын арқылы жастайынан сіңіре білуді көздеген. Ойын бала табиғатымен егіз. Өйткені, бала ойынсыз өспек емес, жан –жақты дамымақ емес. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады.

Баланың бойында ойлау тапқырлық шыдамдылық ұйымдастырушылық белсенділік қасиеттері қалыптасады.

Алтыбақан – жаз күндері ойналады. Алтыбақан тебушілер екі-екіден жақтаудағы екі арқанға отырады да ортадағы арқанға аяқтарын тіреп, бір адам ақырындап қозғап ойнайды.

Қазақша күрес – ежелгі спорт ойыны. Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерін жетілдіріп, ептілікке, төзімділікке, батырлыққа, әдіс таба білуге үйретеді. Жасына сай ортаға екі жас бала шығып күреседі.

Арқан тартыс – көгалда, спорт залында өтеді. Ойыншылар екіге бөлініп арқанның екі ұшынан ұстайды. Ойыншылардың мақсаты – екі топтың бірі ортасын сызықтан бұрын сүйретіп өткізу. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді.

Ат жарыстары. Бәйге. Бәйгенің тұрі көп. Ол жылқы малының жасына қарай бөлінеді. Бұның мақсаты баланың еңбекке, малға деген сүйіспеншілігіне, мықтылығына, батылдығына, табандылыққа, тапқырлыққа үйретеді. Жарыс түрлері: тай жарыс – 1 жасқа келген жылқы, құлан жарыс – тай кезінде бәйгеден озып келген екі жасар жылқы, дөнен жарыс – төрт жасар алысқа шабатын жылқы.

Жорға - өзінің жұмсақ та, тайпаша жүрісімен көзге түседі.

Аударыспақ – спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, батылдықты талап етеді. Бұл ойында екі салт атты бірін-бірі аттан аударып алуға тырысады. Бұған ат үстінде айқасты жақсы меңгерген спортшылар қатысады.

Теңге алу – бұл ойын тегіс жерлерде өткізіледі. Жердің ойық тұсына шүберекке түйілген зат немесе теңге тастап қояды. Ойыншы тартпалы мықты атқа мініп 30-40 метрдей жерден шауып бара жатып ойық жерде жатқан затты еңкейе беріп іліп алады. Егер іліп алса зат өзінікі болып саналады.

Қыз қуу - қазақтың көне ойындарының бірі. Бұл ойын тәртіп бойынша жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген.

Егер ер жігіт жарыста жеңілсе ол өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін қызбен некелесуге құқығы жоқ.

Егер қыз жеңілсе ешқандай қалың малсыз жігітке тұрмысқа шығатын болған.

Ойын тәртібі қыз бен жігіт – сөреге шақырылып, жігіт қыздан 10-15 метр кейін тұрып жарысқа қосылады. Жігіт қызды қуып жетсе, өзінің жеңгендігін білдіріп қыз бетінен сүюге тырысады. Ал қыз қуғыншыдан құтылып сөреге бұрын жетуге тырысады. Қазіргі уақытта бұл ойын жай қыз бен жігіт арасында өтеді.

Асық ойындары – ұлт ойындары ішінде арыдан келе жатқан ойын. Асық ойындары баланың жастайынан нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Бұл ойынды еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ойнайды. Бұл ойынның түрлері көп. Мысалы, алшы, омпа, тасқала, қан талапай т.б.

Көкпар – жаппай тарту және дада тарту деп екіге бөледі. Жаппай тарту,а жеке адамдар тақымдасып қол қайырады, тақым күшін, батылдығын, ептілігін көрсетеді.

Дода тарту жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Көкпарға лақ тартылады. Ол жеңіл суға салынып мықты болуы үшін ішек қарнын алып терісі тігіледі. Оны біреудің үйінің алдына апарып тастайды. Оны көбінесе үбірлі-шүбірлі немесе баласы жоқ үйлерге тастайды. Себебі, баласыз үй балалы болсын, көп балалы үйдің өзгелерге жолын берсін деген жақсы ырым.

Көп жағдайда балалар тез ұйымдасып кетпейді: яғни толып жатқан ұғымдары бірінші күннен бастап түсіндіре қою қиынға соғады. Мәселен, оның тәрбиеші үшін қиындығы емес, балаларды меңгеріп алуының күрделігінде. Сондықтан алғашқы бес – он минутты тәрбиеші ұлттық ойындардан бастап, балалардың қимыл – бірлігі қалыптасып, бір – біріне жақындасаған кезде, ойыннан оқу іс - әрекетіне біртіндеп көшкені жөн.

Балалардың назарын оқу іс - әрекетке аудару үшін тәрбиеші 5-10 минут қимыл – қозғалыс ойындарын ойнатып, олардың көңілдерін басқа жаққа аударады да, соның негізінде пайда болған ерік – жігерлерін негізгі материалдырға аударады.

Балабақша балалары үшін демалыс уақыттарында ойналатын ұлттық ойындарын іріктеп балалардың жас ерекшелігіне байланысты ойнауды ұсынған дұрыс. Дене шынықтыру іс- әрекетінде халық ойындарын пайдалану жасөспірімдердің тек дене тәрбиесіне ғана әсерін тигізіп қана қоймай, олардың жан – жақты дамуына, сана – сезімінің өсіп, жетілуіне айтарлықтай әсер тигізеді. Тәрбие процесі кездерінде бір – бірімен ұштасатын дәнекерлердің бірі – ұлтық ойындар. Бос уақыттарында өтілетін, жүргізілетін тәрбие жұмыстарына көп көңіл бөлінбейінше жақсы нәтиже бермейді.

Тәрбиешілер ұжымы осы белсенді балалардың көмегімен, оқу іс - әрекет үстінде, бос уақытта ұлттық ойындарды ойнатуды жалғастырады. Оған бақылау, басшылық жасайды.

Бос уақытта ойналатын ұлттық ойындары барысында



тhello_html_61edb417.gifынығады

бhello_html_38912f8c.gifhello_html_1de12b3a.gifhello_html_m3facf97.gifала өміртанымын кеңейтеді

бірлеседі

ұйымшылдыққа үйренеді


Төзімділік, шыдамдылық пен ұстамдылық өзін - өзі тежеу сияқты қасиеттердің қажеттілігін алғаш сезіну осы ұлттық ойындардан басталады. Мысалы, бос уақытта балалармен ойнауға мынадай қазақтың ұлттық ойындарын ұсынуға болады. «Айгөлек», «Арқан тарту», «Белбеу тастау», «Соқыр теке», «Қойыңа қасқыр шапты», «Ат қума», «Жаяу көкпар», «Түйе-түйе», «Омпы», «Жалау алу», «Қасқыр мен ешкі», «Алшы», «Хан», «Хан жақса ма?», «Күзетшілер», «Ұшты-ұшты», «Көрші-көрші», «Сақина жинау» тағы басқалары.

Өзге халықтар сияқты,қазақ елінің де бала тәрбиесі жөнінде атам заманнан бергі жиып-терген мол тәжірибесі бар.аға буын өз бойындағы ізеттілік,қайырымдылық,кішіпейілділік,әдептілік,елін-жерін,Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерін жас ұрпаққа күнделікті тұрмыста үнемі үйретіп,қаны мен жанына сіңіріп келеді.

Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағлымдарын оқып үйреніп,өнеге тұтпай тұрып,жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес.Себебі Л.Н.Толстой айтқандай: «Өткенді жақсы білмейінше,келешекке сапар шегу айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп адасумен пара-пар».

«Дәстүрдің озығы бар,дәурені өткен тозығы бар»дегендей, «жылтырағанның бәрі алтын емес».Қазіргі заман талабына тура келмейтін, мән-мағынасы өзгерген,ескірген салт-дәстүрлердің кейбіреулеріне сын көзімен қарай отырып,тәлімдік мәнін жоймаған әдет-ғұрыптарды бүгінгі пікірі мен талғамы жоғары жастардың кәдесіне жаратуды да ескерген болатын.

Ұлттың жан-күйі мен ұлттық мәдениет арасында тығыз байланыс бар.Ұлттық мінез-құлық ерекшелігі ұлт мәдениетінің түрлерінен көрініс береді.

Ұлт дегеніміз-адамдардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-этникалық, қауымдық бірлестігінің жоғары түрі.Қай халықтың болмасын ұлт болып қалыптасуы үшін қажетті факторлар: оның құрамына енген адамдар тобының материалдық тұрмыс жағдайларының, территориясы мен экономикалық өмірінің,тілі мен мәдениетінің,әлеуметтік хал-ахуалдағы сол ұлтқа тән кейбір этникалық ерекшелігінің ортақтығы болып табылады.

Ұлттық сезім дегеніміз-адамдардың туған жерге,өскен елге,ана тіліне,ұлттық салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігін білдіруі.Ұлттық сезім-адамды қоршаған ортаның (әлеуметтік-экономикалық,мәдени және жаратылыс құбылыстарының) сол ұлт өкіліне тартқан ерекше сыйы.

Ұлттық салт-дәстүрдің тууы ұлттың ұлт болып қалыптасуына байланысты.Қазіргі ғылыми дәлелдеулер бойынша,қазақ ұлтының алғаш пайда болуы ХІІІ-ХІV ғасырларда басталды деп жүрміз.Олай болса,сол дәуірден бері қарай қазақтың көптеген әдет-ғұрып,салт-дәстүрлері қалыптасып,дамыды.Оның озық үлгілері ұрпақтан-ұрпаққа көшіп,біздің дәуірімізге жетті.В.Г.Белинский салт-дәстүрдің өміршеңдігі жөнінде: «Әдет-ғұрып замандар сыннан өтеді.Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып,рудан-руға,ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады.Онсыз халық бет-әлпетсіз бейне,болымсыз тас мүсін тәрізді...»-дейді.Әрине әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі,әдет-ғұрпы болады.Олар сол халықтың ерекше белгісі болып сақтала береді.

Ұлттық салт-дәстүрлер-тарихи көне процесс.Көптеген салт-дәстүрлер ұлттың ұлт болып қалыптасуынан бұрын пайда болған.Сондықтан ол кейде бірталай ұлттарға ортақ мәнді дәстүр болып келеді.Мысалы, асар - қырғыз,қазақ,өзбек,тәжік,түрікмен халықтарына ортақ өте ертеде пайда болған дәстүр.

Салт-дәстүр халықтың тіршілік кәсібіне,наным-сеніміне,өмірге деген көзқарасына байланысты туып, қалыптасып, ұрпақтан - ұрпаққа ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады.

Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер.Қай халықта да жұбайлар отбасын құрған соң,олар баласы болуын арман етеді.Себебі бала-өмірдің жалғасы,отбасының жеміс берер гүлі,ерлі-зайыптылардың тіреу-діңгегі.Сондықтан да қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп ой топшылаған.

Жаңа үйленген жастар алғашқыда бала мәселесіне онша мән бермегенмен,жас келіннің аяқ басқаны,мінез-құлқы, жүріс-тұрысы тәжірибелі ененің көз қиығынан қалыс қалмайды.Баласынан немере сүйіп,ұрпағын өсіруді армандаған аналар келіні келе сала бала көтермесе,алаңдай бастайды.ал келіні көп кешікпей екіқабат болса,енесі келінін ерекше қамқорлыққа алып,аялайды.Осы сияқты қазақта көптеген салт-дәстүрлер бар. Мысалы,атап айтар болсақ, жеті ата, жеті жұт, жеті қазына, жеті жарғы, жеті күн, жеті жоқ және т.б.


Жеті қазына.

  1. Ер жігіт.

  2. Сұлу әйел.

  3. Ақыл,білім.

  4. Жүйрік ат.

  5. Қыран бүркіт.

  6. Берен мылтық.

  7. Жүйрік тазы

Жеті ата.

  1. Әке.

  2. Бала.

  3. Немере.

  4. Шөбере.

  5. Шөпшек.

  6. Немене.

  7. Туажат.

Жеті күн.

  1. Бүгін.

  2. Ертең.

  3. Бүрсүгүні.

4. Арғы күн.

5. Ауыр күн.

6. Соңғы күн.

7. Азына.

Жеті жұт.

  1. Құрғақшылық.

  2. Жұт (мал қырылу).

  3. Өрт.

  4. Оба (ауру).

  5. Соғыс.

  6. Топан су.

  7. Зілзала (жер сілкіну).

Жеті жоқ.

1. Жерде өлшеуіш жоқ.

2. Аспанда тіреуіш жоқ.

3. Таста тамыр жоқ.

4. Тасбақада талақ жоқ.

5. Аллада бауыр жоқ.

6. Аққуда сүт жоқ.

7. Жылқыда өт жоқ.

Адамзат қоғамының рухани және мәдени қорының қымбат қазыналарының бірі-халықтық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып.Қай халықтың болмасын бітім тұлғасы,психологиялық,этникалық жан-сезім белгілері оның өзіне тән дәстүрінен,әдет-ғұрып,салт-санасынан көрінеді.

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі,мәдениетінің арқауы.Ғасырдан-ғасырға,ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан ата дәстүрінің желісін үзбей халқымыздың асыл мұрасы ретінде бағалап,оларды көздің қарашығындай сақтап,ілгері дамытып отыру өркенді де өнегелі іс.

Дәстүр,салт қашан да адам қиялынан туындап,заман ағымына қарй байып,мазмұны тереңдеп отырады.Сондықтан бұған осы тұрғыдан қараған дұрыс.Әркім керектісін,көңіліне ұнағанын,көкейіне қонғанын қабылдап,іс жүзінде қолданса,оны ұлтымыздың озық салт-дәстүрлерімен байланыстырып,байытып мазмұндандыра түссе, нұр үстіне - нұр.



Әдеп сақтау-адамгершіліктің белгісі



Әдеп сақтау (этикалық қалып)-қазақ халқының тарихи қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі, әлеуметтік тәртіптің, борыш пен міндеттің заңды айғағы. Халық өмірлік практикада ешбір тыйым салусыз-ақ өз қалауынан адамгершілік мақсат-мүддеге сәйкес әдептілікті, әдеп сақтау жүйесін қалыптастырған. Әрине, «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің заңы басқа, иті бар қара қасқа» дегендей әдеп сақтаудың тарихи, таптық, әлеуметтік ерекшеліктері де болған, ал қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрі ешбір тапты, ұлтты, нәсіл мен жыныс айырмашылықтарын алаламайды.

Әдеп сақтаудың әлеуметтік (қоғамдық) мәні зор. Әулет, әлеумет, қоғам мүшелері қалыптасқан әдептілікті бұзбауға міндетті. Әдептілікті бұзған адамға кез-келген қоғам мүшесі (жасына, нәсіліне қарамай) өз пікірін айтуға, тыйым салуға ерікті, өйткені әдеп сақтау-әлеуметтік дәстүр.

Әдеп сақтау-этикет, яғни мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан, халықтық ережесі. Ол ережесі бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады, ұлттық рәсімге, тәртіпке, ережеге амалсыз бағыну емес, сол заңдылықтарды құрметтеу, қастерлеу атап айтқанда, адамгершілік борышты өтеу болып табылады.

Балалар бақшасында «әдеп», «әдептілік» деген сөздер айналасында әңгіме, ойын ұйымдастырылады, ертеңгіліктер өткізіледі. Көшеде жүру, көпшілік ортасында болу, үлкенге орын беру, кішіге қамқорлық жасау, қарт адамды қадірлеу ата-ананы ардақтау, жолдастық қарым-қатынас, сәлемдесу, табиғатты қорғау тақырыптарында тәрбиешілер әдеп сақтау жөнінде жоспарлы түрде тәрбие жұмыстарын жүргізеді.

Балабақшада әдеп сақтау дәстүрі балалар ұйымдарының тәрбиелік жұмыстарымен байланыстырылады. Тәрбиеші «Әдеп әлемі»атты апта тақырыбымен байланыстыра отырып «Имандылық» «Әдептілік деген не?», «Әдеп сақтау-адамгершілік», тақырыптарында оқу іс - әрекеттерін өткізеді.

Балаларды адамгершілікке тәрбиелеу халқымыздың салт-дәстүріндегі негізі мәселелердің бірі десек, салт-дәстүрлеріміз - халықтық тәлімдік тәжірибе. Салт-дәстүр ұлттық тәрбие. Оны әрі қарай жалғастырып, дер кезінде меңгерту тәрбиешінің міндеті.

Адамзатқа тән тұрмыстық сұрақтарға жауап іздеу қажеттілігі адамдарда мақал-мәтелдерге, ертегілерге, әндерге және халық ауызекі шығармашылығының басқа да жанрларына деген сүйіспеншілігін дамытты. Сонымен қатар осы аттас ертеңгіліктер ұйымдастыру арқылы халық шығармашылығын да пайдаланудың рөлі артады, оның негізінде балалардың ой-өрісін, қиялын, эстетикалық, адамгершілік сезімдерін дамыта отырып, олардың халық шығармашылығына сүйіспеншілігін, еңбек сүйгіштікке деген көзқарастарын арттырады.

Қазақ халқы-рухани зор байлықтың мұрагері. Ол өзінің өрісі биік, сан салалы өскелең мәдениетіне бір күнде, бір ғасырда жеткен жоқ.

Қазақ халқы – сөз қадірін біліп, қасиетті сөзді қастерлеп, аузынан тастамай, өнеге ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен, терең мағыналы сөздермен зерделеп келе жатқан халық. Халық даналарының аузынан шыққан мақал-мәтелдер, шешендік сөздерді үлгі етіп, ұрпақ тәрбиесіне пайдалану дәстүрге айналған.


Бесік

Көшпелі өмір кешкен қазақ халқының аса қастерлеп ұстаған мүлкі бесіктің қадір-қасиетін кім білмейді? Бесік – өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ер жеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл бұйымы емес пе?! Қазақтар бесікті қарағайдан, қайыңнан, көбіне талдан жасайды. Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры осында. Бесік көшіп-қонатын қазақ тіршілігіне өте ыңғайлы. Оны түйе үстіне, өзге жүктермен қоса артып жүре береді. Кейде бала бөленген бесікті де осылай алып жүретін болған. Бұл қазақтың «баланың ұйқысын бұзған періштенің үйін бұзғанмен барабар» деген ұғымына толығымен сай келеді.

Ал бесіктің құрылымы балаға гигиеналық тәрбие беруге лайықталған әрі алып жүруге жеңіл, ықшам және берік. Ол баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қалай қолайлы болса, көшіп-қонып жүргенде, баланың өзінің де денінің сау болып өсуіне де тиімді.

Бесіктің жабдықтары – түбек, шүмек, құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, екі тартпасы. Түбектің түбіне күл салып қоятын болған, оның бір себебі бесікті тербеткенде нәрестенің зәрі шайқатылмау үшін, ал екіншісі оның күлге төгіліп, жылы бу шығарып тұруы үшін. Шүмекті қойдың асықты жілігінен жасаған, ол айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатылған.

Бесіктің тал бесіктен басқа «аспалы бесік» деп аталатын түрі де болған. Жалпы ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Мұны бабаларың Төле бидің мына бір әңгімесінен байқауға болады: Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, үдере көшкенде, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төлемен қатар келе жатқан кісі : «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», - дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», - деген екен.

Бесік туралы сөз еткенде, қазақтың бесікке салу ырымы жайлы айтып кету, әрине, парыз. Өйткені ата-бабамызда кез келген салт-дәстүр өзінше мағыналы да сәнді болған ғой. Бесікке салу рәсіміне ауыл-үйдің әйелдері шақырылады, олар өздерінің шашуға деген кәделерін ала келеді. Ал бесікке салу жолы ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Бір-екі келіншек бесікті жақсылап жабдықтаған соң, алдымен, бесікті отпен аластап алады, сосын «тыштырма» жасайды (бесіктің түбек салынатын тесігінен балаларға тәтті үлестіріп беру осылай аталады). Бұдан соң нәрестені айналып-үйіріліп отырып бесікке бөлеп, оның үстіне, баланы әруақтар қорғап жүрсін деп, ата-бабадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп, аттың тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп, қамшы қояды. Қайсыбір жерлерде бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар жабады. Сонан соң бесікке салған әже оның үстіне мініп алып, қолына қамшы ұстап, атпен шапқандай болады. Отырғандар: «Әже, қайда барасыз?» деп сұрайды да, әже оларға: «Меккеге барамыз», «Байдың аулына барамыз», «Жеті қат аспанға, Күн астындағы Күнікей қыздың аулына қыз айттырып барамыз!» т.с.с. қызықты жауаптар қайтарады. Осылайша бесікке салу рәсімі ойын-күлкі, тамашамен аяқталады. Бесікке жабылған таза маталарды үй иесі отырғандарға, өздерінің орнына қарай үлестіріп, сыйға тартады. Бұдан соң жас аналар қосылып «Бесік жырын» айтады.

А. Мұсабекова


Дастархан


Қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімінің бір өзгешелігі –дастархан жайып, кімді болса да адал көңілмен қарсы алатын кең пейілдігінде, меймандостығында. Қазақ үйіне келген адамға дастархан жайып, қонақжайлылық ниет білдірмеген адамды «қазанын қара суға малып отырғандай» деп кемсітетін болған. Сондықтан да қазақ халқы танысын, танымасын үйіне бас сұққан адамға «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп қарап, дастархан жайып, барын оның алдына қойған.

Қазақ – намысшыл халық. Қонақтан тамақ үшін ақы алу деген оның әдетінде мүлдем жоқ. Бұл көргенсіздік саналып, ырымға жаман деп есептелген. Расында да қазақ «дастарханы қурап тұр» дегізбеу үшін, өзінің ең дәмді асын қонағына сақтап отырады да, реті келгенде, оны дастарханға қояды. Қазақтың ұзақ сақталып, тек қонақ келгенде ғана дастарханға салатын сыйлы асы – сүрленген ет, қазы, шұжық, жент, құрт, қарынға салынып сақталған сары май, тәтті, тары, қант, шай, өрік-мейіз т.б. «Қонақ асы – қазақтың бөлінбеген еншісі» деген сөз бұрынғыдан қалған. Ерулік, қымызмұрындық, сірге мөлдіретер, соғым басы, көңіл шайы, келін шайы т.с.с. бас қосулардың мақсаты, тілек мүдделері қазақтың меймандостық ниетінен туындаған.

Қазақ – қонақжай халық., көңіл табуға шебер, дос жинауға құмар. Қазақта келген қонақты «құдайы қонақ», «сый қонақ», «арнайы қонақ» деп түрліше атаған. Бұлардың қайсысына болмасын, қазақ, ең алдымен, мал сойып, қан шығарған. Дастарханның қадірлі асы жаңа сойылған малдың бас-сирағы деп есептелген. Өте қадірлі адамға қазақтар тай да сойған.

Сойылатын малды алдымен босағаға әкеліп, қонақтан бата сұраған. Сонан соң ғана ол сойылып, еті қазанға салынған. Етті мол етіп асу, қазыны қазанға бұзбай салу – үй иесінің келген қонаққа деген ниетін білдіреді. Ет піскенше мейманға кең дастархан жайылып, құрт, ірімшік, бауырсақ, жент, сары май қойылады, қаймақты шай құйылады.

Қазақ дастарханының сәні – әрине, асылған ет. Еттің екі түрлі атауы бар: ұстаған ет және тураған ет. Алдыңғысы – қамырдың үстіне жақсылап жасалып, қонаққа тартылатын ет, ал екіншісі – қамыр мен етті майдалап турап, сорпа қосып араластырылған ет. Бұл, көбінесе, қарт адамдардың, қонақ кеткен соң отбасы мүшелерінің өздерінің жасап жейтін тағамы. Майда туралып, сорпаға араластырылған тураған ет әрі сіңімді, дәмді, әрі қалған еттің ысырап болуынан сақтайды.

Қонақ кез келген үйге түспей, қонақжай, дастарханы мол, таза, көргенді ұл-қызы бар үйге түсетін болған. Қазақтың әр үйі өзімде «қонақтың ырыздығы» бар деп ұққан. Ел арасындағы мынадай аңызды айта кетейік. Ертеде ел ішінде бір отағасы жайлы «үйіне барған адамның артынан теуіп шығарады екен» деген қауесет тарайды. Осының анық-қанығын білгісі келген бір ер кісі әлгі адамның үйіне «құдайы қонақ» болып келеді. Үй иесі оның алдына дастархан жайып, барын қояды. Қонақ әбден тамақтанып, үй иесіне алғысын айтып, кетуге бет алады. Үй иесі де онымен жылы қоштасып, есік алдына шығарып салады. Сонда қонақ одан әлгі естіген әңгімесінің себебін сұрайды. Үй иесі оған күліп отырып: «Үйге келген қонақпен Аллаһ тағала оның нәсібін де бірге жібереді. Сондықтан қонаққа мен сол Аллаһ тағаланың соған арнап жіберген нәсібінің бәрін беруім керек. Ал кейде келген қонақ: «Болды, болды, әуре болмаңыз, қажет емес, жетеді», - деп қолымнан қағумен болады. Сондықтан мен Аллаһ тағала жіберіп отырған нәсібіме тосқауыл болған адамның артынан бір теуіп, нәсібімді алып қалуға тырысамын», - деген екен. Демек, әрбір қазақта қонақтың өз нәсібін өзіне аямай беру деген ұғым қалыптасқан екен.

Дастарханға қойған тамаққа мін тағып, «Мен мынаны жемеймін», «Мына тамақ менің денсаулығыма жақпайды» - деп отыру – үлкен әдепсіздік. Сонымен қатар, дастарханнан сарқыт орап алу – дәстүрімізде бар әдет. Алайда, сарқыт алады екем деп дастарханды сыпыра-жайпап әкету ұят нәрсе. Қазақта «Біреудің жаясын жесең, ұшаңды даярлай бер» деген сөз де бар. Ол – өзіңді біреу дастарханға шақырып, ас-ауқатын берсе, сен де оған осындай құрмет көрсетуің керек деген сөз. Бұл – ел арасындағы туыстық пен ынтымақтықты нығайта түсудің бірден-бір нанымды жолы. Жалпы алғанда, қазақтың дастарханы – киелі нәрсе. Бұл тек жайылған шүберек немесе оған қойған ас-ауқат қана емес, бұл – адамның пейілі, ішкі жан-дүниесі, мейірім-шапағаты. Дастархан басында айтылған әңгіме дәмді, өнегелі, ал шешілген мәселе мен жасалған мәміле дәйекті болуға тиіс. Қазақтың бұрын-соңды бар мәселені дастархан басында шешуі де дастархан үстінің киелі екендігіне дәлел болады.

А.Мұсабекова


Бата

Ақ тілек аянды болсын,

Ақ бата баянды болсын.

Қазақтың дастархан басында, түрлі жиын-тойларда, адам өмірінде кездесетін қуаныш кезінде той иесіне, қуаныш иесіне және т.б. арнап, сондай-ақ алыс жолға аттанғалы тұрған азаматтарына ақ жол тілеп, қол жайып айтатын тілегі бата деп аталады. Қазақтың ақ батасы ұрпақтарын адамгершілікке, имандылыққа, ақыл мен парасаттылыққа, шешендікке баулыған.

Батаның түрлері:

1. Нәрестеге бата

2. Асқа бата

3. Ұлға бата

4. Қызға бата

5. Келінге бата

6. Сапар бата

7. Жастарға бата

8. Сүндет той батасы

9. Наурыз батасы

10. Ораза айт батасы

11. Жарапазан батасы

12. Ас қайыру батасы т.б.


Жас баланың күлкісін бер,

Жас ананың ұйқысын бер.

Жомарттың қолын бер,

Жорытқанның жолын бер.

Қыздың қылығын бер,

Судың тұнығын бер,

Асаудың арынын бер,

Түнгі оттың жарығын бер.

Асқар таудың паңдығын бер,

Бұлбұл құстың таңғы үнін бер.

Даланың жазықтығын бер,

Гүлдің нәзіктігін бер.

Теңіздің тереңдігін бер,

Қыранның көрегендігін бер.

Ердің көңілін бер,

Бүркіттің жігерін бер.

Лашынның жүрегін бер,

Нағыз достың тілегін бер.

Мәңгі-бақи ажырамас,

Шын ғашықтың тілегін бер!

Әумин!


Үй иесіне берілетін бата

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Денсаулығың мықты болсын,

Абыройың зор болсын.

Қайда барсаң алдыңнан,

Жарқыраған жол болсын.

Бастарыңа бақ берсін,

Не берсе де, нақ берсін.

Қырда жүрген Қыдырды

Үйлеріңе ап келсін.

Қарындарың тоқ болсын,

Қайғыларың жоқ болсын.

Шүпірлеген үйіңде,

Балаларың көп болсын.

Әумин!


Жас бөбекке беретін бата

Көтерейік білекті,

Нұрға бөлеп жүректі.

Бөбекке бата берейік,

Ағынан айтып тілекті.

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

Өнер-білімге икемді болсын,

Бәйтеректей бойшаңданып,

Өнер, өршіл, өркенді болсын,

Жақсы жолды таңдасын,

Жамандық тәлім алмасын,

Даналардың дәстүрін,

Жаңаласын, жалғасын.

Шұғылалы шуақ күн кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын,

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын.

Ары адал, жаны жаз,

Құрбысынан қалмасын!

Абай, Жамбыл, Міржақып,

Шоқан, Ахмет, Мағжандай

Тасқа басқан таңбасын,

Мәңгілік артына із қалдырсын!

Әумин!


Шілдехана тойында берілетін бата

Анасының аяулы

Жарып шыққан кемерін,

Қадам басып өмірге,

Жас шыбықтай бүр жарып,

Жаңа жайған желігін,

Торсық шеке, ақ маңдай,

Өсе берсін бөбегің.

Өмірі ұзақ болсын деп,

Көңілі нұрға толсын деп,

Ақ батамды беремін.

Азамат боп ер жетсін,

Қиын кезде жолдастан

Аямайтын көмегін.

Тойың тойға ұлассын,

Бола берсін дегенің!

Аллаһу ақпар!


Асқа бата

Дастарханыңа береке берсін,

Бастарыңа мереке берсін,

Астарыңа адалдық берсін,

Бастарыңа амандық берсін,

Дендеріңе саулық берсін!

Әумин!


***

Ашып тастап пейілді

Дастарханың жайылды.

Қасиетті нан ұлық

Берекең тұр нақ ұйып.

Асыл сөздер шашылды,

Бар абырой бақ орнап

Ел сыйласын басыңды.

Аңыз болып отауың

Айта жүрсін асыңды.

Сүйген жарың,

Бала-шағаң аман боп,

Бүтіндесін асылды.

Ниетіңе біз тойдық.

Рахмет шәйіңа,

Риза еткен бір қойлық!

Әумин!


Ұл балаға бата

Жорытқанда, балам, жолың болсын,

Қалтаң байлыққа толсын,

Бір толмасын, жылда толсын,

Өмір жасың ұзақ болсын!

Қатарыңнан озған өрен бол,

Қыз көзіндей терең бол,

Сынай қалса – құлақ сал,

Мақтай қалса – керең бол!

Әумин!


***

Азамат болып ер жетсін,

Ақсақал болып төрлетсін,

Азамат болып көрікті,

Ғұмыры болсын берікті.

Азамат болсын ардақты,

Мінезі болсын салмақты,

Өнері болсын жан-жақты,

Осы айтқанның бәрі

Қабыл болып,

Алла берсін зор бақты!

Әумин!


Қыз балаға бата

Талдай бой берсін,

Сұңғыла ой берсін,

Жаздай жамал берсін,

Қардай жанар берсін!

Анаға шуақ болсын,

Ағаға қуат болсын,

Нәзік жаны болсын,

Елінің ары болсын,

Басына өнердің бағы қонсын,

Ақ орданың шамы болсын!

Ф. Оңғарсынова


Сапар бата

Жолыңды алла қолдасын,

Жаманшылық болмасын.

Сенімді болсын жолдасың,

Жолыңды кескен оңбасын.

Сәтті болсын істерің,

Жақсы болсын түстерің,

Жұмсақ болсын ішкенің.

Көрмеген жерді көріп қайт,

Ырзығыңды теріп қайт.

Айдарыңнан жел есіп,

Желіп барып, желіп қайт.

Әумин!


Наурыз батасы

Наурыз келіп қар кетті,

Ақ қар, көк мұз жұтатқан

Шаруа елінен зар кетті.

Наурыз келіп жаз кірді,

Жаз періште «Әз» кірді

Күнеске тосып арқасын,

Жан біткенге наз кірді.

Арық-тұрақ төрт түлік,

Көк жеп жапа-тармағай

Қабырға жаппай қалмағай.

Көтеремнің төрт бұты,

Ербегей де сербегей

Енді шығын бермегей.

Бізге келген бәлекет –

Қармен бірге қаңғырып,

Таудан ары өрлегей,

Мұсылман бетін көрмегей.


Жарапазан батасы

Қонақтасын берекет,

Қаша берсін пәлекет.

Қиын дейді қиямет,

Жақын дейді ақырет.

Ақыретке барғанда,

Қыл көпірден аман өт!


Міне, бата, ақ ниет,

Бола берсін берекет.

Қиын дейді қиямет,

Жақын дейді ақырет,

Құлшылық қыл Аллаға,

Қыл көпірден таймай өт.

Кірсін дәулет,

Шықсын бейнет.

Алла атымен бейнет ет.

Жоқ-жітікке рақым ет.

Тәңір сені қолдасын,

Уайым-қайғы болмасын.

Қабыл болсын оразаң,

Әулетіңді оңдасын!


Бата – өлеңдер


1. Кемеңгердің алғыр ойын берсін,

Екі дүниенің абыройын берсін!


2. Талаптымен тау астырсын,

Талантымен таластырсын.

Жамандықтан адастырсын,

Жақсылықпен жанастырсын!


3. Білімің молая берсін,

Еңбегің зорая берсін.


4. Мақсаттарың айқын болсын,

Өмірлерің жарқын болсын.

Еңбектерің көшелі болсын!


5. Білімің тереңдесін, бауырым!

Өнерің кемелденсін, бауырым!

Жұлдызың жайнасыншы, бауырым!

Табаның таймасыншы, бауырым!

Дос-жарың безінбесін, бауырым!

Қысылса сені іздесін, бауырым!



Алғыстар, ақ тілектер.


  • Бастай бақ, шаштай дәулет берсін!

  • Тарыдай тасып, бидайдай бөк!

  • Қаздай қалқы, қудай жүз!

  • Қаймағы бұзылмасын!

  • Қабыл болсын!

  • Тілегіңді берсін!

  • Шаңырағың биік болсын!

  • Өзегің талмасын!

  • Өмірің ұзақ болсын!

  • Несібелі бол!

  • Той тойға ұлассын!

  • Жаныңа жамандық бермесін!

  • Қоныс жайлы болсын!

  • Көңіліңді кір шалмасын!

  • Күлкіден айырмасын!

  • Адалынан берсін!

  • Көш-көлікті болсын!

  • Ауызбіршілік болсын!

  • Торқалы той болсын!

  • Алла абырой берсін!

  • Талабың өссін!

  • Сапарың сәтті болсын!

  • Ел-жұрт аман болсын!

  • Құдай сәтін салсын!

  • Ақ мол болсын!

  • Мұратыңа жет!

  • Ғұмырлы-бақытты бол!

  • Қыдыр ата жолдасың болсын!

  • Аспаның ашық болсын!

  • Ниетің қабыл болсын!

  • Көсегең көгерсін!

  • Нұр жаусын!

  • Бақытты бол!

  • Иманды бол!

  • Мың болғыр

  • Құтты болсын!

  • Қайырлы қадам болсын!

  • Жұлдызың жансын!

  • Талабыңа нұр жаусын!

  • Бауы берік болсын!

  • Мың жаса!

  • Ұзағынан сүйіндірсін!

  • Бармақтай бақ, шаш-етектен дәулет берсін!

  • Айың оңыңнан, күнің солыңнан тусын!

  • От басы, ошақ қасы аман болсын!

  • Дастарқаныңа береке берсін!

  • Алладан рақым болсын!

  • Көйлегің көк, көңілің тоқ болсын!

  • Қоныс құтты болсын!

  • Мерейің үстем болсын!

  • Құдай күлкіден айырмасын!

  • Үбірлі-шүбірлі бол!

  • Қыдыр ата жолдасың болсын!

К.Оразалин (Ақ тілек Ақ бата)


Мақал – мәтелдер


Отан қадіріне жетпеген

өз қадіріне жетпейді.


Отанын сатқан оңбас.


Отан үшін күрес – ерге тиген үлес.


Елдің елдігі ерінен танылар,

Елдің байлығы жерінен танылар.


Ел-елдің бәрі жақсы,

өз елің бәрінен де жақсы.


Еліңді тастап шетке кетпе,

Шетке кетсең де көпке кетпе.


Ерден аспақ бар, елден аспақ жоқ.


Өзге елде сұлтан болғанша,

Өз еліңде ұлтан бол!


Жемісті ағаш жер бауырлап өседі,

Жетелі жігіт ел бауырлап өседі.


Жер – қазына, су – алтын.


Аққу көлін аңсайды,

Адам туған жерін аңсайды.


Үйіңде қартың болса – асыл қазынаң.


Ағаш тамырымен, адам досымен мықты.


Ағашты жемісінен таниды,

Адамды ісінен таниды.


Көпке топырақ шашпа.


Жолдасты жол айырады.


Жөн сұраған кісі адаспайды,

Жол сұраған кісі жаңылыспайды.


Бір жеңнен қол шығар,

Бір жағадан бас шығар.


Жаман туыстан жақсы жолдас артық.


Бас болмақ оңай, бастамақ қиын.


Ел иесіз болмайды,

Сөз жүйесіз болмайды.


Көп ішінде сөйлеген

көсемдіктің белгісі.

Көпке сөзі ұнаған

шешендіктің белгісі.


Бірлік еткен озар,

Бірлеспеген тозар.


Ата өнері балаға мұра.


Ата тұрып бала сөйлесе – шіркіндігі,

Аға тұрып іні сөйлесе – еркіндігі.


Баланың ұяты әкеге,

Қыздың ұяты шешеге.


Ана алдында құрмет,

Ата алдында қызмет.


Анаңа ауыр сөз айтпа,

Атыңа ауыр жүк артпа.


Ана сүті бой өсіреді,

Ана тілі ой өсіреді.


Әке балаға сыншы.


Әкесі бардың арысы бар,

Ағасы бардың жағасы бар,

Інісі бардың тынысы бар.


Мінсіз дос болмайды,

Мүлтіксіз қос болмайды.


Адамның әдемілігі шыншылдығында.


Шындық бар жерде өтірік байқап жүреді,

Шындық жоқ жерде шіреніп, шайқап жүреді.


Адал дос алтыннан қымбат.


Үлкенді сен сыйласаң

кіші сені сыйлайды.

Кіші сені сыйласа

Кісі сені сыйлайды.

ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС

  • Кездескен адамдар бір-біріне «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем береді. Бұл «сізге нұр жаусын» деген сөз. Сәлем алушы «Уағаликүміссалам!» дейді. Бұл «Сізге де нұр жаусын» деген сөз.

  • Таңертеңгілік немесе таң атып келе жатқанда кездескен адамдар «қайырлы таң болсын» деп тілектестік білдіреді.

  • Наурыз күні «Ұлыс құтты болсын!», «төрт түлік ақты болсын» деуді ұмытпаған жөн.

  • Жаңа жылға «жыл құтты болсын», «бақыт, табыс жылы болсын» деп құттықтайды.

  • Халық әдетінде әрбір істі, тамақты «біссімілда» деп бастайды.

  • Үйге келген кісі шаңыраққа сәлем беріп кіреді. Үй иесі сәлемін алып, жасы кіші болса қайта сәлем беріп, «хош келдіңіз», «төрге шығыңыз» деп ілтипат көрсетеді.

  • Кешкілік үйге келгендер «кеш жарық» деп кіреді.

  • Қазақ әрбір сәтті күнге, қуанышқа, мәжіліске, тойға келгенде «құтты болсын» деп игі сөзді қосып айтады.

  • Тойға жиналғандар «той-тойға ұлассын» деп құттықтайды. Мұны қабыл алғандар «айтсын», «айтқаның келсін», «бірге болсын» деген жылы сөздермен қарсы алады.

  • Мәжіліске немесе бірнеше адам бас қосқан жерге келген адам «орта толсын» дейді. Үйдегілер «кемісі сізбен толсын» деп орын ұсынады.

  • Жұмыс немесе іс басына келген адам «іске сәт» десе, оған «айтсын-ақ» деп жауап береді.

  • Жаңа үйленген жастарға «құсың құтты болсын», «отау берік болсын» деп құттықтайды.

  • Ас үстіне келгендер «ас тәтті (дәмді) болсын» дейді.

  • Жаңа қоныстанып жатқандарға «қоныс құтты болсын» деп жөн сұрасады.

  • Көшіп бара жатқандарға «көш оң болсын», «көш көлікті болсын» деп тілек білдіреді.

  • Жолаушыға «қайда барасыз» деген дұрыс емес, «жол болсын», «жолдасың Қыдыр болсын, «сапар сәтті болсын» деу керек. Ол «әлей болсын» деп жөнін айтады.

  • Зат, бұйым сатып алғандарға «игілігіңе тұтын» деген жөн.

  • Киім сатып алғанға «киімің күйрек, жаның берік болсын» деп айтады.

  • Соғым сойған үйге «бұйыртып жегізсін» дейді.

  • Жаңа туған айды көргенде «ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп бата жасайды.

  • Ағып түскен жұлдызды көргендер «менің жұлдызым жоғары» деп тәубаға келеді.

  • Алғаш күн күркірегенде «жер көк болсын, ақ көп болсын» деп тілек тілейді.

  • Мал төлдетіп жатқандарға «төл көбейсін» дейді.

  • Мал айдағандарға «айдар көбейсін» дейді.

  • Бәйгеге ат қосқандарға «шабар көбейсін» дейді.

  • Егін егіп жатқандарға «бір дәнің мың дән болсын» дейді.

  • Ораза ұстаған кісілерге «оразаң қабыл болсын» деу керек.

  • Ораза кезінде біреулер ауыр сөз айтатын болса оған «менің аузым берік еді» деген жөн.

  • Адам түшкірсе «жәрәкімалда» дейді.

  • Мал түшкірсе «тұш, жануар» деу керек.

  • Шашалған адамға «май қап» дейді.

  • Жел шығарып қойған адамды «шөремді бер» деп құлағынан тартып, ұялтады.

  • Ауырған адамның көңілін сұрап, «тез сауығыңыз», «дертіңе шипа берсін» деп тілектестік білдіреді. Кешкілік аурудың көңілін сұрамайды.

С.Кенжеахметұлы



Атадан жеткен асыл сөз


Халқыңа қызмет ет,

Ізгілерге ізет ет,

Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет.


Жақсыдан ғибрат ала бергеннің ісі оңға басады.


Ұстазыңа бар ықылас-ниетіңмен қызмет қыл.

Қожа Ахмет Йасауи


Естіге айтқан ақыл сөз – шыңға тіккен тумен тең,

Ессізге айтқан ақыл сөз – құмға сіңген сумен тең.


Хан әділ болса – халық ынтымақты болады.

Майқы би


Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің.

Асанқайғы


Сәлем – сөздің анасы.

Бұқар Қалқаманұлы


Сырт тазасы не керек, тазарт әуел ішіңді.

Үмбетей Тілеуұлы


Мен ағайынды екеумін: біреуі – өзім, екіншісі – халқым.

Сырым Датұлы


Ата-ананы, мейманды құрметтесең – Меккедей нұрға толар үйдің іші.

Шал Құлекеұлы

Қазақ халқы – ең бір бейбіт халықтардың бірі.


Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан Уәлиханов


Жақсы жолдас сыр шашпас.

Ақан сері Қорамсаұлы


Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.

Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық.


Құдайшылық – жүректе. Қалпыңды таза сақта!


Ғылымды , ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады.


Жаман дос – көлеңке: басыңды күн шалса – қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса – іздеп таба алмайсың.


Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі содан шығады.


Адамды сүй, алланың хикметін сүй.


Алланың өзі де – рас, сөзі де – рас.


Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.


Қаракет қыл, пайдасы көпке тисін.


Кекшіл болма – көпшіл бол.


Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең – істің бәрі бос.


Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын


Пайда ойлама – ар ойла.


Хақ сөзді бала айтса да тоқтамақ керек.


Абай


Орынсыз ұмтылудан сақтайтын алты түрлі ноқта бар: олар – ынсап, рақым, ар, ұят, сабыр, сақтық. Ең әділі – ынсап, өзгелердің тізгіні сонда болуға тиіс.

Адамдық – борышың.


Адамның ең асылы – қиянатсыз, ақ пейіл адам.

Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос – өміріңде өкіндірмес қасиеттер осылар.


Анық бақ: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.


Жүрегіңді нұрмен жу.


Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң – шын бақыт осы.


Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл. Шын бақ – ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде.

Шәкәрім Құдайбердіұлы


Бостандыққа апатарын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.


Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.


Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады.


Анық түрік затты халық тілі – біздің қазақ тілі.


Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар.


Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!

Әлихан Бөкейхан


Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.


Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.


Білімнің бас құралы – кітап.


Ғылым мен өнер көбейген сайын – бейнет кемиді.


Әркім өз білгенін, өзінің қолынан келетінін істеу керек.

Ахмет Байтұрсынұлы


Ел түзелсін десең – әуелі өзіңді түзе.


Ер еңбегі – елге ортақ.


Арманың болсын – арманға қоса дәрменің болсын.

Сұлтанмахмұт Торайғыров


Жігіт қадірі – өнерімен өлшенер болар.


Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет.


Берекені көктен тілеме – еткен еңбектен тіле.


Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек.


Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – әр кісінің ісі.


Адам көркі – ақыл.


Жауға – жалынба, досқа тарылма.

Мұхтар Әуезов


Қазақ деген ел – бостандық-азаттық сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық.


Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі.


Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады.


Еліңе опасыздық – туған анаңа опасыздық.


Еліміздің ұйытқысы – әдет-ғұрпымыз.


Бақыт деген – еркіндік.

Ғабит Мүсірепов


Әділдікті мойындау – адал кісінің ісі.


Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық.


Ата-ана қадірін біле алмаған – халық қадірін біле алмас,

Халық қадірін білмеген – ата-ана қадірін біле алмас.


Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.


Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл.


Халықтық дәстүр – асыл мұра.

Бауыржан Момышұлы


Мәдениеттің мәйегі – кітап.


Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де – жеңіл.

Шерхан Мұртаза


Елдің туы жығылмас – тілдің туы жығылмай.


Тілім менің байрағым

Қадыр Мырзалиев


Мәдениет дегеніміз – кісілер арасында адам болу өнері.

Олжас Сүлейменов


Достық, ең алдымен, – еркіндік.

Асқар Сүлейменов


Ең берік Ат, ең биік Ат, ең баянды Ат – Азамат!


Елің теңелмей тұрып – өзің теңелмейсің.

Әбіш Кекілбайұлы


Адамдарға ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін берілген.


Тарих пен тіл – тамырлас.


Біздің бүкіл тарихымыздан мен екі олжамызды бөліп атар едім. Оның біріншісі, әрине, – ата-бабаларымыздың өздерінің қанын төгіп, жанын беріп жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қазақтың қасиетті жері. Тағы бір олжамыз – сол ата-бабаларымыздың арқасында бар бояуымен, сырлы сазымен осы күнге аман-есен жеткен тұп-тұнық, мөп-мөлдір қазақ тілі.


Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл.


Дүниеде қазақ деген ұлт – біреу, демек оның ұлттық болмысы, салт-санасы мен әдет-ғұрпы да – жалпы қазаққа бірдей тән, оның ғажайып мол рухани қазынасы да – бөлім-жаруға келмейтін ортақ қазына.


Қазақ елі – ежелден еркіндік аңсаған ел. Өз алдына дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы еді. Құдайға шүкір, өз билігіміз өз қолымызға тиді. Қазақстан Республикасы бұдан былай тәуелсіз, демократиялық мемлекеттердің қатарына жатады. Өз территориямызда өкімет билігін толық өз қолымызға алдық. Ішкі, сыртқы саясатымызды дербес жүргіземіз, әрі қарай қалай өмір сүру керек екенін ешкімнің нұсқауын күтпей-ақ өзіміз шешетін боламыз.


Менің сенетінім – жақсылық, менің сенетінім – болашақ!


Кеше болмағанның бүгін болуы мүмкін, бүгін болмағанның ертең болуы мүмкін – бірақ ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқылықтарға соқтыратыны сөзсіз.


Шүкір, ел есін жиды: тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екенін кештеу де болса түсіндік.


Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ – тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық.

Нұрсұлтан Назарбаев





Салт – дәстүрлер мен ырымдар


Салт – кәсіпке, сенімге, тіршілікке байланысты әдет-ғұрып, дәстүр. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп, өзгеріп, қоғамға байланысты бейімделіп келеді.

Жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін дәстүрлер ығысып, өмірге қажетті жаңалары дамып отырады.

Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады.

Дағды, әдет-ғұрып деген ұғымдар адамның мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтарды білдіреді.

Аластау – ырым. Шамандық наным-сенімнен қалған. Аластау арқылы көз, тіл тигенді қайтару, ауру-сырқауды, үй-жайды бәле-жаладан аластау арқылы тазаланады. Үй-ішін аластауға қазақтар ертеден бастап адыраспанды, аршаны пайдаланған, аршаны үйдің кез келген бұрышына іліп қойған. Егер үйге көз тиген болса, адыраспанды немесе аршаны табаға салып тұтатып, түтінімен бүкіл үйді аластап, есіктерді жауып қойған. Қазіргі кезде жаңа үйге кірген кезде үйді аластау әдетке айналған.

Аузына түкіру – ырым. Ертеден келе жатқан ырым бойынша, қазақтар белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, тағы басқа елге белгілі адамдарға жас сәбидің аузына түкіртіп алатын болған. Оның мақсаты – сәби сол адамдардай өнегелі кісі болсын деген ұғымнан туған.

Бие байлар – сауылатын биелерді көктемде алғаш рет байлар алдында жасалатын ырым. Желіні тартып, құлындарды байлау кезінде мал сойылып, ауылдағы адамдар түгел қонаққа шақырылады. Бие байлар көктем шығып, ақтың молайған кезінде жасалған.

Шөміш қағу – ырым. Көктемде сәуір айының бас кезінде көкжиекті бұлт торлап, күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Осы кезде ата-бабаларымыз «күн күркіреді, көк дүрілдеді» деп, үлкен қуанышпен қарсы алған. Осы алғашқы күн күркіреген кезде киіз үйдің босағасына, табалдырығына ағаш шөмішті тигізіп:

Айран, сүт көп болсын,

Жақсылық көп болсын,

Жабырқау жоқ болсын.

Ел-жұрт тоқ болсын, –

деп тілеу тілеп, көктемнің алғашқы найзағайлы күркірек жаңбырын қарсы алады. Осыны шөміш қағу деп атайды.

Шашу – әдет-ғұрыптың бір түрі. Жаңа түскен келіннің, жаңа туған нәрестенің тойына барғанда, қуаныштың белгісі ретінде құрт, ірімшік, кәмпит, өрік-мейіз шашады. Шашуды әдетте жасы үлкен әйелдер, әжелер шашады да оны жас балалар теріп алады. Халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша, той жасаған үйге оның жақындары «тойға шашу» деп, тәтті тағамдар әкеледі.

Тұсау кесу – бала тәрбиесіндегі әдет-ғұрып, ырым. Баланың аяғын жіппен немесе қойдың піскен майлы ішегімен тұсап, бала-шағалы, аяғы жеңіл, ақкөңіл адамға кескізеді. Тұсау кесу құрметіне тағам дайындап, көршілерді жинап, жеңіл-желпі құрмет көрсетіледі. Тұсау кескен адамға сыйлық беріледі. Тұсауды ала жіппен кесу көне шаман дінінен қалған.

Аяғына жығылу – ғұрып. Кешірім сұраудың ең үлкен және кішіреюдің ең ауыр түрі – аяғына жығылу деп аталады. Мұнда айыпты адам жанына беделді адамдарды ертіп, тиісті адамның үйіне барып, кешірім сұрайды. Егер іс қиындап асқынып кетсе, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғын құшып кешірім сұрауы керек. «Аяғына жығылу» да жазамен бірдей болып есептеледі.

Ант, серт, уәде – халқымыздың сенім кепілінің көрінісі. Ант жаудан өш алу, еларалық келісім, адалдықтан айнымау сияқты маңызы жоғары жағдайларда ғана айтылады. Ел ішінде адамды «ант атқан» деп жек көрген. Ант – адалдық сөзі.

Айдар – ғұрып. Балалардың төбе шашын ұзарта өсіріп, моншақ араластыра өріп қояды. Мұны «айдар» деп атайды. Бұл ғұрып негізінен ер балаға жасалады. Мысалы, Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың ұзын айдары болған.

Сәлемдеме – біреу арқылы жіберілетін аманат зат; туыстық жағынан жақын адамдардың бір-біріне жіберетін сыйы. Өзінің бару мүмкіндігі болмай, сол жаққа жол түскен таныс адамдар арқылы сәлемін жолдайды. Сәлемдемеге ақша, көйлек-көншек, орамал немесе соғымнан сақталған сыбаға жібереді.

Енші қазақ дәстүрінде үйленген баласын отауға шығарғанда ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкі, балаға тиісті үлесті енші дейді.

Еншіні үлкен ата, әке, олар жоқ болса, ұлдың үлкені бөледі. Қара шаңырақ пен ата-ана кенже баланың қолында қалады. Дәстүр бойынша ұлдың үлкені әке дәулетінің үштен біріне, кенже екіден біріне, ортаншылар төрттен бір үлесіне ие болады.

Айттыру – қызға құда түсер алдындағы салт. Жігіттің әкесі кісі жіберіп, қыздың басының бос екенін, әке-шешесінің айттыруға қарсы емес екендігін біледі. Содан кейін қызды ресми түрде айттырады. Ескі салт бойынша қызға жігіттің, жігітке қыздың есімін ататады. Той қамы, басқа да әртүрлі жол-жоралғы осы жолы кесіледі.

Ауыз тию – ғұрып. Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл «қара шаңырақтың иесі» қолдасын деген сенімінен шыққан. Сондай-ақ дастарқан үстінде келген адам дәмнен ауыз тиюге тиісті деген ырым бар. Қазақтың дәстүрі бойынша, үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармау керек.

Жол беру – қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрыптарындағы этикалық жоралғы. Жасы кіші адам үлкенге бөгет жасамай, жол босатады, үй ішінде төрге отырғызады, астан дәм татар кезде де осы әдеп сақталады.

Сүйінші – қуанышты хабар әкелушіге берілетін сыйлық. Дүниеге жас нәресте келгенде, келін түскенде, алыстан сағынған адам келгенде, жоғары атақ берілгенде, үлкен сыйлық алғанда қуанышты хабарлаушы адам сүйінші сұрайды, осы кезде бағалы зат немесе ақша берілуі керек.

Сыйлық – тұрмыс салт-дәстүрі, құрмет көрсету, ол барлық халықтар арасында ертеден келе жатқан дәстүр. Сыйлық бұрын қазақ қауымдарында мәртебелі адамдарға, дарынды ақын-әншілерге, құда-жекжаттарға берілген. Сыйлыққа түйе бастаған тоғыз берген, ат мінгізіп, шапан жапқан немесе басқа да бағалы заттар берген. Ал қазіргі кезде үздік өнерге, озат адамдарға, үздік спортшыға ақшалай сыйлық беру әдетке айналған.

Сыралғы – дәстүр. Олжалы, қанжығасы қандалып келе жатқан аңшыдан кездескенде сұралатын жол сыралғы деп аталады. Аңшылар сыралғының сөзін жерге тастамайды.

Той – әдет-ғұрып дәстүрі. Дүние жүзінің барлық халықтары той жасайды. Қазақ халқының мәдени өмірінде той ежелгі заманнан бастап үлкен орын алған. Мысалы, қыз ұзату, үйлену, шілдехана, сүндет, наурыз тойлары. Қыз ұзату, үйлену, сүндет тойларына ат шаптыру (бәйге), балуан күрес, көкпар, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар өткізіледі. Тойдың жақсы дәстүрлері бүгінде сақталған, үйлену тойында жар-жар айтылады, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

Тоқым қағар – қазақтың ескі дәстүрі бойынша, жас жігіт алғаш рет жолаушы жүргенде берілетін жолаяқ, кәде. Алыс жолға кеткен жігіт аман-есен келсін, тоқымы жерде қалмасын деген жақсы тілек білдіруге байланысты берген. Тоқым қағуға арнайы қой немесе қозы сойылады, болмаса қазы-қарта асылады.

Сыбаға – қазақтың ежелден келе жатқан кәделерінің бірі. Соғым кезінде ауыл адамдары бір-біріне сыбаға берген. Сыбаға келген үй әкелген сыбағаға көрші-қолаңдарын, жақын туыстарын шақырады. Сыбаға әкелген табаққа тиісті сыйлығын салып қайтарады. Көбінесе отау үйдің адамдары қара шаңыраққа немесе жасы үлкен адамдарға сыбаға береді.


Қазақ ырымдары


Бала бас ұстамайды. Егер бала бас ұстаса әкесі өліп қалады деп тыйым салған.

Нанның қиқымын жесе – бай боласың дейді.

Сәби тоңқайып екі аяғының астынан қараса, күткен жолаушы келеді немесе қонақ келеді дейді.

Жас балаға бұғана ұстатпайды, онда бойы өспей қалады деп жорыған.

Қыз балаға жілік ұстатпайды. Ұстатса күйеуге шықпай оң жақта көп отырып қалады дейді.

Бала алғаш жолаушы шыққанда той жасайды.

Сәби көзін ашып ұйықтаса – жары сұлу болады.

Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса, уайымшыл, жігерсіз болып шығады. Етпетінен жатып ұйықтаса, ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – болашақ батыр, кемеңгерліктің белгісі.

Баланың желкесі шұқыр болса, немесе желкесінен сүйсе кесір болып өседі.

Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.

Тіл ұшын жесе, сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған. Таңдай жесе, шешен болады.

Батырдың, ақынның, шебердің, палуанның сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, олардың жақсы қасиеті мен өнері балаға қонады деген ырым бар.

Сәбиге көз тимес үшін күйе жағып қояды.

Жастың басы ауырса «басыңа бас қосылады» деп ырымдаған.

Жұма күні кір жума – әруақтар ренжиді.

Ақты (сүтті, айранды) төксе, малдың желіні кетеді.

Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, сол үйдің малы пышаққа ілінеді.

Егер киіз үй сыртына ит сарып кетсе, құт келеді деп жақсылыққа телиді.

Адам құлағы шуылдаса, жанындағы кісіден «қай құлағым шуылдады?» деп сұрайды. Ол дәл тапса, «мені біреу мақтап жатыр екен» дейді. Таба алмаса, «жамандап жатыр екен» дейді.

Жаңа туған ботасы бар үйге қызыл жалау байлап қояды. Мұны көргендер атпен, көлікпен қатты жүріп келмейді. Қатты келсе, бота шошып өліп қалады деп ойлаған.

Қазақ сейсенбіде жолға шықпайды, іс, жұмыс бастамайды, көшіп-қонбайды.

Жолаушыға «қайда барасың» демейді, «жол болсын» дейді.

Тамақ үстіне келген адамға үй иесі «мақтап жүреді екенсің» деп риза боп қалады. Дастархан жиналып жатқанда келгенге «бізді жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайды.

Дастархан үстіне келген адамға дәм ауыз тигізеді, әйтпесе күйеуің немесе әйелің тастап кетеді дейді.

Мал сатқанда оны ноқтасымен не бас жібімен бермейді, малдың басы кемиді деп ырымдайды.

Мал төлдеп жатқанда ешкімге мал бермейді, сатпайды және айырбастамайды.

Жақын адамдарға пышақ, ит сыйламайды.

Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса, оны ұрлап немесе сатып алады.

Ауыл ішіне атпен шауып келген жаман ырым.

Егер сүйінші сұраса шауып келуге болады. Бірақ «сүйінші, сүйінші» деп айқайлап келуге тиіс.

Қайғылы, қазалы хабарды есірткенде немесе жаназаға шақырғанда ғана атпен шауып келіп шеткі үйге хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауы тиіс.

Үйге кешке немесе түнде келген адам «кеш жарық» деп кіреді. Үйге келген қонақ адам болсын-болмасын «ассалаумағалейкум» деп сәлем беру керек.

Екіқабат әйел арқан аттамайды, аттаса баланың кіндігі мойнына оралып қалады дейді.

Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түшкіріп қалса, шын айтқаны деп ойлайды.

Аты сүріншек болады деп балаға төстің сүріншегін жегізбейді.

Қазақ «сәтті күн» деп істі сәрсенбі күні бастайды.

Көзге теріскен шықса, саусақ арасынан қол шығарады.

Мысыққа тамақ бергенде «ертең ұмытып кетесің» деп маңдайынан шертіп береді.

Тауық мезгілсіз шақырса – жаман ырым.

Иегің қышыса бір жерден дәм татасың.

Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы үйіп қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.

Егер өздері әкелген сыбаға немесе тамақтан жесе, ол үйдің әйелі қыз табады дейді.

Бейуақытта ұйықтаған, жылаған жаман болады.

Қолды жуғаннан кейін оның суын сілікпейді, орамалмен сүртеді.

Бала қаспақ жесе, оның үйлену тойында жаңбыр жауады.

Баласы шымыр болсын деп екіқабат әйелге сағыз шайнатады.

Түсік тастамасын деп жас әйелдің етегін бүріп қояды.

Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде «Жер Ана қуат бер» деп жалаңаяқ жүргізеді.

Жас босанған немесе аяғы ауыр әйел түнде суға бармайды.

Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса мерзімінен бұрын босанады деген ырым бар.

Баласы кіндігіне оралып қалады деп екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.

Бала ортан жіліктің майын жесе, ата-анаға мейірімсіз болады.

Екіқабат әйел қоян етін жесе, баласы қоянжырық болып туады деседі.

Сиырдың желіні іссе, таңертең ерте кебіспен ұшықтайды.

Жас келіннің төсі, малдың желіні іссе, қайтыс болған адамды жуған қолғаппен аптайды.

Жаңадан қайнатқан сабынды жоғары қойса, ол үйге түскен келін өркөкірек болады.

Аспаннан ағып түскен жұлдызды көргенде қазақтар «менің жұлдызым жоғары» дейді.

Адамға немесе малға біреу сұқтанып қараса, «көзің тиеді» деп түкіртеді.

Балықтың құйрығын ұстаса, ауға балық түспейді.

Ойынға ашуланған адамның басы таз болады.

Мал үшеу не төртеу (үш не төрт төл) туса, олардың біреуін бауыздап, босағаға көмеді.

Егер бір үйде қыз туа берсе, келесі баланы ұл болсын деп оған ұлдың атын қояды.

Егер ауыздық шықса, жүгеннің ауыздығымен емдейді.

Көп жасаған немесе жақсы адам қайтыс болса, оның киімдері мен тұтынған заттарын ырым етіп бөліп алады.

Адам басы кемиді деп бөтен адамға бас киім бермейді немесе айырбастамайды.

Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.

Баланың мойынын тез және түзу бекісін деп оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп кептіріп қояды.

Несібесі көп, дастарханы мол болсын деп жаңа үйдің босағасын маймен майлайды.

Жиенді ұрса, қолы қалтырайды деген ырым бар.

Қазақ басымыз көбеймейді деп адам санамайды.

Алыс жолға шыққан адамдар қарашаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.

Қазақ жек көрген немесе көрмеймін деген адамының артынан бір уыс топырақ шашады.

Біреудің үйі өртенсе, оның арты жақсылық болады деп ырымдайды.

Жаңа айды көргендер «жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп бата жасап, ырымдайды.

Шала туылған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса сонша күн кереге басына іліп қояды.

Қалы үлкейіп кетпесін деп қалымен туылған баланы Қалдыбай, Қалдыгүл деп атайды.

Пәле жаладан аулақ болсын деп жаңа үйленген жастарды арша түтінімен ыстайды.

Өреден жас құрт алып жесе, жаңбыр жауады.

Өліктің денесі оралған кілемді түнде жұлдызға қаратып жайып барып пайдаланады.

Шашалған адамға «мал қап» дейді.

Ет турағанда бір кесек ет қалып қойса, ет тураушыға өтірік айтатының бар екен дейді.

Біреу қайтыс болды деп ескертіп, кейін ол тірі болып шықса, «көп жасайды екен» деп ырымдайды.

Үйдің өз сәбиі үйге «ассалаумағалейкум» деп кірсе, ол үйге көп кешікпей қонақ келеді.

Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.

Бас киімді теріс қаратып киген жаман істің белгісі.

Жас адамдар «басым ауырады» десе, «басыңа бас қосылады екен» дейді.

С.Кенжеахметұлы






Тыйым сөздер


Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі – тыйым сөздер. Бұл сөздер есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Тізені құшақтау – жалғыз қалудың, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, үлкеннің жолын кесу – әдепсіздіктің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп танылған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салынған.

Мұндай тыйым сөздер ел ішінде өте көп. Оның бәрін қамти алмағанмен кейбір үлгілерін қағазға түсіріп ұсынып отырмыз.

Дастарханды, тамақты баспа.

Кісі мініне күлме, кемтарға күлме.

Малды, ыдысты, тамақты теппе.

Суды сапырма, суға дәретке отырма, суға түкірме.

Көкті жұлма, шашыңды жұлма.

Үй айнала жүгірме.

Босағаны керме, құшақтама.

Табалдырықты баспа, отырма.

Үйді сабама, малды басқа сабама.

Бейіт тұсынан шауып өтпе, жүгіріп өтпе.

Бейітке қолыңды шошайтпа, оған қарап түзге отырма.

Итке ожаумен ас құйма.

Түнде үй сыпырма, түнда тырнағыңды алма.

Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме.

Бүйіріңді таянба, жер таянба, иегіңді таянба.

Шашыңды жайма.

Бетіңді баспа.

Тізеңді құшақтама.

Өтірік жылама.

Жұлдызды, адамды санама.

Сыпырғышты тік қойма.

Қолыңды қусырма.

Адамға пышақ, мылтық кезенбе.

Бос бесікті тербетпе.

Құранды, тамақты баспа.

Жақын адамға пышақ сыйлама.

Тұзды, күлді баспа.

Отпен ойнама, оттан аттама, отқа түкірме.

Нанды жерге тастама, үстіне басқа затты қойма.

Бейуақытта жылама, ұйықтама.

Бейуақытта кісіге көңіл айтпа.

Бөркіңді теріс киме.

Үйде ысқырма.

Үйге жүгіріп кірме.

Мойныңа белбеу жіп салма.

Айды қолыңмен көрсетпе.

Құдыққа түкірме, ыдысқа түкірме, жоғары қарай түкірме.

Шелектегі суға аузыңды батырма.

Ақты төкпе.

Адамды айналма.

Адамға қарап түкірме, есінеме.

Жалғыз ағашты кеспе.

Пышақтың жүзін жалама.

Пышақты шалқасынан қойма.

Таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама.

Қызды ұрма.

Кісіге, молаға саусағыңды шошайтпа.

Орынсыз күлме.

Кісі айыбын бетіне баспа.

Көп сөйлеме.

Адамға, малға зәбір жасама.

Балаңа басқа ұрма.

Ата-анаңа қарсы келме.

Түнде суға барма.

Бетіңді сызба.

Нанды бір қолыңмен үзбе.

Асты үрлеме, асты жамандама.

Тамақты сораптап ішпе.

Қолыңды төбеңе, желкеңе қойма.

Өтірік күлме, өтірік сөйлеме, өтірік жылама.

Ішегіңді тартпа, табаныңды тартпа.

Қыз ұлдың, ұл қыздың киімін кимесін.

Дініңді сатпа, ұлтыңды сатпа, арыңды сатпа.

Құдайға, пайғамбарға, әулиеге тіліңді тигізбе.

Қабірді баспа.

Аманатқа қиянат жасама.

Ант ішпе, әбес сөйлеме.

Өтірік куәлік жасама.

Намазды бұзба.

Құстың ұясын бұзба.

Құмырсқаның ұясын баспа.

Ұрлық қылма, зорлық қылма.

Тіліңді шайнама, тіліңді тістеме, шығарма.

Саусағыңды аузыңа салма.

Кісі үйінде түрегеп тұрма.

Түрегеп тұрып немесе жатып тамақ ішпе.

Саусағыңды кеземе.

Аяғыңды тұсама, қолыңды байлама.

Көп ішінде қатты сөйлеме, қатты күлме.

Желге қарсы түкірме, желге қарсы дәрет сындырма.

Үлкеннен бұрын сөйлеме.

Үлкеннен бұрын тамақ жеме.

Үлкеннен бұрын отырма, жатпа.

Үлкеннің бетінен алма.

Шақырмаған жерге барма.

Рұқсатсыз үйге кірме.

Жұрт көзінше кекірме, қасынба.

Жұрт алдында құлағыңды қасыма, мұрныңды шұқыма.

Жерді сабама, жерді тепкілеме.

Баланы шошытпа.

Атқа теріс отырма.

Қайықты тербелтпе.

Әдепсіз сөзді айтпа, өтірік айтпа.

Мақтаншақ болма, тәкәппар болма.

Әйелге күш көрсетпе.

Малды боқтама.

Асты қорлама.

Жәндікті жәбірлеме.

Уһілеме.

Маңдайыңды, басыңды ұрма.

Отты, ошақты аттама.

Дастарханды, ыдысты, тамақты аттама.

Жаман әдетті үйренбе.

Жаманат шақырма.

Жаман ырым жасама.

Етбетіңнен жатпа.

Ерсі қимыл жасама.

Шашыңды, тырнағыңды өсірме.

Кісі төсегіне отырма.

Теріс қарап отырма, жүреңнен отырма.

Сол қолмен тамақ ішпе.

Шалбарды басыңа жастама.

Қолыңды артыңа ұстама.

Түнде мал санама.

Түнде күл шығарма.

Таңертеңгі асты тастама.

Көзіңді жыпылықтатпа.

Қолыңды кеудеңе қойма.

Ерніңді шығарма.

Орындықта аяғыңды айқастырып отырма.

Бала бетіне үрлеме.

Тырнағыңды тістеме.

С.Кенжеахметұлы



Киіз үй атаулары


  1. Абылайша – керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй.

  2. Ақ шаңқан үй – сүттей ақ, аппақ киіз үй.

  3. Ақтағыр – екі қанатты, екі үзікпен жабылатын шағын киіз үй.

  4. Жаппа – керегесіз, киізбен жабылған баспана.

  5. Жолым үй – уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ үй.

  6. Қара құрым үй – киізінің тозығы жеткен, ескі үй.

  7. Қара үй – киіз үйді кейбір жерде қара үй деп атайды.

  8. Қараша үй – қоңыр түсті, жыртық, тесік, ескі үй.

  9. Орда – еңселі, салтанатты киіз үй.

  10. Отау – ұлға енші беріп, бөлек шығарған киіз үй.

  11. Төңқайма – бірнеше уықпен ғана көтерген киіз үй.

  12. Ұраңқай – уық тәрізді сидам ағаштардан басын түйістіріп тігілген киіз үй.


Киіз үй, негізінен, кереге, уық, шаңырақ, есіктен тұрады.

Кереге – киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Кереге қанаттардан тұрады. Қанат сағанақтан тұрады. Керегенің екі түрі болады: желкөз, торкөз. Желкөз қатты желге төзімді, торкөз жаңбырлы күндері су жібермейді. Желкөздің торы үлкен, ағаштары жеңіл, ал торкөздің торы кішкене, ағаштарының сүйектері ауырлау болады. Керегенің сағанақтары қиғаш орналасады. Бір қанатта 20 сағанақ болады. Сағанақтарды бір-біріне қиғаштап қайыспен байлайды. Қайыс түйе, жылқы терісінен жасалады.

Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны уықтың діні дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау деп атайды.

Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Шаңырақтың шеңбері 3-5 метр шамасында болады. Оны көбіне тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиюластырады, қоспаларын жылтырауық металдан құрсаулайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді, оған уық сұғатын төрт қырлы көз теседі. Тоғынның үстінен түндікті көтеріп тұру үшін айқастыра бекітілген ағаштарды қояды, оны күлдіреуіш деп атайды. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түседі.

Есік (сықырлауық) – кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп-шығатын есік сықырлауық деп аталады. Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттен тұрады. Есіктің жарма беті нәзік өрнекпен безендірілген.

Керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жер туырлық деп аталады.

Шаңырақты жауып тұратын киізді түндік дейді.

Киіз есік – есіктің сырты киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады. Есікті киіз жауып тұрады. Шиыршықтап түріп қоюға ыңғайлы.

Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұстарту, сыртқы әбзелдерін бастырып тұру мақсатында бау-құралдары қолданады.

Таңғыш – екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр деп атайды.

Белдеу – туырлықтың керегеге тығыз жатуы және оны жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан.

Шалма – уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр.

Басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін әрі туырлықтың кереге басына үйкелмеуі үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып таңатын өрнекті жалпақ құр.

Туырлық бау – туырлықты ұстап тұратын әрі әсемдік үшін түр салынған жалпақ құр.

Үзік бау – үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден тағылған, уықтың үстінен айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау.

Бақан – бір ұшын (жоғары) екі аша етіп жасаған ұзын сырық. Бақанды майыспайтын, мықты, түзу ағаштан жасайды. Ол киіз үйді тіккен кезде шаңырақты көтеріп тұруға арналған.

Ши – кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылады. Шилер туырлықты кереге көгінің жыртуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі.

Шиді алуан түске боялған қой жүнін шиге орау арқылы жасайды.



Қазақ халқының ұлттық киімдері


Тақия – Шығыс халықтарына тән бас киімнің түрі. Жеңіл, дөңгелектеп тігілетін бас киім. Ұлттық өрнегіне, тігілуіне қарай әртүрлі болады. Тақияны тіккенде бір түсті матадан (сәтен, шұға, барқыт т.б.) таңдаса, төбесі төрт сай немесе дөңгелек, үшкіл төбелі етіп тігіледі. Ерлерге арналған тақиның кестелісі де, кесетесізі де кездеседі. Жиегі қолмен немесе машинамен сырылады. Қыздарға арналған тақиялар әртүрлі жіптермен кестеленіп, моншақ, асыл тастармен безендіріледі.

Сәукеле – қызды ұзатқанда киетін бас киім. Сәукелені қыз ұзатылғанда күйеу еліне киіп бару үшін тіктіреді.Сәукеле арнайы басылған ақ киізден немесе арасына қыл салынып сырған матадан жасалып, сырты қымбат матамен (барқыт, атлас, шұға) қапталып, шетін құндыз, кәмшәт терісімен айналдыра тігіледі.

Сәукеленің төбесіне, өн бойына алтын, күміс, маржаннан әшекей тағылып, алтын жібек жіппен кестеленеді. Сәукеленің төбесіне жібектен желек тағылып, оған үкі қадайды.

Тымақ – аңның немесе малдың терісінен тігілетін қыстық бас киім. Тымақты ішік сияқты тігілген терісіне байланысты: түлкі тымақ, елтірі тымақ деп аталады. Тымақ төрт сайлы, биік төбелі, суықтан қорғайтындай етіп тігіледі. Тымақтың екі құлағы және мойынды жауып тұратын артқы етегі болады.

Кимешек – әйелдердің бас киімі. Кимешек ақ матадан немесе ақ жібектен тігіледі. Ол басты, кеудені, иық пен арқаны жауып тұрады. Кимешектің кеуде жағын, бет жаулықтарын көмкеріп кестелейді.

Бөрік – қазақтың ертеден келе жатқан бас киімі. Бөрік қыстық бөрік (жүн немесе мақта салып тігіледі), жаздық бөрік болып екіге бөлінеді. Бөрікті қыздар да, ер адамдар да киеді. Аңның терісімен немесе қымбат матамен тысталады. Аңның терісіне қарап оларды құндыз бөрік, кәмшәт бөрік, түлкі бөрік деп атайды. Қыздар киетін бөріктің төбесі төрт сайлы болып келеді және үкі тағылады, асыл тастармен көмкеріліп, күміс теңгелерден салпыншақ тағылады. Қазақта әшекейлі, үкілі бөрікті сал-серілер де киген.

Етік – ертеде илеген теріден, бертінде былғарыдан киген. Былғарыдан тігілген етіктің қонышы ұзын болып келеді.

Былғары етік қара, сары, қызыл түсті бояулармен боялады. Қыз-келіншектер қызыл түсті былғарыдан ою-өрнектеп тіктірген етік киген. Оны «сапиян етік» деп атайды. Ал мырза сал-сері жігіттер қара түсті былғарыдан, оюлатып етік киюді әдет еткен, оны «саптама етік» деп атаған.

Мәсі – аяқ киімнің бір түрі. Оның етіктен айырмасы – өкшесі болмайды, сыртынан кебіс киеді. Мәсіні ерлер де, әйелдер де киеді. Мәсіні жұмсақ былғарыдан немесе құрымнан тігеді.

Кебіс – мәсінің сыртынан киюге арналып, былғарыдан тігілген аяқ киім. Оның басын жұмсақ былғарыдан, табанын қатты ұлтаннан биік етіп тігеді. Кебісті оюлап әшекейлеп тігеді.

Саптама етік – қазақтың ұлттық қысқы аяқ киімдерінің бірі. Оны ерлер киеді, кең қонышы тізені жауып тұрады. Саптама етікті қыста киетін болғандықтан, оны сапалы былғарыдан тігеді, ішінен киіз байпақ киеді.

Байпақ – жылы аяқ киім. Киізден жасалады, саптама етіктің ішінен киіледі. Байпақтың қонышы етіктің қонышынан ұзын болады, тізені жауып тұруы керек. Тізе басары былғарыдан, барқытпен, басқа да матамен көмкеріледі.

Шапан – қазақ үшін өте сыйлы киім. Оны қалың матадан қазақтың ою-өрнегін салып, астарлап сырып тігеді. Шапандар әртүрлі тігіледі: сырмалы шапан, қаптал шапан, қыз-келіншектерге арналған қималы шапан. Шапанды ерлер де, әйелдер де, балалар да киеді. Қазақ халқында сыйлы қонаққа шапан жабу дәстүрі әлі жалғасып келеді.

Ішік – аң терісінен немесе мал терісінен матамен қапталып тігілетін қыстық сырт киім. Ішік тон сияқты ұзын тігіліп, сәнді мол жаға салынады.Тігілген терісіне байланысты ішіктің әртүрлі атауы болады: бұлғын ішік, құндыз ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік.

Тон – қойдың терісінен жүн жағы ішіне қаратылып тігіледі, әрі жылы, әрі жұмысқа өте ыңғайлы киімнің түрі. Тон тігіп кию ежелгі қазақ салты болған. Тонға мол жаға салынып, екі өңірі, жеңінің ұшы, етегі түсті матамен немесе елтірімен көмкерілген.

Шекпен – қазақтың ұлттық сырт киімінің бір түрі. Ол қойдың немесе түйенің жүнінен тоқылып, көбінесе, шапанға ұқсас үлгімен тігіледі. Шекпеннің арасына жүн немесе мақта салып тігілген түрі жеңіл пальто немесе қаптал шапан орнына киіледі.

Қамзол – жеңсіз жеңіл киім. Жас ерекшелігіне қарай: бір түсті едәуір қалың матадан, жібектен, мақпалдан, атластан тігіледі. Қыздарға арналған қамзолдың өңіріне кесте тігіліп, ою-өрнек салынады. Қамзолдың етегі кең болып келеді. Қазақ халқына кең тараған ұлттық киім.

Көйлек, жейде – әйелдердің киімі. Қос етек көйлекке екі, үш етекті қоса тігеді. Кең етекті көйлекке ештеңе қоспай тігеді. Тік етек пен кең етек көйлекті әжелер, бүрмелі көйлекті жас қыздар мен жас келіншектер киеді. Етегінің қатпарына сай, жеңіне де қатпар түсіріледі.

Белбеу – киім сыртынан бел бууға арналған, бір ұшы айылбасты былғары (1,5-2 м), қайыс немесе (2-3 м) шүберек. Шүберекте айылбас болмайды. «Бел» және «Бау» сөздерінен қосылып, фонетикалық өзгеріске ұшыраған. Былғары сыртына кейде алтын, күміс әшекей орнатылады.

Биялай – қолға киетін киім. Иленген қой терісінен, былғарыдан тігіледі немесе жүннен тоқылады. Бармақтан басқа төрт саусағы біріктіріліп, кейде қажетіне қарай сұқ саусағын даралап та жасайды. Биялайды кей жерлерде қолғап деп те атайды. Ол бес саусақты болады.



Баланы қырқынан шығару тойы.

Мақсаты: Балаларды құрбыларын сыйлап, үлкенге құрмет, кішіге ізет, көрсетуге үйрету. Ұлттық әдет – ғұрып, салт – дәстүрлерімізді бойына сіңіріп, имандылыққа тәрбиелеу.


Тәрбиеші:Баланың туғанына қырық күн толысымен оны қырқынан шығару ырымы жасалады. Дәстүрлі күні өткен соң халық санасындағы ескі нанымнан туған балаға деген қауіп – қатер сейіледі. Ауылдағы үбірлі – шүбірлі болған ардақты ана шақырылып, баланы қырқынан шығару ырымын жасайды.

Ене: Ал енді үлкен әже, өзіңіз болып дайындалып, баламыздың қырқынан шығару рәсімін жасайық. Бұл кісі елге өнегелі, болып – толған шаңырақтан келіп отыр. Балама осы кісінің батасын, жолын, жасын берсін. Ал әжесі, іске кірісейік.

Әже: Рахмет, үлкенді сыйлап өскен халықпыз ғой, балалар да көрсін,халқымыздың салт – дәстүрі ұмытылмасын.

(Баланың керек – жарағы дайындалып алынған соң баланы шомылдыру рәсімін бастайды)

Бисмиллахи-рахман- рахим!

(Баланы шомылдыру үстінде үлкен кесеге құйылған жылы судан қырық қасық суды баланың үстіне құйып тұрып)

Отыз омыртқаң жылдам бекісін!

Қырық қабырғаң жылдам қатсын!

Үлкен жігіт бол! Деген тілекті айта отырып, баланың қарын шашын, тырнағын алып, шүберекке түйіп, шешесіне береді. Иткөйлегін иттің мойнына орап, балалар итті қуып кетеді.

Әже: Кәне, кім қуып жетті? Мына кәмпитті бөліп жеңдер. Деп балаларға кәмпит таратады.

Әже: Мына қарын шашты тұмарша етіп тігіп, баланың киімінің иығына байлап қойыңыз. Баланы шешесіне беріп, бала шомылдырған тегештің түбіндегі күміс тиындарды, жүзік, сақиналарды, қасық пен тегешті келіншектерге үлестіреді.

Ене: Ақ әже, балам қырқынан шығып, ұйқысы тынышталып, жан сезімі рахаттанды ғой.Лайым солай болсын! Мынау сіздің жолыңыз. Деп әжеге шапан береді.

Айналайын балашым

Аман болсын анашың.

Аман болсын әкең де,

Өзің тәтті балдай бол,

Өніп - өсіп таудау бол.

Деп батасын беріп баланы келіннің қолына ұстатады. Келін баланы тербетіп, әндетіп ұйықтатады.

Ән: «Әй, әй бөпем»

Ене: Ал әже, той бастаңыз.

Әже:

Баста десең тойыңды мен бастайын,

Екі шашбау артыма мен тастайын,

Сұрағаның біздерден өлең болса,

Өлең айту жағынан мен қашпаймын.


Ән: «Қоғалай»

Әже: Менің немерелерім де ән, би дайындап жүр еді, кәне ұялмай көрсетіңдер өнерлеріңді.

Ән: «Қошақаным»

1 – бала.

Әлди, әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем,

Жылама бөпем, жылама

Жілік шағып берейін


2 – бала.

Бақыт құсы қонған.

Құтты тойлар болған.

Атаң атын байлаған.

Осы алтын ордаң


Би: «Айгөлек»


Тәрбиеші: Ұлттық ойынсыз тойдың сәні кіре ме? Ендеше ойын ұйымдастырайық.

Ойын: «Арқан тартыс»

Тәрбиеші: Ал қонақтар айтысты бастайық.

Айтыс екі бала бірігіп айтады.

Кел екеуміз домбырамен

Бесік жырға қосылайық.

Бекер қарап отырғанша

Тойыңызда айтысайық


1 – бала.

Менің атым сұрасаң Қуанышпын

Малға кедей болсам да әнге баймын.

2 – бала.

Айтыспасым дегенмен айтыс жақсы менімен,

Бұл өмірдің қызығы ойнап күлген теңімен.

1 – бала.

Қыздың аты қыз емес, қызыл қыршын

Айтысатын менімен түрің құрсын.

2 – бала.

Өлең айтсам қашанда, бүлкілдейді көмекей,

Өлең айтып шаршадық, қазы – қарта кәнекей!


Би: «Батырлар»


Той рәсімі әр үй иелерін қуанышқа бөлеп, рет – ретімен әндетіп, жырлатып жалғаса береді. Келгендер ақ тілектерін жаудырып көңілді райда қоштасады.




Тұсау кесу тойы


Мақсаты: Балалардың қазақтың ұлттық салт – дәстүрі туралы білімдерін бекіту, ұлттық салт – дәстүрге деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген оқу іс - әрекетінде киімдердің түрлері, суреттер, слайд, темір, күміс, алтын қақпа көрнекілікке алынып, көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап әдіс – тәсілі қолданылады.

Оқу іс - әрекет барысы:

Тәрбиеші: Бүгінгі оқу іс - әрекетінде қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық салт – дәстүрі, бұйымдары, жайлы әңгімелесеміз, қазір мен сұрақ қоямын, ал сендер жауап беріңдер

  • Қазақтың ұлттық ойындарын ата?

  • Ұлттық тағамдарды білесіңдер ме?

  • Ұлттық киімдерді атап беріңдер?


Таңдандыру сәті: Алақай, алақай біздің үйде той болады, тойға келіңіздер, көріңіздер, ұсау кесу тойына шақырамыз.


Тәрбиеші: Онда балалар, тойға дайындықпен бару керек. Ол үшін сендер менің үш тапсырмамды орындаңдар.


1 – тапсырма. Ұлтық бас киімдерді ата?

(Сәукеле, тақия, айыр қалпақ, кимешек, бөрік, тымақ)


2 – тапсырма. Ұлттық аяқ киімдерді ата?

(Саптама етік, мәсі, шоңқайма, байпақ, кебіс)


3 – тапсырма. Ұлтық ойындарды ата?

(Алтыбақан, ақ сүйек, арқан тартыс, тақия тастамақ, хан талапай, көкпар, бәйге)


Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар. Біз енді той болып жатқан әжеміздің үйіне жету үшін, үш түрлі қақпадан өтуіміз керек.


1.Темір қақпаның тапсырмасы. «Қыз қуу» ойынын ойнау.

2.Күміс қақпаның тапсырмасы. «Әдептілік, имандылық, инабаттылық» жайында қазақтың нақыл сөздерін айту.

3.Алтын қақпаның тапсырмасы. Зергерлік бұйымдарды ата?

(Әже қарсы алады)

Әже: Бәрекелді, бағанадан күткен қонақтарымыз келді. Бұл тойға қандай дайындықпен келдіңдер?

Тәрбиеші: Бұл тойға арналған өлеңдеріміз, тақпақтарымыз бар.


Ән: «Қазақы дастарханым»

1 – бала.

Қазақ деген халықпыз,

Өзге ұлттай біздің де

Бар дәстүр мен салтымыз


2 – бала.

Ел дәстүрін білмесең,

Жұрт айтады надан деп.


3 – бала.

Бейбітшілік ізгі күн,

Бақытты болып өсеміз.

Ән саламыз біз бүгін,

Биге бүгін басамыз.


4 – бала.

Ау, халайық, тыңдаңдар,

Босқа қарап тұрмаңдар.

Қуанышқа қосылып

Тұсау кесу тойын тойлаңдар.


Әже: Тойдың бастамасы болсын, немеремнің тұсау кесер рәсімін «Әжелер» әнінен бастайық.

Ән: «Тамаша»


Әже: Келін, әй келін, әкеле ғой немеремді.

Тоқ шекпен кескенім,

Тоқшылық болсын дегенім.

Көк шөппен кескенім,

Көктей көгерсін дегенім.

Ала жіппен кескенім,

Адал болсын дегенім.


(Тұсау кесе отырып)

Қаз – қаз балам,қаз балам,

Тақымыңды жаз балам,

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.


(Ала жіпті қиып, тұсауын кескен соң)

Қаз – қаз балам,қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Қадамыңа қарайын,

Басқаныңды санайын.


Әжеге сыйлық беріледі, балаға шашу шашылады.


Атаның батасы:

Құлындай құлдырап жүгірші,

Кәнекей өзіңді сына да.

Секірсең ешқашан сүрінбе,

Шыңдарға шыққанда бүгілме.

Аумин!


Тәрбиеші: Балалар, біздің де балабақшаға оралатын кез келді. Балабақшаға барғанша әндетіп барайық.

Осындай ойын – сауық бола берсін,

Үй – іші той думанға тола берсін.

Өмірдің гүл жайнаған жанатындай,

Тұсау кесу тойымыз бола берсін.

Қорытынды



Арттағы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа айтарымыз, өз ұлтымызды, дінімізді, тілімізді, барлық салт-дәстүрімізді құрметтеп, қастерлеп, рухани зор байлығымызды бойымызға ана сүтіндей сіңіріп өсейік.

Өйткені ертең елімізді ел ететін, Отанын жаудан қорғайтын ер жүрек батыр – жас ұрпақ сіздерсіздер.

Халқыңның қандай екенін

Салтынан сынап біл” – деген жақсы халық даналығы бар.

Кімде-кім дәстүрсіз өмір сүрем десе, бұл – оның жетесіздігінен туындаған бос қиялы, кеудемсоқ таяздығы ғана. Ғасырлар бойы даму барысында жас алған қоғамның өмір сүру салтына айналған салт-сана, дәстүрден бас тарту атам заманғы жабайылыққа қайта оралғысы келгендіктен басқа ештеңе емес. Сондықтан да қазақ елінің келешегі де, өнеге салт да, ерлігі де, елдігі де жас ұрпақтың ұлттық санасы мен әрекетіне байланысты.

Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ол өзінің өрісі биік сын сапасы өскелең мәдениетке бір күнде жеткен жоқ. Осы мол зор қазынаның түп-төркіні сонау 6-8 ғасырдағы Орхан Енисей ежелгі түрік жазбаларынан басталады. Қазіргі Қазақстан территориясында жүргізілген археологиялық қазбалар біздің ертедегі ата-бабаларымыздың тек мал баққан, жерін шет жаудан қоғаған батыр жауынгер ғана емес, ақын, жыршы, шешен, сонымен қоса сәулетші, мүсінші, ұста, зергерде болған екенін дәлелдеді.

Дәстүр ақпараттық қызмет атқарады. Ақпарлар дәстүр арқылы екшеліп, қорытылып, қоғам жадында сақталады, соның арқасында ғасырдан ғасырға жетеді. Соған байланысты адамдардың дүниеге келген жаңа ұрпақтары өзара қарым-қатынас нормаларын қайтадан жасап қалыптастырып әуреленбейді, яғни бұрыннан қалған жол-жосынды басшылыққа алады.

Дәстүрде жиналған ақпарлар арқылы ата-бабадан қалған материалдық және мәдениетке ие мұрагер болады. Мысалы халқымыздың “Ата салған жол бар, ене пішкен тон бар”, “Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер” деуінің мәні бұрынғыдан қалған жөн-жосық, әдеп-салттың басшылыққа алынуға міндеттілігін білдіреді.

Түбірлі мәселені шешерде, түп атадан келе жатқан жолды ұстар” дейтін мақалдардың бір әулеттен келесі әулетке ұмытылмай жетіп келе жатуының өзі- дәстүр. Халық осындай дәстүр жалғастығын зор мұрат санайды. “Атадан ұл туса – игі, ата жолын қуса игі” деген ұлы арман соған меңзейді.

Дәстүр,салт қашан да адам қиялынан туындап,заман ағымына қарй байып,мазмұны тереңдеп отырады.Сондықтан бұған осы тұрғыдан қараған дұрыс.Әркім керектісін,көңіліне ұнағанын,көкейіне қонғанын қабылдап,іс жүзінде қолданса,оны ұлтымыздың озық салт-дәстүрлерімен байланыстырып,байытып мазмұндандыра түссе, нұр үстіне - нұр.




Пайдаланған әдебиеттер:



  1. Алтынсарин Ы. «Бастауыш мектеп журналы». А; 2000 жыл.

  2. Асылов Ұ, Нұсқабай Ж. «Әдептану». А; 2002 жыл.

  3. Әлімқұлов Б, Әбдіраманов Е. «Күйеу келтір, қыз ұзат – тойыңды қыл». А; 1994 жыл.

  4. Жарықбаев Қ, Қалиев С. «Қазақтың тәлім-тәрбиесі». А; 1994 жыл.

  5. Ерсарыұлы Наурызбай. «Еңбекке баулу хрестоматиясы».А;2000 жыл.

  6. Қалиев С, Оразбаев М, Смаилова М. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері». А;1994 жыл.

  7. Омаров Б. «Наурыз». А; 1998 жыл.

  8. Асанова У. «Қазақ халқының айтыс өнері арқылы арқылы оқушыларға адамгершілік эстетикалық тәрбие беру» (диссертация, автореферат). Алматы, 1994 жыл.

  9. Шашақова А. «Халық тәлім-тәрбие бастауы». Алматы, Рауан, 1994ж.

  10. Табылдиев Ә. «Халық тағылымы. Қазақтың халық педагогикасы және тәрбиесі». Алматы, Қазақ университеті, 1992 жыл.

  11. Қалиев С., Жарықбаев Қ. «Қазақ тәлім-тәрбиесі». Алматы, 1995 жыл.

  12. Е.Сағындықұлы, «Педагогика» Алматы 1999 жыл.

  13. Оразова А. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері, Пәниден бақиға дейін». 1995 жыл.

  14. Елік баев Н. «Ұлттық психология». Алматы, 1991 жыл.

  15. Әлімбаев А. «"Халық-ғажап тәлімгер». Алматы,1995 жыл.

  16. Педагогика” Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаев, университеттер оқушытеріне арналған оқу құралы, Астана-1998 жыл.

  17. Педагогика” Ш.Х.Құрманалина, Б.Ж.Мұқанова, Ә.У.Ғалымова, Р.К.Ильясова, оқулық, “Фолиант” баспасы, Астана-2007 жыл.

  18. .Ы.Алтынсарин. «Таңдамалы шығармалары».Алматы 1955 жыл.

  19. Жарықбаев Қ. Қалиев С. Қазақ тәлім тәрбиесі Алматы 1994 жыл.

  20. Жарықбаев Қ. Қалиев С. Қазақ тәлім тәрбиесі Алматы 1994 жыл.

  21. В.А.Сухомлинский «Балаға жүрек жылуы»,Алматы 1976 жыл.

  22. И.Ф.Харламов «Педагогика».М.Алматы 1990 жыл.

  23. Қ.Б.Жарықбаев,С.Қ.Қалиев,»Қазақстан тәлімдік ой-пікіріе антологиясы»,Алматы 1995 жыл.

  24. С.Қалиев «Қазақтың тәлім тәрбиесі»,Алматы 1995 жыл.

  25. М.Жұмабаев «Педагогика» Алматы 1992 жыл.

  26. Б.С.Ақназаров «Сынып жетекшісі»,Алматы 1980 жыл.

  27. Ж.Б.Қоянбаев,Р.М.Қоянбаев, «Педагогика»,Алматы 1999 жыл.

  28. Ысқақов М., Болтаев А.» Қазақтың халық педагогикасы мен ұлттық тәрбие түрлері». Ақиқат.1994 жыл.





58


Бала тәрбиесі – бесіктен Әдістемелік құрал
  • Другое
Описание:

Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағлымдарын оқып үйреніп,өнеге тұтпай тұрып,балаларды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес.Қазіргі заман талабына тура келмейтін, мән-мағынасы өзгерген,ескірген салт-дәстүрлердің кейбіреулеріне сын көзімен қарай отырып,тәлімдік мәнін жоймаған әдет-ғұрыптарды бүгінгі пікірі мен талғамы жоғары жастардың кәдесіне жаратуды да ескерген жөн. Сондықтан да жеткіншек ұрпақтың дәстүрге құрметпен, әрі ықтияттылықпен қарауы, яғни оны түсінуі, дәстүрді бұзып алып, адамдардың көңіліне қаяу салудан қатты сақтануы айрықша мәнді қастерлі қасиет саналады. Осы мәселелерді қарастыра отырып, балаларда  адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруда салт-дәстүрлер үлкен рөл атқарады демекпін.

Автор Акедилова Маржан Куанышевна
Дата добавления 30.12.2014
Раздел Другое
Подраздел
Просмотров 3069
Номер материала 18050
Скачать свидетельство о публикации

Оставьте свой комментарий:

Введите символы, которые изображены на картинке:

Получить новый код
* Обязательные для заполнения.


Комментарии:

↓ Показать еще коментарии ↓




Похожие материалы